Білім • Кеше

Гарвардты бағындырған қаракөз немесе Қазақстан білімінің жаңа кезеңі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі кәсіпкер Сейітжапар Құралбек Қазақстандағы білім жүйесінің сапасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Гарвардты бағындырған қаракөз немесе Қазақстан білімінің жаңа кезеңі

«Бірнеше күн бұрын жақсы жаңалық естідік. Астанадағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Бөрте Сайранбекқызы әлемнің жетекші университеттерінің бірі - Harvard University-ге қабылданды. Бұл бір ғана оқушының жетістігі емес, тұтас білім жүйесінің әлеуетін көрсететін маңызды белгі дер едім.

Бүгінде Қазақстанның білім саласы жаңа сапалық кезеңге қадам басып отыр. Мұны нақты деректер де дәлелдейді. Мәселен, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы 1993 жылдан бері 12,5 мыңнан астам қазақстандықты шетелде оқытқан. Қазірдің өзінде 1 400-ден астам стипендиат әлемнің жетекші университеттерінде білім алып жүр. Ал 2026 жылға 635 грант бөлінуі бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетеді», - дейді спикер.

Ол ел жастарының тілдік дайындығы мен халықаралық тестілеу мәдениеті де айтарлықтай дамып жатқанын алға тартты. Ашық деректерге қарағанда, 2024-2025 жылдары Қазақстанда IELTS тапсырғандардың 89%-ы оны университетке түсу мақсатында таңдаған. Сонымен бірге қытай тілін меңгеруге қызығушылық та өсіп келеді. 

«Осындай көрсеткіштер білім беру жүйесіндегі сапалық өзгерістердің нақты нәтижесін көрсетеді. Яғни, бүгінгі оқушы тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, халықаралық деңгейде бәсекеге түсуге дайындалып жатыр.

Сонымен қатар, әлемнің үздік университеттеріне түсу бәсекесінің өзі өте жоғары. Мысалы, Harvard College дерегіне сәйкес, бір оқу жылында 47 893 өтінім түсіп, соның тек 2 003-і ғана қабылданған. Мұндай жағдайда қазақстандық оқушының іріктеуден өтуі үлкен дайындық пен жүйелі еңбектің нәтижесі екені анық.

Дегенмен, жетістіктермен қатар, ойланатын тұстар да бар. Білім сапасы барлық өңірде бірдей емес. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық, материалдық база мен кадр мәселесі әлі де өзекті», - дейді Сейітжапар Құралбек.

Оның пайымынша, осындай жеке жетістіктерді жүйелі нәтижеге айналдыруды басты міндет ету керек. Яғни, дарынды оқушының табысы кездейсоқтық емес, қолжетімді мүмкіндікке айналуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар