Аймақтар • 29 Тамыз, 2019

Орталық Азиядағы ең ірі кен орны

771 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жергілікті жердегі ауқымды жобаны жүзеге асыруға 100 миллиард теңге инвестиция бағытталады.

Қалайы жер қойнауында сирек кездесетіндіктен, өте қымбат металл санатына жатады. Лондон қор биржасында оның 1 тоннасы 19-21 мың АҚШ долларына бағаланады. Алдағы уақытта бағасы өсе түсуі ықтимал. Өйткені биыл әлемдік нарықтағы сұраныс 357 мың тоннаны құрап, рекордтық көрсеткішке жеткелі отыр.

Орталық Азиядағы ең ірі кен орны

Қалайының әлемдегі орны. Былтыр бірқатар салада жетіс­пеу­ші­­лігі байқалып, мамандар мұндай теңгерімсіздікті қа­ла­­йы қорының аздығымен түсін­дір­ген. Әлемнің 56 елінде бағалы металдың 30 миллион тоннаға жуық қоры барланған. Қытай, Перу, Индонезия, Малайзия, Боливия, Таиланд, Бразилия, Аустралия сияқты мемлекеттер алпауыттар көшін бастап келеді. Индонезия, Перу, Қытай үшеуі қосылып, әлемдік нарықтағы қалайының 80 пайыздайын өндіреді. Алайда Қытай, әрі кетсе 100 мың тонна ғана шикізат сатуға қауқарлы, себебі ішкі тұтынудан артылмайды.

Күміс түсті ақ, жұмсақ, иіл­гіш металл біздің за­маны­мыз­­дан алты мың жыл бұрын белгі­лі болып, тұр­мыс­тық, әсем­дік бұйымдар жа­сау­ға пай­да­ла­нылған. Ал техно­ло­гия­ның қарыш­тап дамыған заманында өнеркәсіптік негізде қолданылу аясы кеңейіп, бүгінде литий-ионды аккумуляторлар мен электр энергия сақтайтын құралдар өндірісінде үлкен сұранысқа ие. Тек аккумулятордың анодтық материалының өзі ғана жылына 10-20 мың тонна қалайыны қажет ететін көрінеді. Міне, сыртқы әсерге төзімді, берік, суда өзгермейтін, жасанды жолмен көптеген радиоактивті изотоптар алынатын артықшылық қасиеттері тұтынуды ұлғайтпаса бәсеңдетпесі анық.

Қалайы жалатылған темір­дің тотықпайтыны әмбеге аян. Оның мыспен құймасы қола өнеркәсібін қарқынды дамы­ту­ға мүмкіндік берсе, төрткүл дүниеде өндірілетін металдың жартысына жуығы ақ қаңылтыр, сонымен қатар подшипник, түрлі сымдар, қола бұйымдар жасауға жұмсалады.

Қазақстандағы қарқын. Еліміз кен ресур­с­та­ры және әралуандығы жөнінен Орталық Азияда топ бастап жүргені даусыз. Қуатты минералдық шикізат базасы бүгіндері даму стратегиямызды анықтайтын негізгі фактор­лар­дың біріне айналып, ұлттық эконо­ми­ка­мыз­дың қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. Дегенмен әлемдік нарыққа шыға­ры­латын жерас­ты қазынамыз есепсіз емес. Өңдел­ген күйінде жөнелтілсе құба-құп болар еді деген ел тілеуінің де ауылы алыс емес сықылды. Оған дәлеліміз де жоқ емес. Қазақстандағы қалайының 65 пайы­зы шоғырланған Сы­рым­­бет кен орны арқылы ғана еліміз әлемдегі ең ірі қа­ла­йы өндірушінің ондығына қосы­лады.

Бірақ шаттануға әзір ертерек. Өйткені кей­бі­­реулер үшін таусылмайтындай көрінетін мол байлығымызға сырттан да, іштен де көз тік­кен­дер көп болғанымен, тиіп-қашты қаржы құйғандар үшін шағылмайтын жаңғақ іспет­тес. Түсті металл өндірудің индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдар­ла­масына бірнеше мәрте енгізіліп, әлеуеті зор өндірістік жоба ретінде бағаланғанымен, қаражат тапшылығы та­лай­­лар­дың қолын байлағаны рас. Қалталы қар­жы­­герлердің өздері бағдарламаны іске қосуға қанша талпынғанымен, ақырына дейін тәуекел ете алмаған. Бас шай­қас­­қан күйлері кері қайтқан.

