Қазақстан • 31 Мамыр, 2019

Тарихи сананың жаңғыруы

1024 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық мұражайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының ұйымдастыруымен Саяси құғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық X форумы басталды.

Тарихи сананың жаңғыруы

Саяси қуғындаулардың қасіреті мен зардабын, оның обалын сезіне білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен  31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленген еді. Сол уақыттан бері тарихтың ақтаңдақ беттері мен қырлары ашыла түсіп, ұзаққа жабылған құпия қорлар қотарылып, бір-бірінен еріксіз ажыратылған адамдар қайта қауыша бастады. Қолдан ұйым­дастырылған аштық пен қуғын-сүргін кесірінен миллиондаған адам қаза тапты.

Халықаралық форум аясында «Кемел болашақ үшін өткенді тарихи-мәдени тұрғыда ұғыну» тақырыбында ғылыми конференция ұйымдастырылды.

Жиынды ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев халқымыздың ерлік пен елдікке толы жылнамасында қайғылы да қасіретті кездердің аз болмағаны ащы шындық екенін атап өтті.

– Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз шейіт болған азаматтардың есімдерін еске алып, олардың рухына тағзым етуді ешқашан есінен шығарған емес. Бұл – тарихтан тағылым алып, биік мақсат – «Мәңгілік елге» бет алған ұлы халықтың ұлағатты ісі, – деді Ж.Түймебаев. 

Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев тұщымды ойларын ортаға салды.

– Елбасы: «Тарих өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек», деген болатын. Сон­дықтан өткенді ұмытпау, Алаш арыстарының атын ұлықтау, ашар­шылық құрбандарын еске алу біздің және келешек ұрпақтың қасиет­ті борышы. Сол жылдар  қазақтың ғана емес, өзге де көптеген ұлттардың ұлттық қасіретіне айналды.  Күрделі кезеңдерде қазақ топырағына тұтас халықтар жер аударылды. Өздерінің ауыр жағдайы­на  қарамастан қазақ халқы көп­теген ұлыс өкілдерін бауырына бас­ты. Күш­пен жер аударылған бірқатар эт­ностың өкілдері бүгінгі таңда біздің бауыр­ларымызға, отандастарымызға айналды.Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы­на, елдігіміздің бекем болуына сол отандастарымыз да атсалысып отыр, – деді Д.Абаев.

Министр атап өткендей, Әлихан Бөкейхановтан бастап Халел, Әлімхан, Мұхамеджан, Міржақып, Сәкен, Бейімбет, Мағжан сияқты тағы да басқа арыстарымыздың артында өлмейтін сөзі, өшпейтін өнегесі қалды. Қазір де қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу мақсатында музейлер ашылып, ескерткіштер орнатылып, Алаш қайраткерлері туралы фильмдер түсіріліп, олардың еңбектері зерттеліп жатыр.

– Бұл  іргелі істердің бәрі Елбасының тікелей бақылауында, – деп сөзін түйіндеді министр Д.Абаев.

Форум аясында музейде өткен ғасырдың 40-жылдарында қазақ даласына жер аударылған ұлттардың өмірін суреттейтін көрме де ашылған. Сондай-ақ «Депортациялар тарихынан. Қазақстан. 1939-1945 жж.» атты деректер жинағы мен «Лев Премиров: исповедь художника Карлага» кітабының тұсауы кесілді.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024