Қоғам • 06 Тамыз, 2019

Есірткіге қатысты заңнама қатайтылады

324 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір әлемде және елдегі есірткі тұтынумен байланысты жағдай бірнеше жыл бұрынғымен салыстырғанда түбегейлі өзгерді. Оның үстіне, қоғамдық иммунитет қалыптасып қалған «әдеттегі» есірткілердің орнына неғұрлым қауіпті синтетикалық есірткілер келді.

Есірткіге қатысты заңнама қатайтылады

Есірткіні интернет арқылы сатушылар жазасы күшейтіледі

Соңғы жылдары заманауи техно­ло­гиялардың дамуын есірткі әзірлеу­ші­лер мен сатушылар өз мүдделеріне сай пайдаланып, небір заңсыз қитұрқы әрекеттерді  меңгеріп жатқаны жасырын емес. Оған қоса, шетелде тіркелген мессенджерлер, бақыланбайтын әлеу­меттік желілер, анонимді төлем жүйелері ты­йым салынған препараттарды сатудың жаңа байланыссыз әдістерінің бір бөлігіне айналды.

Осы тәсілдердің жолын кесуде не іс­телді? Ішкі істер министрінің кеңес­шісі Нұрділдә Ораздың айтуына қарағанда, жыл сайын түрлі есірткі заттарын жарнамалайтын немесе сататын 4,5 мыңнан астам сайт бұғатталады.

– ІІМ бастамасымен бақылаудағы есірткі заттарының тізімін барынша қыс­қа мерзімде жаңа психобелсенді заттар­мен толықтыруға мүмкіндік беретін заңнамаға түзетулер қабылдан­ды. Бұл тізімдер қазір барлық белгілі есірт­кілер мен олардың аналогтарын қамтиды. Сонымен қатар интернет-ресурстар арқылы есірткіні таратуға қатысты бірқатар заңнамалық бастамалар қаралуда, – дейді Н.Ораз.

Тек соңғы жылдары ғана ІІМ есірт­кіні өткізгені үшін жауапкершілікті кү­шейту бойынша қылмыстық заңнамаға түзетулер әзірледі, қылмыстың құра­мын «электрондық ақпараттық ресурс­тарда есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өткізу, жіберу немесе өткізу мақсатында дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау туралы ұсыныстарды орналастыру» деген саралау белгісімен толықтырады.

Осындай әрекеттің қаупін ескере отырып, оны жасағаны үшін 15 жыл­дан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бос­тандығынан айыру немесе мүл­кін тәркілей отырып, өмір бойы бас бос­тандығынан айыру түрінде қылмыстық жа­уапкершілік белгілеу ұсынылып отыр.

– Сондай-ақ есірткіні насихаттау немесе жарнамалау жолымен есірткі тұтынуға мәжбүрлеуге қатысты жа­уап­кершілікті енгізу ұсынылады. Бұл әрекет үшін баламалы жазалармен қатар 4 жылға дейінгі мерзімге бас бос­тандығынан айыру көзделген. Егер бұл қылмыс электронды ақпараттық ре­сурстардың көмегімен жасалса, кінә­лі адам 3 жылдан 8 жылға дейінгі мер­зімге бас бостандығынан айыру жа­засына кесіледі, – дейді ІІМ Есірт­кі қылмысына қарсы іс-қимыл депар­та­ментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиев.

Бұл түзетулерді Парламент Мәжі­лі­сінің қарауына енгізу кезекті сессия­ның жұмысы басталатын уақытқа жос­пар­ланған. Аталған шаралар есірткі сайтта­ры­ның электронды мекен-жайлары бар граффити-жазуларды қалдыру, есірт­кі сайттарын әкімшілендіру, сон­дай-ақ электронды ресурстар ар­қылы есірткілерді өткізу сияқты әрекет­терді қылмыстық іс жүргізу саласына енгізуге мүмкіндік береді.

