Басымдық әлеуметтік салаға беріліп отыр
Күн тәртібіне сай «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша алғашқы болып Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов сөз алды. Министрдің айтуына қарағанда, 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері бұрынғы деңгейінде сақталған және өзгермейді. Ал 2019 жылға болжамды базалық талаптары бойынша мұнай бағасы барреліне 55 АҚШ доллары, жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 пайыз, ішкі жалпы өнімнің өсуі 3,8 пайыз деп есептелген.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының өзекті әлеуметтік түйткілдерді шешу жөніндегі тапсырмасын іске асыруды қарастыратын мәселе екенін атап өтті.
– Заң жобасы 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштерін сақтауды ескере отырып қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады. Президенттің тапсырмаларын іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету Тікелей инвестициялар қорын құруға көзделген қаражаттың бір бөлігін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады, – деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау үш бағыт бойынша жүзеге асырылды. Біріншіден, халықтың тұтынушылық несиелері бойынша борыш жүктемесін азайту ескерілген. Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтар санатына жатқызылған әрбір қарыз алушы үшін тікелей және атаулы қаржылық көмек ретінде мемлекет 300 мың теңгеге дейінгі жалпы мөлшерде негізгі борышты және ол бойынша есептелген сыйақыны өтейді. Осы мақсаттарға жоба 89,2 млрд теңге сомасында шығыстар қарастырады. Екінші бағыт жұмыспен қамту, аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша пәрменді шараларды кеңейту және күшейтуді көздейді. Бұл мақсаттарға 138,6 млрд теңге бағытталмақ.
– Үшінші бағыт бойынша жобада Үкімет резервін 72,2 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылады. Аталған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жоюға бағытталады. Бұдан басқа, 35,9 млрд теңге қаражатты ішкі қайта бөлу есебінен шұғыл шешуді қажет ететін міндеттемелерді қаржыландыру іске асырылады, – деп атап өтті Ә. Смайылов.
Жалпы отырыста депутаттардың талқылауларынан кейін Мәжіліс Төрағасы заң жобасы бойынша пікір білдірді.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлеуметтік-стратегиялық бастамаларын одан әрі жалғастыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырмалар жүктеген болатын. Осыған байланысты азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қолға алынуда. Сондықтан осы үш жылдық бюджетке енгізілген өзгерістер барлық әлеуметтік тапсырмаларды жеткілікті қаражатпен қамтамасыз етуге зор ықпалын тигізеді, – деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы алтыншы шақырылған Парламент Мәжілісінің төртінші сессиясының осы соңғы жалпы отырысында сессия жұмысын қорытындылады.
– Бүгін біз төртінші сессиядағы Мәжілістің соңғы жалпы отырысын өткізіп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, бұл сессия Мәжіліс тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Осыған орай елімізге, халқымызға қажетті көптеген заң қабылданды, көптеген парламенттік іс-шара өтті. Олардың барлығы ең алдымен Елбасының әлеуметтік-экономикалық, стратегиялық міндеттерін орындауға арналды. Сонымен бірге Президент Қ.Тоқаевтың алға қойған тапсырмаларын жүзеге асыруға да бағытталды. Бұл депутаттық корпустың Үкіметпен, тиісті мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деуге болады, – деді Н.Нығматулин.