Медицина • 07 Маусым, 2019

Дәріні рецептпен беруге жаңаша көзқарас қажет

1139 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде тұрғындар құрамында есірткі мен психотроптық заттар бар дәрілер мен гормонды препараттардан өзге дәрі-дәрмекті кез келген дәріханадан емін-еркін сатып ала береді. Қоғамда дәрі­гердің көмегі мен кеңесіне жүгінбей, қабылдауына бармай өзін өзі емдейтіндер қатары да көп. Өйт­кені қала мен ауылдардағы фармацевтикалық нүктелерде дәрі­лерді рецептісіз алуға кең мүмкіндік беріліп, тыйым салын­бай отыр. Оның соңы ауыр зардаптарға соқтырмасына кім кепіл?

Дәріні рецептпен беруге жаңаша көзқарас қажет

Рас, дәріханаларда дәрі дәрігердің рецептісі бойынша беріледі деген ескертпе жазулар бар. Алайда оны тұтыну­шылар да, фармацевт мамандар да, көбіне ескере бермейді. Яғни екі тарапқа да мұндай ескертпелердің бары мен жоғы бірдей десе де болады. Елімізде дәрі-дәрмектің саналуан түрін осылайша рецептісіз жөнелту үрдісі жалғаса бере ме?

Денсаулық сақтау министр­лігі­нің «Дәрі мен дәрілік заттарға ре­цептілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидаларын бекіту тура­лы» шешіміне өзгерістер ен­гі­зілуіне сәйкес алдағы уа­қыт­та дәрігердің пациенттерге жазып берген рецептісін дәрі­хана­ларда үш жылға дейін сақтау тәр­тібі енгізілді. Соның ішінде ағ­за­ның бір бөлшегін сауық­ты­руға пайдасы тигенімен, өзге мүше­лерге кері әсері көп дәрі-дәр­мек­терді рецептісіз сату­ға қа­таң бақылау қойылмақ. Фар­ма­ция комитетінің Ақтөбе облы­сы бойынша департа­менті­нің бас­шысы Ренат Құба­таевтың айтуын­ша, елімізде 7792 дәрілік зат тіркелген. Оның ішінде 6033 пре­парат дәрігердің рецептісі бойынш­а беріледі. Ал 1759 түрі рецеп­тісіз сатылады. Ақтөбе өңірін­де дәрілік заттар мен меди­ци­налық бұйымдардың бөл­шек саудадағы бағасымен 386 дәрі­хана айналысады.

Фармацевтика саласын ба­қы­­лау­шылардың айтуынша, алда­ғы кезде дәрі-дәрмектерді дәріха­наларда рецептісіз сатқан тұлғалар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 426-бабы бойынша жауапқа тартылмақ. Соған сәйкес салынатын айыппұл мөлшері жеке тұлғалар мен лауазым иелерінің шағын және орта, сонымен бірге ірі кәсіпкерлік субъектілерінің ерекшелігі мен бағытына қарай 70 пен 1000 айлық есептік көрсеткіш аралығында болмақ. Сондай-ақ рецепт арнайы белгісі бар параққа жазылмаса немесе препараттың атауы нақты көрсетілмесе де ти­істі айыппұлдар салынады. Егер мұндай үстірттіктер мен кінә­рат­тар тағы қайталанса, оған жол берген маман иелері сертификаттарынан айырылмақ. Қысқасы, дәріханаларда микробтар мен бактерияларға қарсы препараттар, жүрек-қан тамырлары мен асқазан-ішек жолдарын емдеуге арналған препараттар рецепті бойынша сатылуға тиіс. Тіпті алдағы уақытта аспирин мен аналгинді де рецептісіз алуға болмайды, дейді фармацевт маман Бибінұр Хасанова.

Еліміздегі дәрі-дәрмек сату жүйесін реттеу мәселесі қозғалған кезде аттап өтуге болмайтын тағы бір көкейкесті мәселе бар. Бұл – шетелден тасымалданатын дәрі-дәрмектің сапасы мен денсаулыққа пайдасы. Өйткені рес­публикада дәрі-дәрмек шы­ға­­ру индустриясы жолға қо­йыл­­ды дей алмаймыз. Аталған мәселеде әлі де шетелдік дәрі-дәрмек өнімдеріне тәуелдіміз. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Райса Көзденбаева елімізге шетелден келетін дәрі-дәрмек түрлерінің бәрі қатаң тексерістен өтетінін айтады. Денсаулық сақтау сала­сы­ның майталманы дәрілік, соның ішінде бактерияларға қарсы препараттар мен дәрі-дәрмектерді қадағалаусыз қол­да­нудың соңы ауыр зардапқа соқтыратынын, бүйрек пен бауырды, жүрек пен жүйке жүйелерін зақымдау мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Мұн­дай жағдайда ағзаның жұқ­па­лы ауруларды жұқтырмау қабі­леті төмендейді. Әрі ауыр сеп­ти­калық аурулар бой көтере бас­тайтын көрінеді. Ал оны қайта­дан қалпына келтіруге де көп күш-қайрат қажет. Өйткені емдеу ісінде қандай антибиотик қажеттігіне тоқтам жасау да оңай емес.

Бұл – оңды ескерту. Өйткені кез келген химиялық препараттың пайдасы мен зияны қатар жүре­ті­ні белгілі. Антибиотикті жөн-жосық­­сыз пайдаланудың соңы вирустардың төзімділігін көте­реді. Қазір бұл әлемдік проблемаға айналған. Айталық, әлемдік медицина үрдісінде тұмауды тұншықтырудың басты жолы – антибиотиктер деп саналады. Алайда оны қолданар кезде тиісті тексеруден өтіп, дәрігерден кеңес алынбаса дерттің бактериялық инфекция екенін анықтау қиынға түседі. Әрі мұндай жағдайда қолданылған емнің зияны тимесе, пайдасы болмайды деп тұжырымдайды ғалымдар.

Елімізде қазіргі күні дәріні тек рецепті бойынша босатудың нақты жүйесі орныға қоймағаны белгілі. Бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті қажетті ұйымдастыру жұмыстарын қолға алғаны жөн секілді. Басты бағыт жаңа тәртіптің олқы тұстарын түгендеу мен реттеуге аударылса нәтижесі де болады. Біз жоғарыда дәрігердің пациентке жазып берген рецептісі дәріханаларда алдағы кезде үш жылға дейін сақталатынын жазғанбыз. Айталық мұнда бір рецептіде екі-үш препарат алу көрсетілген жағдайлар болуы да әбден мүмкін. Оның бәрі бір жерден табылмаса ше? Клиенттер басқа дәріханаға жүгіре ме? Не істеуі керек? Пациент өзі үшін рецептінің көшірмесін әкеле ме, әлде тағы бір қағаз алу үшін қайтадан дәрігерге жолыға ма? Бұл талас туғызатын жайт. Мұны Фармация комитетінің мамандары да мойындайды.

Журналистік зерттеулер елі­міз­де дәріні тек рецепт бойынша берудің жаңа жүйесімен дәріхана ие­лері мен қызметкерлері әлі толық таныс емес екенін көр­се­теді. Бірқатарының мұндай өзгерістен БАҚ арқылы берілген жаңа­лықтар мен интернет желісі арқылы ғана хабардар болғаны байқалады. Сондықтан да өңір аумағында кейбір дәріхана өкілдері дәрі-дәрмектерді клиенттерге оңды-солды сатуды бәз-баяғыша жалғастырып келеді.

Бұл ойланарлық мәселе...

АҚТӨБЕ