Руханият • 20 Маусым, 2019

Абыройы асқақ азамат

421 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың ұйымдас­тыруымен белгілі жазушы-журналист, қоғам қайраткері, облыстың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменовтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Журналист. Қайраткер. Қаламгер» атты дөңгелек үстел өтті.

Абыройы асқақ азамат

Саналы ғұмырының жарты ғасырға жуығын журналистика саласына арнап келе жат­қан Ж.Сүлейменовті рес­пуб­лика жұртшылығы мағжантанушы ретінде де жақсы біледі. Қазақстан Жа­зушылар одағының об­лыстық филиалының төр­ағасы, «Мағжан» әде­би-көркем көпшілік жур­налының бас редакторы, «Қы­зылжар-Ақпарат» ЖШС-ның директоры ре­тінде Алты алаштың ақиық ақынының өмірі мен шығармашылығы ту­ра­лы қазақ, орыс тіл­дерінде бірнеше жи­нақ, энциклопедия шығар­ды. «Қожаберген», «Мәң­гі­лік елдің мәңгілік мақ­танышы», «Дауылпаз баба Қожаберген» кітап­тарын баспаға әзірледі. Ондаған әңгіме мен повесть, эсселер жи­нақ­тарының авторы.

Алқалы басқосуды ғы­лым және инновация­лар жөніндегі проректор, тарих ғылымдарының док­торы Ақмарал Ыбы­раева жүргізіп, алғашқы сөзді Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің профессоры Се­­рік Негимовке берді. Та­ны­мал ғалым Жарасбай Қабдоллаұлының бір бо­­йына тоғыстырған аза­маттық қасиеттері ішінен Парламент Мә­жілісінің депутаты болған кезеңде тіл, діл үшін болған күресте ар-намыстан таймаған мақсаткерлік, рухани биік, ойы терең болмысын даралап айтты. Филология ғылымдарының докторы Зинаида Табакова, қазақ филологиясы ка­фе­дра­сының меңгерушісі Жанбай Қадыров, бала кезден бергі досы, ақын Тоқтар Зікірин, ауылдасы Балдырған Ілиясов, шәкірті, «Солтүстік Қазақ­стан» газетінің бас редакторы Ербақыт Амантай, тағы басқалары ел сені­міне лайық тұлғаның шы­ғармашылығы, жас жур­налистерге берген өнегесі мен тәлімгерлік қамқорлығы жайлы кеңі­нен толғана сыр шертті. Журналистика бөлімінің түлектері жазушының әңгі­мелерін мәнерлеп оқып, құлақ құрышын қан­дырды.

Ғылыми кеңестің ше­ші­мімен Жарасбай Қаб­дол­лаұлына «Құрметті про­фессор» ата­ғы берілді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы