Президент • 07 Мамыр, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаев әскери атақтар мен мемлекеттік наградалар тапсырды

1855 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рәсімге қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Ұлы жеңіс мейрамымен құттықтап, әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев әскери атақтар мен мемлекеттік наградалар тапсырды
– Батыр бабаларымыз аманат етіп қалдырған кең-байтақ жерімізді қорғау – бәрімізге ортақ парыз. Сіздер сияқты ер­жүрек ерлеріміз Отанымыздың ты­ныш­­тығын күзетіп тұрғанда еліміздің бо­лашағы әрқашан жарқын боларына мен кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саяси жүйесінің берік негізі ретінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне Тұңғыш Президент – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрқашан айрықша мән бергенін атап өтті. 

– Егемендікті, Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы мен ұлттық мүд­дені қорғау – біздің армиямыздың және Күштік құрылымдардың басты бағ­дары. Бұл стратегиялық маңызды міндеттерді шешу үшін командирлер корпу­сына – генералдар мен офицерлерге зор жауапкершілік жүктеледі. Әскер мен құқық қорғау органдарындағы ахуал мен әскери дағдының сапасы сіздердің сауатты басшылықтарыңызға байланысты. Сіздердің барлық күш-жігерлеріңіз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілетін, құқықтық тәртіп пен конституциялық құрылысты қорғау жөніндегі құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтің тиімді жұмысын арттыруға бағытталуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев генералдар мен офицерлерге арнаған сөзінде бұл жоғары шендер мен арнаулы атақтар олардың еңбектерінің лайықты жемісі екенін атап өтті.
– Бұл сіздердің тек кәсіби және жеке сіңірген еңбектеріңіздің еленуі ғана емес, сондай-ақ одан да ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін жауапкершіліктің жаңа деңгейін білдіреді. Қуатты әрі өркендеген Қазақстанды құру жолында барлық күш-жігерлеріңізді жұмсайтындарыңызға сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Рәсім барысында 2-сыныпты мем­лекеттік әділет кеңесшісі шені – Ғ.Нұр­дәу­летовке, М. Ахметжановқа; полиция ге­нерал-лейтенанты арнаулы атағы – А.Шпек­баевқа, Е.Тұрғымбаевқа; генерал-лейтенант әскери атағы – М.Алтын­баевқа; Мемлекеттік күзет гене­рал-майоры арнаулы атағы – Ә.Жүсіп­овке; ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы – Д.Ерғожинге, Т.Әлім­жа­новқа, М.Ирменовке, А.Төлеуовке, Б.Уәли­ниязовқа; сыртқы барлау генерал-майоры арнаулы атағы – Б.Найзабековке; 3-санатты жоғары біліктілік сыныбы Қ.Сөн­таевқа; генерал-лейтенант әскери ата­ғы – Ә.Халықовқа, генерал-майор әс­­кери атағы – М.Аймашевке, А.Аши­ров­ке, Ф.Бә­де­новке, А.Жұмағалиевке, Т.Қа­йыр­бековке, Т.Мұратбаевқа, А.Мұстабековке; контр-адмирал әскери атағы – С.Бекжановқа; 3-сыныпты мем­ле­кеттік әділет кеңесшісі шені – Қ.Жа­­қып­баевқа, Б.Жүйріктаевқа, М.Сек­сем­баевқа; полиция генерал-ма­йоры арнаулы атағы Қ.Дәлбековке, А.Дүйсембаевқа  берілді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және құқық қорғау сала­сының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды.

Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар тапсыру барысында  салтанатты шараның Отан қорғаушы және Жеңіс күні мерекелері қарсаңында өтуінің де мәні зор екенін айтты. Қазақстан Пре­зи­денті қауіпсіздік пен қорғаныс саласының аса маңызды екеніне тоқталды.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде жоғары санатты, білікті сардарлар мүлде аз болды. Тұңғыш Президентіміз әр сарбазды жігерлендіре отырып, айбынды әскер құрды. Бүгінде біздің Күштік құрылымдарымыз заманауи техника мен технологияны меңгерген. Олар кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды әрі мобильді күшке айналды. Жақында ғана өткен «Айбалта-2019» оқу-жаттығуы – соның айқын дәлелі, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев адам өмірін өрттен, судан арашалап қалған бейбіт күннің батырларының ерліктері туралы да айтты.