Жалпы, жаңа синтетикалық есірт­кі­лерді қолдануға негізінен жасөс­пі­рімдер мен оқушы жастар тартыла­ты­нын ескере отырып, Ішкі істер ми­нис­тр­лігі ата-аналарға өздерінің балалары қарайтын интернет-ресурстар мен әлеуметтік же­лілерді бақылауды ұсынады.

 Жасанды есірткінің үлесі артып келеді

Біріккен ұлттар ұйымының жыл сайын жарияланатын баяндамасының жуырда таратылған биылғы есебінде апиын препараттарын теріс пайдаланатын адамдардың саны болжамды деректерден айтарлықтай асып, 53 млн адамды құрайтыны жазылған. Бұл бұрын болжанғаннан 53 пайызға артық.

Сонымен қатар есірткі тұтыну­шы­лар санының өсуінің негізгі себептері ретінде баяндамада опиоидтарды тұ­ты­нудың өсуі, сондай-ақ каннабистің кеңі­нен тарауы атап көрсетілген.

«Бұрынғыдай синтетикалық опиоидтар елеулі қауіп төндіреді, оларды пайдаланудан өлім-жітім өсіп келеді, фентанил мен сол тектестердің заңсыз айналымының ауқымы кеңеюде», делін­ген баяндамада. Халықаралық ұйымның дерек­тер­іне қарағанда, есірткіні пайдалану нәтижесінде 2017 жылы 585 мың адам қайтыс болды, осы өлімдердің үш­тен екісіне опиоидтар себепші болған. Ал әлемде ең көп таралған есірткі – кан­набис, ал ең қауіптілерінің басында опиоидтар-героин мен опиум болып қалып отыр.

Әлемдегі героиннің заңсыз айна­лы­мының ең ірі бағыты бұрынғыдай Балқан бағыты, ол бойынша есірткі Ау­­ғанстаннан Иранға, Түркияға, Бал­қан елдеріне контрабандалық жолмен тү­седі. Басқа бағыттар бойынша героин Ауғанстаннан Пәкістан арқылы Оң­түс­тік Азияға немесе Африкаға (Оңтүстік бағыт) немесе Орталық Азия арқылы Ре­сей нарықтарына (солтүстік бағыт) шы­ғарылады. Алайда, халықаралық са­рап­шылардың мәліметінше, бұл ба­ғыттардың маңыздылығы төмендеуде.

Мәселен, егер 2008 жылы солтүстік бағыты бойында орналасқан елдерде анықталған морфин мен героин кө­лемі 10 пайызы болса, 2017 жыл­ға қарай бұл көрсеткіш 1 пайызға дейін төмендеді. Бұл солтүстік бағыт бойын­дағы нарықтарда синтетикалық есірт­кілерге сұраныс құрылымының өзге­руіне байланысты болуы мүмкін.

Сонымен қатар аймақтық іс-шара­ларының тиімділігін арттыру да белгілі бір рөл атқарып келеді.

– Баяндамада Орталық Азия елдері БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі бас­қармасының қолдауымен БҰҰ ЕҚБ кешенді елдік, өңірлік және жаһан­дық бағдарламалары, сондай-ақ Ор­талық Азия өңірлік ақпараттық үйлес­тіру орталығы (Қазақстанда, Ал­маты қаласында орналасқан) сияқ­ты плат­формалар арқылы өңірлік ынты­мақ­тастықты нығайтуға айтарлық­тай ресурстар бөлінгендігі атап көрсетілген, – дейді ІІМ өкілі Берікхан Нұрғалиев.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гу­тер­риштің осыған байланысты жолдауында мемлекеттер нашақорлықтың алдын алу және емдеу, адам құқығын сақтай отырып, есірткіге тәуелділерді оңалтуды жүргізу керек деп айтылған. Бұл ретте нашақорлықпен күресте отбасы, мектеп пен қауым шешуші рөл атқарады. Әсіресе, есірткіні теріс пайдалану ұзақ мерзімді ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін.