Қоғам • 25 Шілде, 2024

Әжетхана ма, дәретхана ма?

1170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сонымен жеке ел болып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, ана тілімізді құтты орнына қондырғанымызға да отыз жылдан асты. Мемлекет тіл мәселесінде терең ғылыми, күрделі пәлсапалық терминдерді айтпай-ақ қоялық, жай тұрмыстық сөздердің өзін орнымен қолданбайтынымыз қалай?

Әжетхана ма, дәретхана ма?

Алысқа бармай, кеңес тұсында көбіміз «туалет» дейтін орынның қазақшасын алайықшы. 90-жылдары зиялы қауым осыны «әжет­хана» деп тап-тамаша қолданысқа енгізіп-ақ еді, қайдан шыққаны беймәлім, осы «патшалар да жаяу баратын» бөлменің атауы кейін «дәретхана» болып кетті. Шы­нымызды айтсақ, осы­ған (кейінгісіне) «Бұл қалай? 70 па­йыздан астам мұсылман жұртшылығы мекендейтін елміз. Дәрет – тазалану деген сөз. Құдай ке­шірсін, біздің әжетханамыздың 95 пайызында дәрет алатын құ­рылғы да жоқ. Ол – тек әжетті өтейтін жер» деп намыстан күйіп жүретінбіз... Таяуда Ташкент жақтан бір өзбек ескі әріптесіміз келіп, осы қателікті бетімізге басқандай болды. Ол кісі: «Бай­қаймын, сіздерде туалетті барлық мекемеде дәретхана дейді екен. Біз hojatxona, яғни қазақша қо­тарсақ «қажетхана» деп атаймыз. Дәрет пен қажеттілік екі басқа емес пе?», деді.

Сіз мұны айтасыз, қазір 20 миллион халқымызға арналған әжетхана қағазының өзі «дәрет­хана қағазы» болып шы­ғатын болды. Мәселенің мәнісіне шындап үңіл­сек, мұсылман баласы дәретті қағазбен емес, сумен алады ғой. Сол жағынан да атауы сәйкес кел­мейді.

Біздің ұсынысымыз мынау: біріншіден, еліміздің барлық мекемесінің, әсіресе коммуналдық қызметінің басшылары өз қа­рауын­дағы орындарының туа­летін «әжетхана» деп қазақша сауатты жазылуын қадағаласа; екін­шіден, еліміздің күллі өңіріндегі туалет қағазын шығаратын кә­сіп­орындар басшылары өз өнім­деріне бірыңғай «әжетхана қа­ғазы» деп дұрыс жазуды қолға алса.

Бұрынғылар «Қателік қағи­даға айналмасын!» деп ескертуші еді. Қарапайым, бірақ қажетті дүниені қаперге салуымыз сон­дықтан. «Әжетханаға да мәдениет керек!» дейміз-ау. Мәдениеттің әліппесі дұрыс атаудан басталады.

 

Керімжан АЙНАБЕКҰЛЫ,
еңбек ардагері