Қоғам • 01 Шілде, 2019

БАҚ пен әлеуметтік желі: мақсат ортақ

1585 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қостанайда өткен медиа-форумдағы әңгіме өзегі бүгінгі заманау­и медиа трендтері, қоғаммен байланыс орнатудағы әлеуметтік желілер мен интернет технологиялардың маңызды әсері туралы өрбіді.

БАҚ пен әлеуметтік желі:  мақсат ортақ

Әлемді ақпарат билеуі бүгінгі заманның сипатына айналды. Мемлекеттің жан-жақты дамуына, елдің бірлігіне бұқаралық ақпарат құралдарының қосар үлесі қомақты. Облыс өңірінде 117 электрондық және мерзімді баспасөз құралы жұмыс істейді. Солардың арасында 35-і қо­ғам­дық-саяси сипатқа ие. «Қазақ­те­ле­ком», «Қазтелерадио» АҚ об­лыстық филиалдары халыққа теле және пошта байланысын, телерадиохабарын тарату қызметін көрсетеді. Облыста мерзімді бас­пасөзді басып шығаратын ірі 4 бас­пахана бар. Облыстық депар­таменттер мен басқармалар бас­шылары жанындағы 16 ресми баспасөз қызметі және 23 жа­уап­ты қызметкер мемлекеттік ор­гандар мен БАҚ-тың өзара ты­ғыз байланысын нығайта тү­седі. Өңірдегі 57 ресми сайт жер­гілікті атқарушы мемлекеттік би­лік органдары қызметінің ашық­тығын қамтамасыз ету үшін олар мен халық арасындағы инте­рактивті байланыс құралы міндетін атқа­рады.

Өркениеттің, интернет техно­логияларының жылдам дамуы мемлекеттік органдар мен халық ара­сындағы ақпараттардың ашық­тығын қамтамасыз етуді талап етумен қатар, демократиялық қо­ғамдағы заманауи ақпарат кеңіс­тігін кеңейте түсті. Сон­дықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындардың әлеу­­меттік тынысын сезіп, сұра­нымын дер уақытында біліп отыру үшін әлеуметтік желіде облыс әкімдерінің парақшаларын ашуды, мессенджерлерде топтарын құруды тапсырған болатын.

– Облыстағы аудандар мен қалалар әкімдері, тіпті бас­­­қар­­­малар басшыларына дейін Фейс­бук, Инстаграм, В кон­­так­­те, Одноклассники, Твит­тер әлеуметтік желілерінің бар­лы­ғында 144 ресми аккаунт аш­ты. Инстаграм желісінде ме­нің парақшам бар, онда қос­танайл­ықтармен ашық сұхбаттар жүргіземін. Маусым айында 152 азаматтың сұрағына жауап бердім. Алдағы уақытта мем­лекеттік органдар мен қоғамның мұн­дай форматтағы қарекеті кеңейе беретініне сенімім мол, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Облыс өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдары уақыт ағымы­на ілесіп, цифрлы технология­ны енгізіп келеді. Газеттер мен теле­арналардың әлеуметтік желі­лерде парақшалары, мес­сенд­жерлерде топтары бар. Мы­салы, «Алау» телеарнасының әлеу­меттік желілерде 200 мың, «Кос­танайские новости» га­зеті­нің 112 мың, «Наша газета­ның» 76 мың пайдаланушысы бар.

