Топ-20 ішіндегі бұл көрсеткіш саланың жүйелі жаңғырып жатқанын және Қазақстанның жаһандық білім кеңістігіндегі ықпалы артып келе жатқанын аңғартады. Қазақстан Польша (19-орын), БАӘ (20-орын) сияқты елдерді басып озып, Нидерланд (17-орын) пен Сауд Арабиясымен (16-орын) деңгейлес бәсекеге түсіп отыр. Сонымен қатар Мексика, Бразилия және Оңтүстік Африка секілді ірі елдер де артта қалған.
Рейтинг көшін АҚШ бастап тұр. Одан кейін Ұлыбритания мен Қытай орналасқан. Алғашқы ондықта сондай-ақ Германия, Аустралия, Жапония және Оңтүстік Корея бар. Бұл елдерде зерттеу университеттері шоғырланған әрі ғылымға инвестиция көлемі жоғары.
Аталған рейтинг үш негізгі көрсеткішке негізделген. Олар – QS Top 1000 тізіміндегі университеттердің үлесі, олардың орташа позициясы және білім беру саласына салынатын мемлекеттік инвестиция деңгейі. Бұл факторлар кадр даярлау сапасына, ғылыми базаға және жоғары оқу орындарының халықаралық ықпалдасуына тікелей әсер етеді.
Қазақстан осы бағытта тұрақты даму моделін қалыптастырып келеді. Бүгінде елдің 10-нан астам университеті QS Top 1000 қатарына кіреді. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Satbayev University бар. Университеттердің 300-800 орындар аралығындағы көрсеткіштері жаһандық білім беру картасындағы позицияларды нығайтып, әрі қарай ілгерілеуге мүмкіндік береді.
Мемлекет тарапынан білім беру саласына ІЖӨ-нің 3-4% көлемінде тұрақты қаржыландыру бөлінуі жүйенің орнықты дамуына жол ашып отыр. Бұл жоғары білім беру саласындағы ауқымды реформаларды іске асыруға негіз болады. Сонымен бірге халықаралық серіктестіктер кеңейіп, академиялық ұтқырлық артып, университеттер мен өндіріс арасындағы байланыс күшейіп келеді.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі кезеңнің басты ерекшелігі – «ортаңғы ядро» шеңберіндегі бәсекенің күшеюі. Бұл жерде зерттеу сапасы, жаһандық ықпалдасу және университеттердің халықаралық ғылыми тізбектерге кірігуі шешуші рөл атқарады.
Жалпы, Қазақстан берік институционалдық негіз қалыптастырып, академиялық беделін арттырып келеді, ең қарқынды дамып келе жатқан білім беру орталықтарының біріне айналып отыр. Жаһандық таланттар үшін бәсеке күшейген жағдайда мұндай позиция ұзақ мерзімді экономикалық өсім мен білімге негізделген экономика құруға берік негіз болады.
Гарвардты бағындырған қаракөз немесе Қазақстан білімінің жаңа кезеңі