Қоғам • 23 Шілде, 2024

Классик киген костюм

195 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің жалпы экспозициясы өлкенің бай табиғаты мен көне тарихынан сыр шертеді. Музейдің орналасқан ғи­мараты – 1933-1934 жыл­дары Кеген аудандық пар­тия комитетінің бірін­­ші хатшысы Ораз Жандо­с­овқа салынған үй.

Классик киген костюм

1987 жылы тарихи-этно­графиялық музей болып құры­лып, одан кейінгі жылдары Райымбек аудандық тарихи-өлкетану музейі деп аталса, екі ауданның бөлінуіне байланысты 2018 жылдан бастап Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейі аталады. Музей қонақтары таулы өңірдің тарихымен қатар, оның қалыптасуына үлес қосқан қайраткерлердің өмір-дерегіне қанығады.

Музейдің ерекше және құн­ды экспонаттарының тізі­мінде көрнекті жазушы, қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың жеке заттары сақтаулы тұр.

«Нарынқол туып-өскен ауданым-ай,
Көркем жер болмас сенің аумағыңдай.
Кетерде сенен ұзап көзім қимай,
Қызыл тіл өлеңдетіп зауладым-ай», – деп жазушының өзі жыр­лағандай, Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы осы өңірде дүниеге келген.

«Экспозиция залына жазу­шының өміріне қатысты фотосуреттермен қатар, жеке заттары қойылған. Оларды 2014 жылы қарындасы Несіпқан Соқпақбаева музей қорына табыстаған. Атап айтсақ, балалар әдебиетінің клас­сигі Б.Соқпақбаевтың өзі киген костюмі мен жемпірі, кө­зіл­дірігі, қаламсабы мен қол­жат­тықтырғышы, сағаты да осы музейде сақтаулы», дейді музейдің экс­курсия жетекшісі Аяулым Ақымжан.

Алматы облысы