Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өртті сөндіру кезінде сонымен қатар 7 адам түрлі дәрежедегі күйік алған, оның ішінде 1 адам аяғын сындырып алыпты. Зардап шеккендер Леснов ауылына тікұшақпен жеткізіліп, одан әрі Жаркент қаласының орталық аудандық ауруханасына жеткізудің қамы жасалған.
Оқиға орнында Алматы облысының ТЖД мен Полиция департаментінің жеке құрамынан 59 адам, 13-тен астам арнайы техника, сондай-ақ Жаркент мемлекеттік орман мекемесінің қызметкерлері жұмыс істеуде.
Өрт ошағын сөндіруге өрт сөндірушілер және полиция қызметкерлерімен бірге жергілікті тұрғындар, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінен құрылған өртке қарсы ерікті құрылымдар жұмылдырылды.
Таулы жердегі өртті сөндіру қиындық туғызуына байланысты суағар құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы тартылған. Жақын маңда су алатын айдын-көл болмағандықтан, әуе кемесі адамдарды тасымалдап, қоржынды бүріккіштерді сумен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуде.
Оған қоса, күрделі метеожағдайда айналаның көрінуі нашар болғандықтан, бар салмақ өрт сөндірушілердің өздеріне түсіп жатыр.
Қазіргі уақытта өртті сөндіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Өрт ошақтарын оқшаулау үшін қосымша күштер мен құралдар тартылған. Кеше оқиға орнына «Қазавиақұтқару» мекемесінің тағы бір тікұшағы жіберілген.