Урашыл кейбір шенеуніктер жобаның Индустрияландыру картасына кіргенін өздерінше жорыды ма екен, тау-метал­лур­гиялық кешен 2018 жылы іске қосылып, жарты мың адам тұрақты жұмысқа тартылатын болды деп алаулатып-жалаулатып жібергені бар. Ширек ғасырға жуық геологиялық іздеу-барлау және кешенді сараптамалық жұмыстар жүргізіліп, қалайыдан бөлек 70-тен астам минерал қоры анықталған. Табысты саланы бастауға ұзақ уақыт, қыруар қаржы жұмсалса да игерілмеген күйі қала берген.

Солтүстіктегі серпіліс. Қазақстандағы алғашқы және Орталық Азияда бала­ма­сы жоқ Сырымбет кен орны иге­ріліп, тұралап қалған жұ­мыс­тар қайтадан жанданатын болыпты деген жаңалыққа сенімсіздікпен қарағандардың қарасы аз болмаған. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, күмән келтірушілердің есіне биоэтанол өндіруге бағыт­тал­ған «Биохим» зауыты түскен. «Даланың ғажайып құбы­лы­сы­на» баланған кәсіпорын көп ұзамай өз жұмысын тоқтатқан. Шикізаттың тапшылығынан бақандай он жыл иесіз қалғандай күй кешіп, шетелдік, отандық инвесторлардың арқасында ғана «Биооперейшин» деген атпен қайтадан іске қосылған. Ал бұл жолғы қаржыгерлердің өте әлеуетті әрі бизнестің ма­йын шайқап ішкен тәжірибелі екеніне сенген жандардың бо­йында үміт оты жанған. Бірінші жұмыс сапары барысында-ақ олар өндірісті дамыту жоспарына сәйкес болашақта атқарылатын сан-салалы іс-шаралар тізбегін ұсынған.

– Қалайы – экспорттық өнім. Солай бола тұра, елімізде бірде-бір кен игеру өнеркәсібі жоқ жалғыз облыспыз. Пайдалы қазбалар – жоғары өсімнің негізі, кеніштердің төңірегінде шағын және орта бизнес алға басады, тұрақты жұмыс орындары құрылады, салық жиналады. Біз өз тарапымыздан инфрақұрылымның оң шешілуіне көмек қолын созамыз. Кен орнына дейін жол салынды. Темір жол тартылуда. Кен байыту фабрикасы толық қуатына кіріскенде 600-700 адам жұмысқа орналасады, – деген еді алқалы басқосуда аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Облыс экономикасына бұрын-соңды құйы­лып көрмеген рекордтық инвестицияның мөл­ше­рі – 100 мил­лиард теңге! Иесі – «Tin One Mining» АҚ. Қалталы бизнесмендер қатарында 25 пайыз акцияны «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры иеленген. Демек, мем­лекет жауапкершілігі де жоғал­майды деген сөз. Акцио­­нерлік қоғамның вице-президенті Дмитрий Хан­ның сөзіне қарағанда, электр желілері жеткізіліп, 50 мега­ват­тық станса орнатылды. Келесі жылы кенді өңдеп, дайын тауарлы өнім етіп шығаратын комбинат іске қосылады. Үкімет пен жергілікті билік тарапынан жасалатын қолдаулар жер қойнауын пайдаланушыларды ынталандырып отыр.

Кен орны 4,5 шақырым аумақты алып жатыр. Оның тиім­ділігі полиметалды екен­ді­гінде. Сонысымен күр­де­лі. Вольфрам, мыс, тағы басқа элементтер жинақталған 99 мил­лион тонна кен қорының жарты миллион тоннадайы – металл түріндегі қалайы. Оның 153 мың тоннасы ашық әдіспен алынады. Екі шақырымына қазу жұмыстары жүргізіліп, карьер тереңдігі 230 метрге дейін жетеді. 1 тонна кеннен шамамен 0,45 пайыз қалайы алынады. Жылына 10 мың тоннаға дейін өндіріледі. Тиімді технология мен жоғары экологиялық стандарттарға негізделген жоба 2021 жылдан бастап толық күшіне еніп, Қазақстанды әлемдегі қалайы өндірісі бо­йынша үздіктер қатарына қосуға айқара жол ашатын болады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы