Дүйсенбі күні ел астанасының Маньял ауданында жол бойында орналасқан Ұлттық онкология институты жанында болған жарылыстан 20 адам қаза тауып, 47 адам жараланған еді.
Бұл оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисиге көңіл айту жеделхатын жолдап, Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Мысыр астанасы Каир қаласында болған лаңкестік әрекеттердің салдарынан қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Осы оқиғаның ізін ала Мысыр президенті де өз халқына көңіл айтып, сабырға шақырды. Әуелгіде бұл оқиға аурухана ішінде оттегі баллоны жарылысындай көрініп, сәл уақыт өте жол апатының салдарынан болған жарылыс деп бағаланғанымен, тергеп-тексерулер барысында оның лаңкестік екені және террористік ұйымдардың қатысы бары анықталып отыр. Жергілікті полицияның деректеріне қарағанда, соқтығысқан автокөліктердің біріне жарылғыш заттар лық толтырылған болып шықты. Оның үстіне, аталған автокөлік осыдан бірнеше ай бұрын ұрланып, іздеу салынған екен.
Жарылыс аурухана алдында болғандықтан, емдеу мекемесіндегі адамдар қауіпсіз жерге көшірілген. Ал ғимараттың өзі қатты зақымданған. Тергеу амалдары жүргізілуде.