Есірткіні интернет арқылы сатушылар жазасы күшейтіледі
Соңғы жылдары заманауи технологиялардың дамуын есірткі әзірлеушілер мен сатушылар өз мүдделеріне сай пайдаланып, небір заңсыз қитұрқы әрекеттерді меңгеріп жатқаны жасырын емес. Оған қоса, шетелде тіркелген мессенджерлер, бақыланбайтын әлеуметтік желілер, анонимді төлем жүйелері тыйым салынған препараттарды сатудың жаңа байланыссыз әдістерінің бір бөлігіне айналды.
Осы тәсілдердің жолын кесуде не істелді? Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораздың айтуына қарағанда, жыл сайын түрлі есірткі заттарын жарнамалайтын немесе сататын 4,5 мыңнан астам сайт бұғатталады.
– ІІМ бастамасымен бақылаудағы есірткі заттарының тізімін барынша қысқа мерзімде жаңа психобелсенді заттармен толықтыруға мүмкіндік беретін заңнамаға түзетулер қабылданды. Бұл тізімдер қазір барлық белгілі есірткілер мен олардың аналогтарын қамтиды. Сонымен қатар интернет-ресурстар арқылы есірткіні таратуға қатысты бірқатар заңнамалық бастамалар қаралуда, – дейді Н.Ораз.
Тек соңғы жылдары ғана ІІМ есірткіні өткізгені үшін жауапкершілікті күшейту бойынша қылмыстық заңнамаға түзетулер әзірледі, қылмыстың құрамын «электрондық ақпараттық ресурстарда есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өткізу, жіберу немесе өткізу мақсатында дайындау, сатып алу, сақтау, тасымалдау туралы ұсыныстарды орналастыру» деген саралау белгісімен толықтырады.
Осындай әрекеттің қаупін ескере отырып, оны жасағаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе мүлкін тәркілей отырып, өмір бойы бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік белгілеу ұсынылып отыр.
– Сондай-ақ есірткіні насихаттау немесе жарнамалау жолымен есірткі тұтынуға мәжбүрлеуге қатысты жауапкершілікті енгізу ұсынылады. Бұл әрекет үшін баламалы жазалармен қатар 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Егер бұл қылмыс электронды ақпараттық ресурстардың көмегімен жасалса, кінәлі адам 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі, – дейді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиев.
Бұл түзетулерді Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу кезекті сессияның жұмысы басталатын уақытқа жоспарланған. Аталған шаралар есірткі сайттарының электронды мекен-жайлары бар граффити-жазуларды қалдыру, есірткі сайттарын әкімшілендіру, сондай-ақ электронды ресурстар арқылы есірткілерді өткізу сияқты әрекеттерді қылмыстық іс жүргізу саласына енгізуге мүмкіндік береді.
Жалпы, жаңа синтетикалық есірткілерді қолдануға негізінен жасөспірімдер мен оқушы жастар тартылатынын ескере отырып, Ішкі істер министрлігі ата-аналарға өздерінің балалары қарайтын интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерді бақылауды ұсынады.
Жасанды есірткінің үлесі артып келеді
Біріккен ұлттар ұйымының жыл сайын жарияланатын баяндамасының жуырда таратылған биылғы есебінде апиын препараттарын теріс пайдаланатын адамдардың саны болжамды деректерден айтарлықтай асып, 53 млн адамды құрайтыны жазылған. Бұл бұрын болжанғаннан 53 пайызға артық.
Сонымен қатар есірткі тұтынушылар санының өсуінің негізгі себептері ретінде баяндамада опиоидтарды тұтынудың өсуі, сондай-ақ каннабистің кеңінен тарауы атап көрсетілген.
«Бұрынғыдай синтетикалық опиоидтар елеулі қауіп төндіреді, оларды пайдаланудан өлім-жітім өсіп келеді, фентанил мен сол тектестердің заңсыз айналымының ауқымы кеңеюде», делінген баяндамада. Халықаралық ұйымның деректеріне қарағанда, есірткіні пайдалану нәтижесінде 2017 жылы 585 мың адам қайтыс болды, осы өлімдердің үштен екісіне опиоидтар себепші болған. Ал әлемде ең көп таралған есірткі – каннабис, ал ең қауіптілерінің басында опиоидтар-героин мен опиум болып қалып отыр.
Әлемдегі героиннің заңсыз айналымының ең ірі бағыты бұрынғыдай Балқан бағыты, ол бойынша есірткі Ауғанстаннан Иранға, Түркияға, Балқан елдеріне контрабандалық жолмен түседі. Басқа бағыттар бойынша героин Ауғанстаннан Пәкістан арқылы Оңтүстік Азияға немесе Африкаға (Оңтүстік бағыт) немесе Орталық Азия арқылы Ресей нарықтарына (солтүстік бағыт) шығарылады. Алайда, халықаралық сарапшылардың мәліметінше, бұл бағыттардың маңыздылығы төмендеуде.
Мәселен, егер 2008 жылы солтүстік бағыты бойында орналасқан елдерде анықталған морфин мен героин көлемі 10 пайызы болса, 2017 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 пайызға дейін төмендеді. Бұл солтүстік бағыт бойындағы нарықтарда синтетикалық есірткілерге сұраныс құрылымының өзгеруіне байланысты болуы мүмкін.
Сонымен қатар аймақтық іс-шараларының тиімділігін арттыру да белгілі бір рөл атқарып келеді.
– Баяндамада Орталық Азия елдері БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының қолдауымен БҰҰ ЕҚБ кешенді елдік, өңірлік және жаһандық бағдарламалары, сондай-ақ Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (Қазақстанда, Алматы қаласында орналасқан) сияқты платформалар арқылы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай ресурстар бөлінгендігі атап көрсетілген, – дейді ІІМ өкілі Берікхан Нұрғалиев.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің осыған байланысты жолдауында мемлекеттер нашақорлықтың алдын алу және емдеу, адам құқығын сақтай отырып, есірткіге тәуелділерді оңалтуды жүргізу керек деп айтылған. Бұл ретте нашақорлықпен күресте отбасы, мектеп пен қауым шешуші рөл атқарады. Әсіресе, есірткіні теріс пайдалану ұзақ мерзімді ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін.