Әлем • 07 Тамыз, 2019

Жарылыс 20 адамның өмірін жалмап кетті

245 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мысыр Ішкі істер министрлігі Каир қаласында болған лаңкестік әрекеттер «Мұсылман бауырлар» террористік тобына (Қазақстанда тыйым салынған) қарасты «Хасам» қозғалысының әрекеті деген болжам жасап отыр.

Жарылыс 20 адамның өмірін жалмап кетті

Дүйсенбі күні ел астанасының Маньял ауданында жол бойында орна­ласқан Ұлттық онкология институты жанында болған жарылыстан 20 адам қаза тауып, 47 адам жараланған еді.

Бұл оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мы­сыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисиге көңіл айту жедел­хатын жолдап, Қазақстан халқы­ның және жеке өзінің атынан Мысыр астанасы Каир қаласында болған лаң­кестік әрекеттердің салдарынан қаза тап­қандардың отбасылары мен жақын­дары­на көңіл айтып, зардап шеккен­дердің тез сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Осы оқиғаның ізін ала Мысыр президенті де өз халқына көңіл айтып, сабырға шақырды. Әуелгіде бұл оқиға аурухана ішінде оттегі баллоны жарылысындай көрініп, сәл уақыт өте жол апатының салдарынан болған жарылыс деп бағаланғанымен, тергеп-тексерулер барысында оның лаңкестік екені және террористік ұйымдардың қатысы бары анықталып отыр. Жергілікті полицияның деректеріне қарағанда, соқтығысқан автокөліктердің біріне жарылғыш заттар лық толтырылған болып шықты. Оның үстіне, аталған автокөлік осыдан бірнеше ай бұрын ұрланып, іздеу салынған екен.

Жарылыс аурухана алдында болған­дық­тан, емдеу мекемесіндегі адамдар қа­уіпсіз жерге көшірілген. Ал ғимараттың өзі қатты зақымданған.  Тергеу амалдары жүргізілуде.