Саясат • 06 Мамыр, 2019

Шотландия тәуелсіздікке қайта ұмтылмақ

1094 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуға талпынысы Шотландияның дегбірін қашырды. 300 жылдан бері ағылшындардың шалғайынан ұстап келген ел 2014 жылдың қыркүйек айында алғаш рет биліктегі ұлтшылдардың бастамасымен тәуелсіздік алуға байланысты референдум өткізген болатын. Сол кезде халықтың 55 пайызы Біріккен Королдіктің құрамында қалуға ықылас білдірген еді.

Шотландия тәуелсіздікке қайта ұмтылмақ

Ал жуырда Шотландия үкіметінің 2021 жылға дейін жаңа референдум өткізу туралы ұйғарымына не түрткі болды? Британдық The Times басылымында Шотландияның Премьер- министрі Никола Стёрдженнің референдумға байланысты жаңа заңның 2019 жылдың соңына дейін қабылданатындығы туралы пікірі жарияланды. Егер Ұлыбритания Еуродақ құрамынан шығар болса, шотландықтар парламенттің келесі сайлауына дейін Брексит пен тәуелсіздікке байланысты таңдауларын жасап үлгерулері тиіс. Бұл – «Шотландияның тәуелсіз мемлекет ретіндегі экономикалық әлеуетіне бағытталған кампания» құруға ниетті ұлтшылдардың үміті. 

Бір қарағанда бұл әлі де болса Еуроодақтан түбегейлі шықпаған Ұлыбританияға қыр көрсетудің де амалы болса керек. Биыл 29 наурыз күні одақтан шығуды көксеген британдықтар қазір белгілі себептерге байланысты бұл мерзімді қазан айының соңына дейін созуға мәжбүр болды. Еуроодақтың барлық ырзығын көріп отырған Шотландия Брексит шешімінде өз елінің мүдделері есепке алынбай, пікірлерінің ескерусіз қалғандығына налиды. Сондай-ақ Британия парламенті басшылыққа алатын вестминстерлік жүйенің бұзылғандығына және Шотландияға шарапаты тимей отырғандығына қынжылады.  

Сондықтан да Никола Стёрджен басшылық ететін ұлтшылдар партиясы тәуелсіз, эконо­ми­ка­лық қуатты мемлекет құрудың үгіт-наси­хатында аянып қалмайтын сықылды. 

Оның үстіне қазір тәуелсіздікті аңсаған, қолай көрген шотландықтардың үлесі артып келеді. Panelbase ұйымы жүргізген әлеуметтік зерттеулер бұл көрсеткіштің әзірге 47-53 па­йыз аралығында құбылып тұрғандығын көрсеткен. 
Ал YouGov қызметі Шотландияның тәуел­сіздігін қолдайтындардың үлесі 49 пайызға жеткендігін хабарлады. 

Қалай десек те, Шотландия Еуроодақтың құ­ра­мында қалғанды қалайды. 2014 жылғы рефе­рендумда олар Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған күнде осы одақтан лезде шығып қалу қаупі төнгендіктен, тәуелсіздіктерін тәрк еткен болатын. Енді бұл одақтан Ұлыбритания шы­ғар тұста, шотландықтар Еуропадағы әріп­тес­терінің жанында қалуға тырысып жатыр. 

Үкімет басшысы Ұлыбритания құрамынан шығу үдерісінің мейлінше «жұмсақ» өтуін, оның ішінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шығыстарды қатаң бақылауға алып, дербес валютаға көшуді кідірте тұруды көксейді. Бірақ Шотландия үкіметі референдум шақыруға құзырлы болмағандықтан, бұл іске саяси партиялар бел шеше кіріскелі отыр. 

Сөйтіп Ұлыбританияның Еуроодақтан енші алу пиғылынан туындаған Шотландияның тәуел­сіздікке ұмтылысы – қазір әлемдік қо­ғамдас­тықтың жіті назарында.
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024