Экология • 07 Тамыз, 2019

Таудағы өртті сөндіру оңай болмай тұр

369 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен дүйсенбі күні Алматы облысы Панфилов ауданы Талды ауылдық округінің аумағындағы таулы жерлерде дала өртін сөндіру кезінде 3 адам қаза тапты. Оның біреуі Жаркент орман шаруашылығы мекемесінің қызметкері, қалған екеуі – өртті өз күштерімен сөндіруге тырысқан жергілікті тұрғындар.

Таудағы өртті сөндіру  оңай болмай тұр

Ішкі істер министрлігі бас­пасөз қызметінің хабарлауынша, өртті сөндіру кезінде сонымен қатар 7 адам түрлі дәрежедегі күйік алған, оның ішінде 1 адам аяғын сындырып алыпты. Зардап шеккендер Леснов ауылына тікұшақпен жеткізіліп, одан әрі Жаркент қаласының орталық аудандық ауруханасына жеткізудің қамы жасалған.

Оқиға орнында Алматы облысының ТЖД мен Полиция департаментінің жеке құрамынан 59 адам, 13-тен астам арнайы техника, сондай-ақ Жаркент мемлекеттік орман мекемесінің қызметкерлері жұмыс істеуде.

Өрт ошағын сөндіруге өрт сөн­дірушілер және полиция қызмет­керлерімен бірге жер­гілікті тұрғындар, сондай-ақ ор­ман шаруашылығы қыз­мет­кер­ле­рінен құрылған өртке қарсы ерікті құрылымдар жұмыл­ды­рылды.

Таулы жердегі өртті сөндіру қиын­дық туғызуына байланысты суағар құрыл­ғысы бар МИ-8 тікұшағы тартылған. Жа­қын маңда су алатын айдын-көл бол­мағандықтан, әуе кемесі адамдарды тасымалдап, қоржынды бүріккіштерді сумен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуде.

Оған қоса, күрделі метео­жағдайда айналаның көрінуі нашар болғандықтан, бар салмақ өрт сөндірушілердің өздеріне түсіп жатыр.

Қазіргі уақытта өртті сөндіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Өрт ошақтарын оқшаулау үшін қосымша күштер мен құралдар тартылған. Кеше оқиға орнына «Қазавиақұтқару» мекемесінің тағы бір тікұшағы жіберілген.