Экология • 10 Қазан, 2019

Көшеттердің күтімі де назарда болуы керек

316 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасының мәліметінше, былтыр Кереку өңірінде абат­тандыру мен тазалық жұмыстарына 12,8 млрд теңге қаржы бөлініпті.

Көшеттердің күтімі де назарда болуы керек

Сенбілік шаралары аясында 1 миллион 116 мың текше метр аула­ның аумағы тазаланып, 10,2 мың тонна қоқыс, 14 мың тонна жа­пырақ сыртқа шығарылған. Сон­дай-ақ 277 ескерткіш маңы қа­лыпқа келтірілді. Жергілікті әкім­діктердің қолдауымен 10,3 мың түп күзгі ағаш отырғызылған. Сенбілікке 91 мың адам мен 800 бірлік техника қатысқан. Ал абаттандыру ісіне немқұрайлы қараған тұрғындар мен шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне жергілікті по­лиция тарапынан 112 әкімшілік хат­тама толтырылып, 348 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Мәселен, «Хаги-Павлодар» ЖШС 19 түп ағашты кескені үшін 93 түп ағашты қайта егетін болған-ды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпорынға 100 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Жалпы, Ұлттық экономи­ка министрінің бұйрығымен бекі­тілген «Ағаштарды қорғау және сақ­тау туралы» ережелеріне сәй­кес, ағаштарды заңсыз кесу кезінде 5 есе еселенген өтемақы мөлшері белгіленеді. Әрбір заң­сыз кесілген ағаш үшін қайта 5 ағаш отырғызып, оған екі жыл мер­зімінде күтім жасау қажет.

Қалалық тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолда­ры бөлімінің маманы Айзада Келді­бекованың айтуынша, биыл облыс орталығына 6196 түп ағаш егіл­ді. Оның бір мыңнан астамы – өтемақы түрінде отырғызылған ағаштар екен. Ал қалғаны бюджет қаражатына сатып алынған. Яғни қаланы көгалдандыру, кө­шет егу, оны суару бойынша жа­рияланған тендерді биыл «Гор­зеленстрой» ЖШС, «Дос-ПВЛ» ЖШС және «Аяулы алақан» ЖШС сынды компаниялар ұтып алған. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 104 миллион теңге қаражат бөлінген.

– Кәсіпкерлер құрылыс жүргізу үшін бұрыннан өсіп тұрған  ағаш­тарды кесуге рұқсат сұрайды. Сон­дықтан бір ағаш кессе, орнына 5 түп жас тал егу міндетін қою арқылы рұқсат беріледі. Мысалы, «Денсаулық» саябағында салынып жатқан «Forte bank» АҚ 100-ге жуық ағашты кесіп, оның орнына Усолка шағын ауданындағы бассейн маңына 500 түп жас тал екті, – дейді маман.

Алайда мұндай жолмен егілген жас көшеттердің қаншасы көктеп, қаншасы қурап қалғанын ешкім біле бермейді. Сондай-ақ облыс орталығында, аудандарда да көріп жүргеніміздей, сенбілікте отырғызылған ағаштардың суарылмай, күтімнің жоқтығынан қурап, солып қалатыны – на­зар­ға алатын-ақ мәселе. Бұ­дан шығатын қорытынды, бү­гінде дәстүрлі сенбіліктердің өзі көзбояушылыққа айналып ба­ра жатқан секілді. Жергілікті әкім­діктер жалаң көрсеткіштер қуып, тіпті, ойға қонымсыз сандар да көрсете бастады. Айталық былтыр облыстық әкімдік отырысында Железин ауданында 7 мың адам, облыс орталығында 25 мың адам сенбілікке қатысып, 230 техника жұмылдырылған делінді. Сенбілікке  қатысушылар сол іс-шара аясындағы тазалық пен көшет отырғызуды ғана ойлайды. Бірақ сенбіліктен соң да өмір бар ғой. Туған қаламыз бен ауылымызды жасыл желекке бөлей­міз десек, өз қолымызбен ек­кен ағаштарды күтіп-баптап, суаруға да арналған сенбіліктер керек сияқты. Сонымен бірге ком­муналдық сала бөлімдері сенбі­лікте егілген әр ағаштың тағ­ды­рына жауапты болуы керек. Өйткені әр ағашқа қаржы бөлінеді.

Жалпы, көшеттер отырғызу, жеке аулалар мен қоғамдық орын­дардың аумағын тазалау, қала мен ауыл көшелерін көріктендіріп, абаттандыру жұмыстары жыл бойы жалғаса беретін жұмыс. Биыл облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы 100 мыңнан астам көшет отырғызбақ.

 

Павлодар облысы