Саясат • 04 Шілде, 2019

Бюджеттегі өзгерістер мақұлданды

223 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында бес мәселе қаралды. Олардың қатарындағы 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілген түзетулер мен толықтыруларға депутаттар бірауыздан қолдау білдірді. Сонымен қатар бұл алтыншы шақырылған Парламент Мә­жі­лісінің төртінші сессиясының соңғы жалпы отырысы бол­ғандықтан, Н.Нығматулин сессия жұмысын қорытындылады.

Бюджеттегі өзгерістер мақұлданды

Басымдық әлеуметтік салаға беріліп отыр

Күн тәртібіне сай «2019-2021 жылдарға арналған респуб­ли­калық бюджет туралы» Заңға өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша алғашқы болып Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов сөз алды. Министрдің айтуына қарағанда, 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері бұрынғы деңгейінде сақталған және өзгермейді. Ал 2019 жылға болжамды базалық талаптары бойынша мұнай бағасы барреліне 55 АҚШ доллары, жылдық ин­фля­цияның нысаналы дәлізі 4-6 пайыз, ішкі жалпы өнімнің өсуі 3,8 пайыз деп есептелген. 

– Бұл ретте бюджетті нақтылау шеңберінде Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді қайта бөлу ұсынылады. 370 млрд теңгеден 300 млрд теңгені әлеуметтік шараларды күшейтуге, тұтынушылық кредиттер бойынша халықтың борышын төмендетуге, сондай-ақ Үкімет резервті ұлғайтуға жібе­руді ұсынады, – деді Р.Дәленов. 

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының өзекті әлеуметтік түйт­кілдерді шешу жөніндегі тап­сыр­масын іске асыруды қарасты­ратын мәселе екенін атап өтті. 

– Заң жобасы 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштерін сақтауды ескере отырып қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады. Президенттің тапсырмаларын іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету Тікелей инвестициялар қорын құруға көзделген қаражаттың бір бөлігін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады, – деді Ә.Смайылов. 

Оның айтуынша, бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау үш бағыт бойынша жүзеге асырылды. Біріншіден, халықтың тұтынушылық несиелері бойынша борыш жүктемесін азайту ескерілген. Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтар санатына жатқызылған әрбір қарыз алушы үшін тікелей және атаулы қаржылық көмек ретінде мемлекет 300 мың теңгеге дейінгі жалпы мөлшерде негізгі борышты және ол бойынша есептелген сыйақыны өтейді. Осы мақсаттарға жоба 89,2 млрд теңге сомасында шығыстар қарастырады. Екінші бағыт жұмыспен қамту, аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша пәрменді шараларды кеңейту және күшейтуді көздейді. Бұл мақсаттарға 138,6 млрд теңге бағытталмақ. 

– Үшінші бағыт бойынша жобада Үкімет резервін 72,2 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылады. Атал­ған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағ­­дайдың салдарын жоюға бағыт­талады. Бұдан басқа, 35,9 млрд теңге қаражатты ішкі қайта бөлу есебінен шұғыл шешуді қа­жет ететін міндеттемелерді қаржы­лан­дыру іске асырылады, – деп атап өтті Ә. Смайылов.

Ал Ұлттық банк төрағасы Ер­бо­­лат Досаев депутаттарды елі­міз­­­дің ақша-несие саясатының өзек­­­ті мәселелерінен хабардар етті.
– Валюта нарығында теңге бағамы жыл басымен 2 шілде ара­лығында 0,6 пайызға нығайды. Ол мұнайдың әлемдік бағасының 21 пайызға өсуі және Ресей руб­лі­нің 9 пайызға нығаюының ая­сында мүмкін болды, – деді Е.Досаев. 

Жалпы отырыста депутат­тар­дың талқылауларынан кейін Мәжіліс Төрағасы заң жобасы бойынша пікір білдірді. 

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлеуметтік-стра­тегиялық бастамаларын одан әрі жал­ғастыру мақсатында Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырма­лар жүктеген болатын. Осыған байланысты азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету, әлеуметтік жағ­дайын жақсарту үшін нақты шаралар қолға алынуда. Сон­дықтан осы үш жылдық бюджет­ке енгізілген өзгерістер барлық әлеу­меттік тапсырмаларды жеткілікті қаражатпен қамтамасыз етуге зор ықпалын тигізеді, – деді Н.Нығ­матулин. 

Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы орта­лық және жергілікті мем­ле­кеттік органдар қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмектесу жағын ұйымдастыруы керектігіне баса назар аударды. 
Осыған байланысты Нұрлан Нығматулин қарастырылған қара­жатты пайдаланудың тиімділігіне көңіл бөліп, Мəжіліс депутаттары осы мəселені мұқият қарап, қол жеткізілген нəтижелерді талдауға ниетті екенін атап өтті.
– Бәріміз, Үкімет пен депу­тат­тық корпустың мүшелері, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек, – деді Мәжіліс Төрағасы. 
Сонымен қатар Н.Нығматулин сессия аяқталғаннан кейін депутаттар өңірлерге барған кезде осы жұмысқа белсене атсалысуы керектігіне тоқталды.

Сессия қорытындыланды 

Мәжіліс Төрағасы алтыншы шақырылған Парламент Мә­жі­лісінің төртінші сессиясының осы соңғы жалпы отырысында сессия жұмысын қорытындылады.

– Бүгін біз төртінші сес­сия­дағы Мәжілістің соңғы жалпы отырысын өткізіп отырмыз. Өз­деріңіз білесіздер, бұл сессия Мә­жі­ліс тарихындағы маңызды кезең­дердің бірі болды. Осыған орай елімізге, халқымызға қажет­ті көптеген заң қабылданды, көп­те­ген парламенттік іс-шара өтті. Олардың барлығы ең алдымен Елбасының әлеуметтік-эконо­микалық, стратегиялық міндет­терін орындауға арналды. Сонымен бірге Президент Қ.Тоқаевтың ал­ға қойған тапсырмаларын жүзеге асыруға да ба­ғытталды. Бұл депутаттық кор­пустың Үкі­метпен, тиісті мем­лекеттік ор­ган­дармен және қо­ғамдық ұйым­дармен бірле­се ат­қарған жұмысы­ның нәтижесі деу­ге болады, – деді Н.Нығма­тулин.

Мәжіліс Төрағасы осы сессия барысында 41 жалпы отырыс өткенін атап өтті. Бұл кезеңде палатаның қарауында 110 заң жобасы болды, оның ішінде 81-і мақұлданып, Сенатқа жолданды. Сонымен бірге 13 «Үкімет сағаты» мен 2 парламенттік тыңдау, 14 көшпелі отырыс және 4 халықаралық конференция ұйымдастырылды. 
– Сессия аяқталып жатыр, алайда бізде сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге сапарлар жоспарланған. Осы кездесулер барысында айтылған ұсыныстарды жұмыста ескеру керек, – деді Мәжіліс Төрағасы.