Руханият • 13 Тамыз, 2019

Қазақ қабілеті

936 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақтың қарымы мен дары­нының ерекше болғанына арғы-бергі тарихқа көз жүгіртіп, ой тоқ­татсаң көзің айқын жетеді. Бүгінге жет­кен ежелгі дәуір сөздері, халық ауыз әдебиеті, одан кейінгі ұлт данышпандарының дара байламы ұлт рухының қайнары бол­ғаны айдай ақиқат. Оқымаса да тоқығаны ұшан-теңіз, ақыл дәрия­сын ағытқан жыраулардың жырындағы бір шумақта шым кестедей тұнып тұруымен қатар, ұлттық философияның да бастауы саналатыны рас.

Қазақ қабілеті

 «Таза мінсіз асыл сөз, Ой түбінде жатады... Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады», «Бұл заманда не ғаріп?.. Ата жұрты бұқара, Өз қолында болмаса, Қанша жақсы болса да, Қайратты туған ер ғаріп», деп Асан қайғы абыз ХV ғасырда сөз құдіретін, ел қамын, береке бірлікті бекемдеуді өсиет етсе, біз бүгін құнын бі­ліп, таңғалып айтып, тамсанып ішіп жүрген қымызды үш ғасыр бұрын «Жылқыдан асқан мал бар ма, Биенің сүті сары бал – Қымыздан асқан дәм бар ма!»,  деп Ақтамберді бабамыз бағасын беріп кетіпті. «Ұл он беске келгенше, Қолға ұстаған қобызың, Ұл он бестен асқан соң, Тіл алмаса доңызың», «Бай болмаған бай болса, – Жайламаған сай қоймас, Би болмаған би болса, – Айтылмаған сөз қоймас, Хан болмаған хан болса, – Қанамаған ел қоймас», десе Үмбетей жырау, Бұқар жырау: «Ай, заман-ай, заман-ай... Істің бәрі күмән-ай... Құл-құтандар жиылып, Құда болған заман-ай. Арғымағын жоғалтып, Тай жүгірткен заман-ай», деп жақсы менен жаманды салыстырып, саралық танытыпты.

Бұл сөздердің бәрі бізге ұрпақ­тар арасындағы сабақтас­тық, яғни жақсылардың айтқанын хатқа түсірмесе де санасына жазып, ауыздан ауызға жалғаған зерек зер­делілер жеткізгені белгілі. Нақ­ты­лай айтсақ, бұл қазақтың қабі­л­етін, жадының мықты еке­нін көр­сетеді. Оның үстіне бұрын­ғы­л­ар мұны ұлттық үлгіге, айны­мас өсиетке айналдырған. Оны ата­ мен немере, әже мен немере қыз ұстанымымен бекітіп отыр­ған. Ондай үлгі болмаса ру­хани жау­­һар­­лар баяғыда-ақ жо­ға­лып ты­­нар еді. Мұның бәрі бұл­жыт­пай орын­дай­тын халықтық заңмен орын­да­латын болған. Оған адал­дық танытпағандарды атасына нә­лет кел­тіргендер есебінде шетке қаққан.

Иә, алдағы абыздардың өне­ге­сін ұлт ұйытқысына айналған үш би, ел тұтастығы дегенде егеулі найза ұстап, өзіндей өжеті кемдерге кейігенде «Жамандарға қа­расаң, Малын көрер жанындай», деп қатуланған Махамбет, өрнекті өлеңінде: «Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңіл бөл. Егер сәулең болмаса, Мейлің тіріл, мейлің өл»,  деп, «Осы мен өзім – қазақпын.Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?»,  деп кара сөзінде халқының қадірлі қасиеттерін де, қабырғаны қайыстырар әттеген-айын да айтып кеткен Абай – қазақ қабілетіне тәнті етеді.