– Сіздердің бейбіт күндегі ерліктеріңіз бен игі істеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Сондықтан бүгін біз мінсіз әс­кери қызметімен, ерен ерлігімен дара­лан­ған азаматтарды марапаттау үшін жиналып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты шарада І дәрежелі «Даңқ» орденімен Қарулы Күштер Бас штабы бастығының орынбасары Әділбек Қалибекұлы Ал­дабергенов, Бас Про­курордың орынбасары Ерлік Әбдіра­қымұлы Кенен­баев, Қару­лы Күштердің Құрлық әскерлері бас қолбас­шы­сының орынбасары Василий Несіпқазыұлы Рысбаев марапатталды.  
ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені Ішкі істер министрлігі Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы Бекет Иман­ұлына Аймағамбетов, Алматы облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік коми­теті департаментінің бастығы Сәбит Тұң­ғышбайұлы Құрманәлиевке тапсырылды.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Мем­лекеттік күзет қызметі Президент күзе­ті қызметінің бас инспекторы Виктор Юрьевич Балясников, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Ақмола облысы бойынша департамент басшысы Қуаныш Базарұлы Бекбасов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының бірінші орынбасары Ринат Төлеуханұлы Қоқымбаев, Қорғаныс министрлігі 48386 әскери бөлімінің командирі Талғат Ақтанұлы Құсайынов, Ішкі істер министрлігі Кри­ми­налдық полиция департаменті басты­ғының орынбасары Ерлан Болатұлы Омарбеков, Қорғаныс министрлігі 28738 әскери бөлімінің командирі Жанат Есімұлы Расқұлов, Атырау қаласының Жол-патрульдік полиция батальонының инс­пекторы Рүстембек Бисем­байұлы Сун­дутов, Қазақстан Республикасы Қа­ру­­лы Күштері Әскери-әуе күштері қол­бас­­­шы­сының орынбасары Нұрболат Ер­кебай­ұлы Топаев, Қорғаныс министр­лігі 03858 әскери бөлімінің командирі Мейрам Ордалыұлы Хамзин марапатталды.   
ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені Мем­ле­кеттік күзет қызметінің  Объектілерді қорғау қызметі «Айбын» Президенттік полкінің аға маман – атқышы  Амангелді Мырзабайұлы Құсайыновқа тапсырылды.

«Құрмет» орденімен Бас проку­ра­тураның Қызмет бастығының орынбасары Радимхан Дубаева марапатталды.          

«Ерлігі үшін» медалі Ішкі істер ми­нистрлігі Ұлттық ұланның «Ор­та­лық» өңірлік қолбасшылығы 6697 әске­ри бөлімінің сарбазы Медет Серік­әліұлы Балабиевке, Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №1 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Аянбек Бауыржанұлы Кенжешовке, Қорғаныс министрлігі 35411 әскери бөлімі артиллериялық дивизионының маманы Қуандық Қанатұлы Қанатовқа, Ішкі істер министрлігі Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстар қызметі №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Александр Геннадиевич Минаевқа, Ішкі істер министрлігі Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті Тайынша ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Ерлан Маулиұлы Ыбыраевқа тапсырылды.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен  Орталық командалық пункті бастығының орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабы Орталық командалық пунк­тінің жедел кезекшісі Вла­димир Михайлович Абрамов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқарма бастығы Жаслан Талғатбекұлы Жанайдаров, Қорғаныс министрлігі 35950 әскери бөлімі штабының аға офицері Асхат Жаңбыршыұлы Ма­дияров, Қорғаныс министрлігі 55652 әске­ри бөлімі авиа­циялық эскадрильясы авиа­циялық буы­нының аға ұшқышы Көбеген Ерсінтайұлы Мырзатаев, Қорғаныс министрлігі 35748 әскери бөлімі танк батальонының командирі Асылбек Натыұлы Онтақов марапатталды.

Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев марапатталушыларға мінсіз қызметі үшін алғысын білдіріп, оларға зор денсаулық, отбасыларына береке, жаңа табыстар тіледі.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024