Қазақстан • 09 Шілде, 2019

Әскери бөлімді көшіру жұмыстары басталды

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арыс қаласының аумағындағы оқ-дәрі қалдықтарын жою жұмыстары басталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Тимур Дәндібаев мәлімдеді.

Әскери бөлімді көшіру жұмыстары басталды

– Арыс қаласының іргелес аумағында және тікелей арсенал аумағында жергілікті тұрғындардың қоңырау шалуы үшін 42 мобильдік топ құрылды, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары. 

Оның айтуына қарағанда, қазіргі уақытта оқ-дәрі қалдықтарын жою жұмыстары басталған. 

– Қарулы Күштердің инженерлік әскерлер бөлімшелері таңғы 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Тиісті құжат­тарға сәйкес тасымалдауға келмейтін оқ-дәрілердің қалдық­тары арсенал аумағында жойылады, ал қалғаны Арыс қала­сы­нан солтүстікке қарай 60 шақырымдай қашықтыққа шыға­рылып, арнайы жабдықталған полигонда жойылады, – деді Т.Дәндібаев.

Министрлік өкілінің айтуынша, оқ-дәрілердің қал­дық­тарын жою барысында жарылыстың дүңкілдеген дауысы шығуы мүмкін, бірақ ол дыбысқа алаңдау мен үрейленуге негіз жоқ. 

– Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмасының негізінде әскери бө­лімді де көшіру жұмыстары басталып кетті, – деді генерал-майор. 

Министрлік өкілі қаланы тазалау, оқ-дәрілердің бөл­шек­терін залалсыздандыру, әскери бөлімді көшіру жұмыстары тікелей Қорғаныс министрінің бақылауында екенін жеткізді. 

Сонымен қатар министрдің орынбасары қазір қала аумағында саперлар бөлімшесі жұмыс істеп жатқанын, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарының жіберілгенін, сол арқылы арсенал орналасқан және оған жапсарлас аумақ бақылауға алынғанын баяндады. Оған қоса, қару-жарақ бөлшектеріне кезіккен адамдардың хабарламасын қабылдау мақсатында арнайы инженерлік-саперлік бекеттер құрылған.

Қорғаныс министрінің орынбасары әскери қызметшілер үйлеріне оралған Арыс қаласы тұрғындарына көмек беріп жатқанын мәлімдеді.