Шілде айынан бастап облыс цифрлы эфир таратуға көшті. Енді Қостанай қаласының тұрғындары отандық 26 телеарнаны, аудандар мен қалалар 11 телеарнаны еркін көре алады. Уақыт талабынан туындап отырған осындай игілікті жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдарының экономиканы, әлеуметтік саланы дамыту үшін жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, маңыз­ды реформалар барысы және елдегі орын алған қоғам­дық-саяси оқиғалар туралы әлеуметті сапалы ақпаратпен қамтамасыз етуіне жағдай жасайды. Өңір басшысы бұл орайда журналистер қауымына, газет-телеарналар редакцияларына да артылар жауапкершіліктің мол екендігін еске салды. БАҚ уақыт тынысын тап басқанда ғана халықтың сұранысын өтейді. «Алау» телеарнасы латын графикасын үйрететін видеосабақтар жүргізе бастады. «Сана серпіні», «Ұлы дала тұлғалары», «Ұлы дала мұрасы» хабарлары және «Туған өлкеге шағын сапар» атты жоба көрермен көзайымына айналды. Өңірдегі Қостанай аудандық «Арна», Қарабалық аудандық «Айна», Жангелдин аудандық «Біздің Торғай», Амангелді аудандық «Амангелді арайы» газеттері оқырмандарына жол табу үшін жұмысты жаңаша ұйымдастырады, түрлі тәсілдерді пайдаланып, ізденістерге барады. Жергілікті атқарушы билік пен жұртшылықтың арасына алтын көпір болып отыр.

Форумда мемлекеттік ор­ган­дардың қоғаммен кері байланыс орнатуда әлеуметтік же­лілер­дің, интернеттік техно­логия­лардың тиімділігі, бұқа­ралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігі, қазіргі журна­листи­каның трендтері ту­ра­лы сөз болды. Бұл жө­нін­­де медиафорумға арна­йы шақы­рылған Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Пре­зиденті Қорының баспасөз хат­­шысы, журналист Оксана Лос­­кутова, «Blackand White Goup» медиа агенттігінің дирек­торы Ринат Балғабаев айтып берді. Жергілікті «Алау» телеарнасының директоры Алмат Сүлейменов көпшіліктің назары интернет ресурстарға ауғанын жеткізді. Оның зерттеуінше, бір айдың ішінде еліміздегі рейтингі бар 176 сайттың жаңалықтар бө­лімі арасында қостанайлық сайт­тар 17,19 және 22-орын ал­ған. Қостанайлық сайттар рес­пуб­ли­калық Тенгриньюс, За­кон.кз, Ин­формбюро және бас­қалары секілді «алпауыттарға» ғана жол берген.

Ал мерзімді баспасөз құрал­дарының «бас ауруы» аз емес, олардың болашағы билікті де, журналистерді де, газет бас­шы­­лығын да ойлантқандай. «Коста­найские новости» газетінің редак­торы Олег Гурский ақпарат ке­ңістігінде газеттер өзінің сайты мен әлеуметтік желілерге орын бергендей, жылдан-жылға тира­жы азайып келетінін, әр оқыр­ман үшін күресетінін, фор­матын өзгертіп, барынша уа­қыт­­қа икемделгісі келгенмен, жедел­діктің жеткізбесіне мойын­сұн­ғандай, көбіне талдау, болжау, сараптау материалдарын ыңғайлайтыны туралы айтты. Газет тігіндісін қай уақытта бол­сын кітапханаға барып, парақ­тау мерзімді баспасөздің элект­ронды бұқаралық ақпарат құрал­дарынан артықшылығы болып қалды. Ақпарат кеңістігіндегі мүмкіндіктер туралы әріптес­тердің пікірлері саналуан бол­ғанымен де интернеттік технология өркениет жемісі. Бұл жө­нінде Журналистер одағы об­лыстық филиалының төрағасы, журналистика ардагері Сергей Харченконың пікіріне жүгінуге тура келеді.

– Ең бастысы, билік бұқ­аралық ақпарат құралдарын мо­йындайды, өз жұмысында онымен санасып отырады. Ал біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі бұқаралық ақпарат құралдарын бүгінгі әлеуметтік желілеріне, басқа да интернет резервтеріне қар­сы қоймау, қайта ортақ мақ­сатта бірін-бірі қолдау, бірге әрекет ету болмақ. Ортақ мақ­сат – елдің, экономиканың дамуы, әлеу­меттік саланың гүл­денуі, өмір­дің тыныштығы еке­­ні белгілі, – деді Сергей Ва­силь­евич.

Биылғы мерекенің ерекшелігі бар – кәсіби мерекені Президент белгілеп берді. Форум соңында мере­кеге орай ақпарат сала­сындағы еңбек торылары марапатталды.


ҚОСТАНАЙ