Саяси қуғындаулардың қасіреті мен зардабын, оның обалын сезіне білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленген еді. Сол уақыттан бері тарихтың ақтаңдақ беттері мен қырлары ашыла түсіп, ұзаққа жабылған құпия қорлар қотарылып, бір-бірінен еріксіз ажыратылған адамдар қайта қауыша бастады. Қолдан ұйымдастырылған аштық пен қуғын-сүргін кесірінен миллиондаған адам қаза тапты.
Халықаралық форум аясында «Кемел болашақ үшін өткенді тарихи-мәдени тұрғыда ұғыну» тақырыбында ғылыми конференция ұйымдастырылды.
Жиынды ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев халқымыздың ерлік пен елдікке толы жылнамасында қайғылы да қасіретті кездердің аз болмағаны ащы шындық екенін атап өтті.
– Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз шейіт болған азаматтардың есімдерін еске алып, олардың рухына тағзым етуді ешқашан есінен шығарған емес. Бұл – тарихтан тағылым алып, биік мақсат – «Мәңгілік елге» бет алған ұлы халықтың ұлағатты ісі, – деді Ж.Түймебаев.
Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев тұщымды ойларын ортаға салды.
– Елбасы: «Тарих өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек», деген болатын. Сондықтан өткенді ұмытпау, Алаш арыстарының атын ұлықтау, ашаршылық құрбандарын еске алу біздің және келешек ұрпақтың қасиетті борышы. Сол жылдар қазақтың ғана емес, өзге де көптеген ұлттардың ұлттық қасіретіне айналды. Күрделі кезеңдерде қазақ топырағына тұтас халықтар жер аударылды. Өздерінің ауыр жағдайына қарамастан қазақ халқы көптеген ұлыс өкілдерін бауырына басты. Күшпен жер аударылған бірқатар этностың өкілдері бүгінгі таңда біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды.Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына, елдігіміздің бекем болуына сол отандастарымыз да атсалысып отыр, – деді Д.Абаев.
Министр атап өткендей, Әлихан Бөкейхановтан бастап Халел, Әлімхан, Мұхамеджан, Міржақып, Сәкен, Бейімбет, Мағжан сияқты тағы да басқа арыстарымыздың артында өлмейтін сөзі, өшпейтін өнегесі қалды. Қазір де қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу мақсатында музейлер ашылып, ескерткіштер орнатылып, Алаш қайраткерлері туралы фильмдер түсіріліп, олардың еңбектері зерттеліп жатыр.
– Бұл іргелі істердің бәрі Елбасының тікелей бақылауында, – деп сөзін түйіндеді министр Д.Абаев.
Форум аясында музейде өткен ғасырдың 40-жылдарында қазақ даласына жер аударылған ұлттардың өмірін суреттейтін көрме де ашылған. Сондай-ақ «Депортациялар тарихынан. Қазақстан. 1939-1945 жж.» атты деректер жинағы мен «Лев Премиров: исповедь художника Карлага» кітабының тұсауы кесілді.