Руханият • 21 Маусым, 2019

Әке салған сара жолдан айнымай...

421 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылғы Жолдауында Қазақстан полициясының беделін арттыру мақсатында тың мәселелерді көтерген болатын. Стратегиялық құжатта алға қойған мақсат­тар айқындалып, атқарылуы тиіс бірқатар міндет жүктелді. Басты мақсат – озық, дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Елбасымыз: «Біз әрдайым сыртқы сын-қатерлерге дер кезінде назар аударып, оларға дайын бола білдік», деп нықтап айтты.

Әке салған сара жолдан айнымай...

Еліміздегі бірлік пен ха­лық­тың өзара татулығының маңыздылығы туралы Елбасы бұған дейін де талай айтқан-ды. Әсіресе, қоғам тыныштығын сақтауда құқық қорғау құрылым­дарының алдына жүктелетін міндеттер өте ауқымды. Өйткені тәртіп пен қауіпсіздікті қамта­масыз етіп, кез келген құқық бұзушылыққа тосқауыл болатын ел тыныштығын қорғайтын – ішкі істер органдарының қыз­меткерлері. Елбасының поли­цейлерден терең де сапалы өз­ге­рістер күтетіні сондықтан. Се­бебі қауіпсіздік – елдегі тұ­рақ­тылықтың ажырамас бөлігі.

Адами тұрғыдағы ең асыл мақсат – азаматтар санасында полицейлер – жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінікті орнықтыру. Яғни, халықтың шы­найы қамқорлықты сезіне алуы. Осы қағиданы жадына ту етіп, ел мүддесі үшін тер төгіп жүрген азаматтарымыз арамызда өте көп. Бойында ұлтжандылық пен патриоттық қасиеттер бір­ге өріліп, қызмет жолын ел ал­дындағы борышы санап келе жатқан абзал азаматтарымыздың бірі – Даниярбек Мұсаев.

«Осы бір ойы мен қыры, қы­зығы мен қиындығы мол жолды әкем мен алдыңғы толқын ағаларым салды. Әке салған са­ра жолды тайғанақтамай жүріп өту – бала күнгі асыл арманым болатын», дейді Данияр­бек Өметайұлы.

Расында, ақ арман адастырмады. Бүгінде иығына полковник шенін таққан, сыр мен сымбаты келіскен атпал азамат ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымын атқарады.

Ол кез келгеннің ыңғайына көне бермейтін бұл мамандыққа мектепті тәмамдап, әскери борышын өтегеннен кейін келді. Бұл бұлаңдаған балалықтың артта қалып, нағыз жігіттіктің толысқан шағы ғой. Өзінің айтуынша, бұл оң-солды танып, ақ пен қараның жігін айырып әрі өмірге салмақпен қарай бастаған кез.

«Туған жерге туыңды тік», демекші Даниярбек Өметайұлы ең алғаш еңбек жолын ата-ба­басының құтты мекеніне ай­налған Жамбыл облысына қа­расты Жаңатас қаласының патрульдік-бекеттік қызметінен бас­таған. Әскери өмірдің темір­дей тәртібіне әбден төселген жан­ға қай жұмыстың болсын ауыр­лығы жоқ. Оның үстіне по­лиция қызметін бала күнінен көріп өскендіктен бе, оған тіпті де таңсық болмады. Қилы қиын­дықтарға да төтеп берді. Сөйтіп жүріп өміріне азық болар үлкен тәжірибе жинақтайды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кет­пейді. – Сол кездегі көмекші құралдардың қазіргі зама­науи құралдарындай болмаса да – өзімізге жүктелген тапсырма­ларды абыроймен орындап шығуымызға қылдай кедергісі болмады», дейді полиция пол­ковнигі өткенді еске алып.

Қызметтің ыстық-суығына үйреніп, қанығып келе жатқан полицей 1989 жылы КСРО ІІМ Алматы арнайы милиция мектебіне оқуға түседі. Мұсаев оқуды аяқтаған соң да туған өлкесіне оралып, жедел уәкіл болып жұмысқа орналасады. Қылмыстық іздестіру саласын­да көптеген күрделі істерді жүр­гізді, шынықты, ширады. Бас­таған ісін әрдайым соңына дейін жеткізіп, сәтті аяқтайтын полицей – еңбек­қорлығының арқасында жұрт назарына бірден ілікті.

Сөйтіп, Даниярбек Мұсаев 1993 жылы қажырлы қайратымен, табанды еңбегімен аға лейтенант шенін мерзімінен бұрын алып, милицияның үздік жедел уәкілі атанады.

2001 жылы подполковник Д.Мұсаев, 2005 жылы полковник атағын да мерзімінен бұрын алады. Бұл да кез келгенге бұйыра бермейтін абырой, жетістік. Бұ­­­дан соң білімін жетілдіру мақ­­сатында Х.А.Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінде оқыды, оны да сәтті бітірді. Қазіргі таңда кейіп­керіміз – заң ғылымдарының кандидаты.

Бұған дейін Д.Мұсаев бір­неше жыл Алматы қаласын­да­ғы Кө­ліктегі Оңтүстік-Шығыс Ішкі істер департаменті бастығы­ның бірінші орынбасары қызметін атқарған. Терең білім мен жи­нақы тәжірибені серігіне айналдыра жүріп, полковник өзінен кейінгі өсіп келе жатқан жас мамандарға ақылман басшы, жанашыр ағаға айналды.

Өз саласының үздік қызмет­кері. Тіпті, көптеген наградалар мен төс белгілердің иегері. Биыл да Ішкі істер органдарындағы Ерен еңбегі үшін ІІ дәре­желі «Ай­бын» орденін жар­қыратып кеу­десіне тақты.

Жалпы Мұсаевтар ынтымағы берік, берекесі шалқыған шаңы­рақтың иелері. Сондай-ақ ішкі істер саласында да қанатын кең жайған династия дәстүрін жал­ғаушылар. Өзінен кейінгі іні­лері Садубек пен Досымбек, қарындасы Гүлдана да ұлағатты ағаның ізін жалғап, полицей атанған. Бүгін де олардың әрқай­сысы қызметтерін абыроймен атқарып жүр.

«Бағалай білгенге бақ қонар, қуана білгенге құт қонар», деген нақыл да Мұсаевтар отбасына арналып айтылғандай. Даниярбек Өметайұлы – асыл жар, тұмарлы ұл мен тұлымды қыз өсірген ба­қытты әке.