Таңғы сағат 4-те басталып, түске дейін созылған қыл құйрықтылар сайысында 1-орынды Ақсуаттың Қызкүрең есімді жартылай асыл тұқымды жүйрігі иеленген-ді. Ал 2-3-орындарды кезінде қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов «Бошайдың үш қарасы» деп тамсана әңгіме жазған Алтайдың абыз ақсақалы Бошай Кітапбаевтың туған жері – Катонқарағай ауданының атбегілері өзара бөлісті. Бір таңғаларлығы, екі ай бұрын Зайсанда тұңғыш рет ұйымдастырылған 130 шақырымдық бәйгеде 2-орын алған Пырақ дейтін жүйрік бұл жолы да осы жетістігін қайталап, елді елең еткізді (айтпақшы, сол жарыста 1-орынды осы ауданның аты иеленген-ді). Біз сол атқа шапқан тақымы тастай шабандозбен аз-кем әңгімелескен едік.
– Бұл аттың тұқымы қандай?
– Таза қазақы деуге болмайды. Бұрынғы Дон жылқысынан қалған тұқым ғой. Қаны қазақы жылқылармен араласқан. Таза, қазақтың жабы жылқысы емес. Бұл – жергілікті жылқы тұқымы. Қазанат деуге де болатын шығар. Қазанаттың да түбінде тектілік болған ғой. Біздің Катонқарағай ауданының Солдатова деген ауылында орыс ұлтының өкілдері Дон тұқымын көп ұстаған. Бұл – Алтайдың қытымыр қысына да төзімді, жүріске де шыдамды жылқы. Осындай жылқылар Катонқарағайда көп тараған. Яғни, қазақы жылқы мен Дон жылқысының қаны араласқан.
– Атты бәйгеге қанша уақыт баптадыңыз?
– Зайсандағы 130 шақырымдық жарысқа 25 күн баптадым. Бұл жолғы жарысқа Зайсаннан кейін бір айдай тынықтырып барып баптай бастадым.
– Бұл бәйгеге қосылып жүрген ат па? Әлде міністің аты ма?
– Міністің аты. Малға, шаруашылыққа мініп жүрген ат. Аламанға қосылмаған.
– Үшінші орынды да Катонқарағайдың жүйрігі алды ғой.
– Иә, ол – Үлкен Нарын ауылының аты. Аттың бапкері – атақты Бошай Кітапбаев ақсақалдың ауылынан.
– 140 шақырым атқа да, шабандозға да оңай болмайтыны анық. Жалпы, жарыс қалай өтті?
– Таң қылаң бере, сағат төрттен 25 минут кеткенде жарыс жолына шықтық қой. 130 шақырым бойы Қарағандыдан келген ат алдына қара салмады. Мәреге жақындағанда басып оздық. Ал 1-орын алған атпен 40 шақырымнан бері қарай қатарласа шауып отырдық. Мәреге шамамен бір шақырымдай жер қалғанда екеуміз де тізгінді қоя бердік. Екеуміз де мәреден шауып өттік.
– 150 шақырым болғанда озып кетер ме едіңіз?
– Оны айту қиын. Бірақ атымның 150 шақырымға шыдайтынына сенімдімін.
– Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге лайық ат жарысына бір емес, екі мәрте қатысып, жүлде алдыңыз. Екі жарысты қоссақ, екі ай ішінде 270 шақырымды бағындырыпсыз. Алған әсеріңіз қандай?
– 140 шақырымдық бәйге Қазақстанда алғаш рет өтті ғой. Мұндай жарыста бәйге алу үлкен қуаныш, зор мәртебе деп ойлаймын.
– 140 шақырым шапқанда жолда қанша рет аялдадыңыздар?
– Өзім атымды үш рет тоқтатып, екі-үш минуттан демалтып, аздап су ұрттатып отырдым. Жарысқа ұзын саны 104 ат қатысты. Мәреге жеткені – 12. Біз келгеннен бір сағаттан кейін келген аттар да болды.