Аймақтар • 21 Маусым, 2019

Екі айда 270 шақырымды артқа тастады

582 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Тарбағатай ауданында «Тұғыры биік Тарбағатай» атты халықаралық спорт және өнер фестивалі аясында ел тарихын­да тұңғыш рет «Ұлы дала қазанаты» атты 140 шақырымдық ат бәйгесі ұйымдас­тырылған болатын. Қазақтың ұзақ жүріске шы­дамды қазанаттарын һәм алаштың атқа мығым отыратын, шы­мыр жігіттерін анықтау мақсатында өткізілген жарысқа елі­міз­­дің түкпір-түкпірінен және Ресейден 100-ге жуық тұлпар қатысқан-ды.

Екі айда 270 шақырымды артқа тастады

Таңғы сағат 4-те басталып, түске дейін созылған қыл құй­рықтылар сайысында 1-орынды Ақсуаттың Қызкүрең есімді жар­тылай асыл тұқымды жүйрігі ие­ленген-ді. Ал 2-3-орындарды кезінде қазақтың көрнекті жа­зу­шысы Ғабит Мүсірепов «Бошайдың үш қарасы» деп тамсана әңгіме жазған Алтайдың абыз ақсақалы Бошай Кітапбаевтың туған жері – Катонқарағай ауда­нының атбегілері өзара бө­ліс­ті. Бір таңғаларлығы, екі ай бұрын Зайсанда тұңғыш рет ұйым­дастырылған 130 ша­қы­рымдық бәйгеде 2-орын алған Пырақ дей­тін жүйрік бұл жолы да осы жетістігін қайталап, елді елең еткізді (айтпақшы, сол жарыста 1-орынды осы ауданның аты иеленген-ді). Біз сол атқа шапқан тақымы тастай шабандозбен аз-кем әңгімелескен едік.

– Бұл – Катонқарағайдың Өр­нек ауылының аты. Аттың иесі – Қайрат Серкенов. Менің әкем­нің туған ағасы. Атты бап­тап, шапқан – өзім. Аты-жө­нім – Қуаныш Тұрсынханов. Зай­санда 130 шақырымды 6 жарым сағатта шауып өттім. Бұл жолғысы 
8 сағат деп жатыр бәй­гені көрген кісілер, – деп бас­та­ды әңгімесін Қуаныш.

– Бұл аттың тұқымы қан­дай?

– Таза қазақы деуге болмайды. Бұрынғы Дон жылқысынан қалған тұқым ғой. Қаны қазақы жылқылармен араласқан. Таза, қазақтың жабы жылқысы емес. Бұл – жергілікті жылқы тұқымы. Қа­занат деуге де болатын шығар. Қазанаттың да түбінде тектілік болған ғой. Біздің Катонқарағай ауданының Солдатова деген ауы­лында орыс ұлтының өкілдері Дон тұқымын көп ұстаған. Бұл – Алтайдың қытымыр қысына да төзімді, жүріске де шыдамды жылқы. Осындай жылқылар Ка­тонқарағайда көп тараған. Яғ­ни, қазақы жылқы мен Дон жылқысының қаны араласқан.

– Атты бәйгеге қанша уа­қыт баптадыңыз?

– Зайсандағы 130 шақырым­дық жарысқа 25 күн баптадым. Бұл жолғы жарысқа Зайсаннан кейін бір айдай тынықтырып барып баптай бас­тадым.

– Бұл бәйгеге қосылып жүр­­ген ат па? Әлде міністің аты ма?

– Міністің аты. Малға, ша­руа­­шылыққа мініп жүрген ат. Аламанға қосылмаған.

– Үшінші орынды да Ка­тон­қарағайдың жүйрігі алды ғой.

– Иә, ол – Үлкен Нарын ауы­лының аты. Аттың бапкері – атақты Бошай Кітапбаев ақса­қалдың ауылынан.

– 140 шақырым атқа да, ша­бан­дозға да оңай болмайтыны анық. Жалпы, жарыс қа­лай өтті?

– Таң қылаң бере, сағат төрт­тен 25 минут кеткенде жарыс жолына шықтық қой. 130 шақырым бойы Қарағандыдан келген ат алдына қара салма­ды. Мәреге жақындағанда басып оздық. Ал 1-орын алған ат­пен 40 шақырымнан бері қа­рай қатарласа шауып отыр­дық. Мәреге шамамен бір шақырым­дай жер қалғанда екеуміз де тіз­гінді қоя бердік. Екеуміз де мәреден шауып өттік.

– 150 шақырым болғанда озып кетер ме едіңіз?

– Оны айту қиын. Бірақ атымның 150 шақырымға шыдайтынына сенімдімін.

– Гиннестің рекордтар кі­та­бына енгізуге лайық ат жа­ры­­сына бір емес, екі мәрте қа­­тысып, жүлде алдыңыз. Екі жа­рысты қоссақ, екі ай ішін­де 270 шақырымды бағын­ды­­­рыпсыз. Алған әсе­ріңіз қан­­­­­дай?

– 140 шақырымдық бәйге Қазақстанда алғаш рет өтті ғой. Мұндай жарыста бәйге алу үлкен қуаныш, зор мәртебе деп ойлаймын.

– 140 шақырым шапқан­да жол­да қанша рет аялдадыңыз­дар?

– Өзім атымды үш рет тоқ­татып, екі-үш минуттан демалтып, аздап су ұрттатып отырдым. Жарысқа ұзын саны 104 ат қатысты. Мәреге жеткені – 12. Біз келгеннен бір сағаттан кейін кел­ген аттар да болды.