Еліміздегі бірлік пен халықтың өзара татулығының маңыздылығы туралы Елбасы бұған дейін де талай айтқан-ды. Әсіресе, қоғам тыныштығын сақтауда құқық қорғау құрылымдарының алдына жүктелетін міндеттер өте ауқымды. Өйткені тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, кез келген құқық бұзушылыққа тосқауыл болатын ел тыныштығын қорғайтын – ішкі істер органдарының қызметкерлері. Елбасының полицейлерден терең де сапалы өзгерістер күтетіні сондықтан. Себебі қауіпсіздік – елдегі тұрақтылықтың ажырамас бөлігі.
Адами тұрғыдағы ең асыл мақсат – азаматтар санасында полицейлер – жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінікті орнықтыру. Яғни, халықтың шынайы қамқорлықты сезіне алуы. Осы қағиданы жадына ту етіп, ел мүддесі үшін тер төгіп жүрген азаматтарымыз арамызда өте көп. Бойында ұлтжандылық пен патриоттық қасиеттер бірге өріліп, қызмет жолын ел алдындағы борышы санап келе жатқан абзал азаматтарымыздың бірі – Даниярбек Мұсаев.
«Осы бір ойы мен қыры, қызығы мен қиындығы мол жолды әкем мен алдыңғы толқын ағаларым салды. Әке салған сара жолды тайғанақтамай жүріп өту – бала күнгі асыл арманым болатын», дейді Даниярбек Өметайұлы.
Расында, ақ арман адастырмады. Бүгінде иығына полковник шенін таққан, сыр мен сымбаты келіскен атпал азамат ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымын атқарады.
Ол кез келгеннің ыңғайына көне бермейтін бұл мамандыққа мектепті тәмамдап, әскери борышын өтегеннен кейін келді. Бұл бұлаңдаған балалықтың артта қалып, нағыз жігіттіктің толысқан шағы ғой. Өзінің айтуынша, бұл оң-солды танып, ақ пен қараның жігін айырып әрі өмірге салмақпен қарай бастаған кез.
«Туған жерге туыңды тік», демекші Даниярбек Өметайұлы ең алғаш еңбек жолын ата-бабасының құтты мекеніне айналған Жамбыл облысына қарасты Жаңатас қаласының патрульдік-бекеттік қызметінен бастаған. Әскери өмірдің темірдей тәртібіне әбден төселген жанға қай жұмыстың болсын ауырлығы жоқ. Оның үстіне полиция қызметін бала күнінен көріп өскендіктен бе, оған тіпті де таңсық болмады. Қилы қиындықтарға да төтеп берді. Сөйтіп жүріп өміріне азық болар үлкен тәжірибе жинақтайды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді. – Сол кездегі көмекші құралдардың қазіргі заманауи құралдарындай болмаса да – өзімізге жүктелген тапсырмаларды абыроймен орындап шығуымызға қылдай кедергісі болмады», дейді полиция полковнигі өткенді еске алып.
Қызметтің ыстық-суығына үйреніп, қанығып келе жатқан полицей 1989 жылы КСРО ІІМ Алматы арнайы милиция мектебіне оқуға түседі. Мұсаев оқуды аяқтаған соң да туған өлкесіне оралып, жедел уәкіл болып жұмысқа орналасады. Қылмыстық іздестіру саласында көптеген күрделі істерді жүргізді, шынықты, ширады. Бастаған ісін әрдайым соңына дейін жеткізіп, сәтті аяқтайтын полицей – еңбекқорлығының арқасында жұрт назарына бірден ілікті.
Сөйтіп, Даниярбек Мұсаев 1993 жылы қажырлы қайратымен, табанды еңбегімен аға лейтенант шенін мерзімінен бұрын алып, милицияның үздік жедел уәкілі атанады.
2001 жылы подполковник Д.Мұсаев, 2005 жылы полковник атағын да мерзімінен бұрын алады. Бұл да кез келгенге бұйыра бермейтін абырой, жетістік. Бұдан соң білімін жетілдіру мақсатында Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқыды, оны да сәтті бітірді. Қазіргі таңда кейіпкеріміз – заң ғылымдарының кандидаты.
Бұған дейін Д.Мұсаев бірнеше жыл Алматы қаласындағы Көліктегі Оңтүстік-Шығыс Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Терең білім мен жинақы тәжірибені серігіне айналдыра жүріп, полковник өзінен кейінгі өсіп келе жатқан жас мамандарға ақылман басшы, жанашыр ағаға айналды.
Өз саласының үздік қызметкері. Тіпті, көптеген наградалар мен төс белгілердің иегері. Биыл да Ішкі істер органдарындағы Ерен еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденін жарқыратып кеудесіне тақты.
Жалпы Мұсаевтар ынтымағы берік, берекесі шалқыған шаңырақтың иелері. Сондай-ақ ішкі істер саласында да қанатын кең жайған династия дәстүрін жалғаушылар. Өзінен кейінгі інілері Садубек пен Досымбек, қарындасы Гүлдана да ұлағатты ағаның ізін жалғап, полицей атанған. Бүгін де олардың әрқайсысы қызметтерін абыроймен атқарып жүр.
«Бағалай білгенге бақ қонар, қуана білгенге құт қонар», деген нақыл да Мұсаевтар отбасына арналып айтылғандай. Даниярбек Өметайұлы – асыл жар, тұмарлы ұл мен тұлымды қыз өсірген бақытты әке.