Қалайының әлемдегі орны. Былтыр бірқатар салада жетіспеушілігі байқалып, мамандар мұндай теңгерімсіздікті қалайы қорының аздығымен түсіндірген. Әлемнің 56 елінде бағалы металдың 30 миллион тоннаға жуық қоры барланған. Қытай, Перу, Индонезия, Малайзия, Боливия, Таиланд, Бразилия, Аустралия сияқты мемлекеттер алпауыттар көшін бастап келеді. Индонезия, Перу, Қытай үшеуі қосылып, әлемдік нарықтағы қалайының 80 пайыздайын өндіреді. Алайда Қытай, әрі кетсе 100 мың тонна ғана шикізат сатуға қауқарлы, себебі ішкі тұтынудан артылмайды.
Күміс түсті ақ, жұмсақ, иілгіш металл біздің заманымыздан алты мың жыл бұрын белгілі болып, тұрмыстық, әсемдік бұйымдар жасауға пайдаланылған. Ал технологияның қарыштап дамыған заманында өнеркәсіптік негізде қолданылу аясы кеңейіп, бүгінде литий-ионды аккумуляторлар мен электр энергия сақтайтын құралдар өндірісінде үлкен сұранысқа ие. Тек аккумулятордың анодтық материалының өзі ғана жылына 10-20 мың тонна қалайыны қажет ететін көрінеді. Міне, сыртқы әсерге төзімді, берік, суда өзгермейтін, жасанды жолмен көптеген радиоактивті изотоптар алынатын артықшылық қасиеттері тұтынуды ұлғайтпаса бәсеңдетпесі анық.
Қалайы жалатылған темірдің тотықпайтыны әмбеге аян. Оның мыспен құймасы қола өнеркәсібін қарқынды дамытуға мүмкіндік берсе, төрткүл дүниеде өндірілетін металдың жартысына жуығы ақ қаңылтыр, сонымен қатар подшипник, түрлі сымдар, қола бұйымдар жасауға жұмсалады.
Қазақстандағы қарқын. Еліміз кен ресурстары және әралуандығы жөнінен Орталық Азияда топ бастап жүргені даусыз. Қуатты минералдық шикізат базасы бүгіндері даму стратегиямызды анықтайтын негізгі факторлардың біріне айналып, ұлттық экономикамыздың қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. Дегенмен әлемдік нарыққа шығарылатын жерасты қазынамыз есепсіз емес. Өңделген күйінде жөнелтілсе құба-құп болар еді деген ел тілеуінің де ауылы алыс емес сықылды. Оған дәлеліміз де жоқ емес. Қазақстандағы қалайының 65 пайызы шоғырланған Сырымбет кен орны арқылы ғана еліміз әлемдегі ең ірі қалайы өндірушінің ондығына қосылады.
Бірақ шаттануға әзір ертерек. Өйткені кейбіреулер үшін таусылмайтындай көрінетін мол байлығымызға сырттан да, іштен де көз тіккендер көп болғанымен, тиіп-қашты қаржы құйғандар үшін шағылмайтын жаңғақ іспеттес. Түсті металл өндірудің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына бірнеше мәрте енгізіліп, әлеуеті зор өндірістік жоба ретінде бағаланғанымен, қаражат тапшылығы талайлардың қолын байлағаны рас. Қалталы қаржыгерлердің өздері бағдарламаны іске қосуға қанша талпынғанымен, ақырына дейін тәуекел ете алмаған. Бас шайқасқан күйлері кері қайтқан.
Урашыл кейбір шенеуніктер жобаның Индустрияландыру картасына кіргенін өздерінше жорыды ма екен, тау-металлургиялық кешен 2018 жылы іске қосылып, жарты мың адам тұрақты жұмысқа тартылатын болды деп алаулатып-жалаулатып жібергені бар. Ширек ғасырға жуық геологиялық іздеу-барлау және кешенді сараптамалық жұмыстар жүргізіліп, қалайыдан бөлек 70-тен астам минерал қоры анықталған. Табысты саланы бастауға ұзақ уақыт, қыруар қаржы жұмсалса да игерілмеген күйі қала берген.
Солтүстіктегі серпіліс. Қазақстандағы алғашқы және Орталық Азияда баламасы жоқ Сырымбет кен орны игеріліп, тұралап қалған жұмыстар қайтадан жанданатын болыпты деген жаңалыққа сенімсіздікпен қарағандардың қарасы аз болмаған. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, күмән келтірушілердің есіне биоэтанол өндіруге бағытталған «Биохим» зауыты түскен. «Даланың ғажайып құбылысына» баланған кәсіпорын көп ұзамай өз жұмысын тоқтатқан. Шикізаттың тапшылығынан бақандай он жыл иесіз қалғандай күй кешіп, шетелдік, отандық инвесторлардың арқасында ғана «Биооперейшин» деген атпен қайтадан іске қосылған. Ал бұл жолғы қаржыгерлердің өте әлеуетті әрі бизнестің майын шайқап ішкен тәжірибелі екеніне сенген жандардың бойында үміт оты жанған. Бірінші жұмыс сапары барысында-ақ олар өндірісті дамыту жоспарына сәйкес болашақта атқарылатын сан-салалы іс-шаралар тізбегін ұсынған.
– Қалайы – экспорттық өнім. Солай бола тұра, елімізде бірде-бір кен игеру өнеркәсібі жоқ жалғыз облыспыз. Пайдалы қазбалар – жоғары өсімнің негізі, кеніштердің төңірегінде шағын және орта бизнес алға басады, тұрақты жұмыс орындары құрылады, салық жиналады. Біз өз тарапымыздан инфрақұрылымның оң шешілуіне көмек қолын созамыз. Кен орнына дейін жол салынды. Темір жол тартылуда. Кен байыту фабрикасы толық қуатына кіріскенде 600-700 адам жұмысқа орналасады, – деген еді алқалы басқосуда аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Облыс экономикасына бұрын-соңды құйылып көрмеген рекордтық инвестицияның мөлшері – 100 миллиард теңге! Иесі – «Tin One Mining» АҚ. Қалталы бизнесмендер қатарында 25 пайыз акцияны «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры иеленген. Демек, мемлекет жауапкершілігі де жоғалмайды деген сөз. Акционерлік қоғамның вице-президенті Дмитрий Ханның сөзіне қарағанда, электр желілері жеткізіліп, 50 мегаваттық станса орнатылды. Келесі жылы кенді өңдеп, дайын тауарлы өнім етіп шығаратын комбинат іске қосылады. Үкімет пен жергілікті билік тарапынан жасалатын қолдаулар жер қойнауын пайдаланушыларды ынталандырып отыр.
Кен орны 4,5 шақырым аумақты алып жатыр. Оның тиімділігі полиметалды екендігінде. Сонысымен күрделі. Вольфрам, мыс, тағы басқа элементтер жинақталған 99 миллион тонна кен қорының жарты миллион тоннадайы – металл түріндегі қалайы. Оның 153 мың тоннасы ашық әдіспен алынады. Екі шақырымына қазу жұмыстары жүргізіліп, карьер тереңдігі 230 метрге дейін жетеді. 1 тонна кеннен шамамен 0,45 пайыз қалайы алынады. Жылына 10 мың тоннаға дейін өндіріледі. Тиімді технология мен жоғары экологиялық стандарттарға негізделген жоба 2021 жылдан бастап толық күшіне еніп, Қазақстанды әлемдегі қалайы өндірісі бойынша үздіктер қатарына қосуға айқара жол ашатын болады.
Солтүстік Қазақстан облысы