Қайғылы оқиға 2025 жылдың күзінде Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданындағы Докучаево ауылында болған. Тергеу дерегінше, 22 жастағы жұмысшы мас күйінде «Бурбат» ЖШС директоры, 52 жастағы Азамат Батановтың үйіне барып, оны атып өлтірген.
Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Сот алдында екі адам жауап берді. Оның бірі кәсіпкерге отқан Вадим Орлов болса, екіншісі аса ауыр қылмысты жасырып қалған Виктор Торгашов.
Айыптау нұсқасына сәйкес, Орлов алкогольдік масаң күйде аңшы мылтығын алып, ауыл ішінде бұрын ренжіскен адамдармен «есеп айырысуға» шыққан. Кейін ол бұрын жұмыс істеген шаруашылық басшысы Батановтан еңбекақысын талап ету үшін оның үйіне барған. Келіспеушілік кезінде Орлов кәсіпкердің кеуде тұсына, кейін басына оқ атқан. Алған жарақатынан кәсіпкер көз жұмған.
Сотта айыпталушы бастапқыда кінәсін ішінара мойындап, кейін өзін-өзі қорғадым деп мәлімдеді. Ол шаруашылықта бейресми жұмыс істеп, 1,3 млн теңге еңбекақы алмағанын айтқан. Алайда марқұмның қызы бұл мәліметті жоққа шығарды.
10 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты үкім шығарды. Үкімге сәйкес, Вадим Орлов 11 жылға орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесіне, Виктор Торгашов 2 жылға ең төменгі қауіпсіздіктегі мекемеге сотталды.
Сондай-ақ сот Орловтан марқұмның жұбайы, екі қызы мен ата-анасының әрқайсысына моральдық шығын ретінде 2,5 миллион теңгеден өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Алайда, жәбірленуші тарап үкімді жеңіл деп санайды, апелляцияға шағым беру мәселесі әлі қарастырылып жатыр.