Ал жуырда Шотландия үкіметінің 2021 жылға дейін жаңа референдум өткізу туралы ұйғарымына не түрткі болды? Британдық The Times басылымында Шотландияның Премьер- министрі Никола Стёрдженнің референдумға байланысты жаңа заңның 2019 жылдың соңына дейін қабылданатындығы туралы пікірі жарияланды. Егер Ұлыбритания Еуродақ құрамынан шығар болса, шотландықтар парламенттің келесі сайлауына дейін Брексит пен тәуелсіздікке байланысты таңдауларын жасап үлгерулері тиіс. Бұл – «Шотландияның тәуелсіз мемлекет ретіндегі экономикалық әлеуетіне бағытталған кампания» құруға ниетті ұлтшылдардың үміті.
Бір қарағанда бұл әлі де болса Еуроодақтан түбегейлі шықпаған Ұлыбританияға қыр көрсетудің де амалы болса керек. Биыл 29 наурыз күні одақтан шығуды көксеген британдықтар қазір белгілі себептерге байланысты бұл мерзімді қазан айының соңына дейін созуға мәжбүр болды. Еуроодақтың барлық ырзығын көріп отырған Шотландия Брексит шешімінде өз елінің мүдделері есепке алынбай, пікірлерінің ескерусіз қалғандығына налиды. Сондай-ақ Британия парламенті басшылыққа алатын вестминстерлік жүйенің бұзылғандығына және Шотландияға шарапаты тимей отырғандығына қынжылады.
Сондықтан да Никола Стёрджен басшылық ететін ұлтшылдар партиясы тәуелсіз, экономикалық қуатты мемлекет құрудың үгіт-насихатында аянып қалмайтын сықылды.
Қалай десек те, Шотландия Еуроодақтың құрамында қалғанды қалайды. 2014 жылғы референдумда олар Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған күнде осы одақтан лезде шығып қалу қаупі төнгендіктен, тәуелсіздіктерін тәрк еткен болатын. Енді бұл одақтан Ұлыбритания шығар тұста, шотландықтар Еуропадағы әріптестерінің жанында қалуға тырысып жатыр.
Үкімет басшысы Ұлыбритания құрамынан шығу үдерісінің мейлінше «жұмсақ» өтуін, оның ішінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шығыстарды қатаң бақылауға алып, дербес валютаға көшуді кідірте тұруды көксейді. Бірақ Шотландия үкіметі референдум шақыруға құзырлы болмағандықтан, бұл іске саяси партиялар бел шеше кіріскелі отыр.