Алаш арыстарының қабілет қарымының шет-шегіне екінің бірінің өресі жете алмаса керек. Елдік іс, ұлт тілі, ұрпақ бо­­л­а­шағы – олар қозғамаған та­қы­рып кемде-кем. Қозғап қана қой­­май, шамалары жеткенше іске асыр­ғандары да аз емес. Іске ас­па­ғанын қағаз бетінде қал­ды­­рып кеткен. Олардың кемел­дік­­тері, білім-біліктері – таны­ған, тү­сін­ген адамға таптырмас құ­рал, адас­тырмас бағыт. Елім, жұр­тым дегенде бір саламен шек­те­ліп қалмай, әлемнің мық­ты­лары­мен ой қағыстыра келіп, иық­та­сып тұра қалғанда еңселері биік кө­рі­­неді. Олардың көзін көр­ген, тә­лі­мін алған, оны әр қыры­нан за­ман ыңғайына қарай пай­да­­лан­­ған Мұхтар Әуезов әлемі – қ­азақ қарымының дәлел-дә­йе­гі бо­­­лар­­лық. Жиырма жасында «...қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы әрі бі­тімді, қайратты сауықшыл... До­сы­­мен достасып, жауымен жау­ла­суға табанды, қайғыра да, қуа­на да білетін халық», деп осы ха­лық­тың алтын арқауы әйел екенін айтып, «...адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізетін – әйел. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!», деген екен. Дара Абайдың даналығын қара сөзде тербей отырып, бүкіл қазақтың болмысын ашқан да сол Әуезовтің қабілеті еді ғой. Ал тоқсаннан асқан Жамбылдың қабілеті тіпті бөлек болған. Оған бір ғана мысал, Нұртас Оңдасынов сұрапыл соғыс жүріп жатқанда, жауынгерлердің рухын көтеру үшін Ленинград туралы сәлем сөз арнауға өтініш жасапты. Сонда ұлы жырау «Ленинградтық өренім» толғауын шығарыпты. Жүзге қадам басқан жүйріктің бұл жыры жауынгерлерге рух берумен қатар, жауға да соққы болып тиіпті. Мұны қазақтың қабілеті демей көріңіз.

«Ой еңбегін ұршықша иіретін қазақта қабілет жетеді», деген Қаныш Сәтпаевтың, тұң­ғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров­тің ой-өресі мен бітім болмысы қазақтың кім екенін көрсету­мен келеді. Санай берсек саңлақ­тары­мыз жетіп артылады. Тек өнегесін үйренуден, ежелден келе жатқан сабақтастықтан адасып қалмасақ болғаны. Бұл әсіресе азаттықтың дәмін татып, қызығын көріп жүрген бүгінгі жасқа да, жасамысқа да, ақсақалға да, бүтін қазаққа қажет болып тұр.

Қабілетті қазақтың алтын арқауы үзілген жоқ. Небір дарындар дара көрініп жүр. Олар ғылымда да, ауыл елде де, өнерде де, қаламгерлер арасында да мол. Бірақ соларды бағалау, талантты дер кезінде танып, ашылған жаңалықты, жазған шығарманы, айтқан әнді түсіну жағы кемшін болып тұрғандай. Мидың қырық қатпарынан шыққан ақылды ұғу жағы олқы соғып тұрғанын несіне жасырамыз. Осыдан келіп, ақыл-ой иелерінің шетке кету үрдісі тыйылудың орнына, көбейіп бара жатқандай. Оған бір ғана мысал, бір жылдың ішінде отыз мыңға таяу ақыл-ой иелерінің шетке кеткенін баса айта кетелік. Бұған қоса, елімізден жыл са­йын шетелдерге 14-28 жастағы 8 мың қандас шетел асады екен. Мына бір нәрсені де айта кетсек дейміз, біздегі ғылыми атағы барлар бар­шылық. Аты-жөнінен кейін жаз­­ғанына қарасаң атақтары сан салалы, академиктер де бар­шы­лық. Ақиқатына келсек, академик киелі ұғым еді. Ғылым докторы ғылым шыңы, академик өресіне қарай қатаң талаппен берілетін атақ еді. Бұл күндері сол қасиетті атаққа ие болғандардың ғылым докторы, кандидаттарды былай қойғанда, түк ғылыми атағы жоқтар да ие болуда. Той-жиында олардың да аты ерекше аталып, академик дегенді қосу үрдіске айналды.

Кейде ғылыми атағы бардың да, жоқтың да, отандық ғылымға қосқан үлесі, өндіріске енгізген жетістігі қандай екен деген ой мазалай береді. Мазалаған сұраққа жауап табыла бермейді. Бұл жеңіл-желпімен қазақ қабілетін әлсірету емес пе?

Бұрын ән өнері жалына қол апартпайтын тұлпардай тулап тұратын. Қазір әншіде есеп болмай барады. Халықтың арасында, әсіресе тойда бәрі жанып тұрған жұлдыз. Табыстары мол болған соң ба алыс елдерге барып сән-салтанатпен демалып жатқан суреттерін желіге жіберіп, біраз жұрттың жүйкесіне тиіп жүргені және бар. Нағыз жұлдыздар шыққанда олар ұяла­тын болар дегенбіз. Жоқ, өршіп бара жатқандай. Бұл да қазақ қа­білетіне көлеңке түсірмей қоя ма.

Қазақтың мықты екені шүбәсіз. «Әй, бәрекелді!» дегізетін талассыз таланттары да бар. Тек, шын жүйрікпен танылсақ, қазақтың қабілеті айқындалып, үзіліп бара жатқан сабақтастық жалғанар еді. Мықтылықты мығым ісімізбен көрсетпесек, ұлт қабілеті таяздап, тобырлық «салтанат» құра бермек. Мұны бүгін ойластырмасақ, ертең кеш болып, әлі тобырлық талғамды жою қиынға соғуы мүмкін.