Қазақстан • 14 Қазан, 2019

Мақтаға тамған маңдай тердің өтеуі қандай?

440 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің оңтүстігінде ғана жолға қойылған мақта шаруа­шылығының былайғы елге біліне бермейтін мың сан машақаты бар. Ақ ұлпаның бағасы жоғары болғанда ғана ала жаздай еткен еңбек ақталады. Сол себепті шығар, жерге шит себілгеннен «Биылғы баға қандай болады екен?» деген сауал жиі қойылады.

Мақтаға тамған маңдай тердің өтеуі қандай?

Соңғы дерекке жүгінсек, «ақ алтынның» әр килосына 150 теңгеден төленіп жатыр. «150 теңге» деп ауыз толты­рып айтқанмен, бұл баға шын мәнінде шаруалардың шы­ғынын өтей ме? Есептеп көрейік. Мысалы, бір гектар жерге кемі 200-250 мың теңге шы­ғын кетеді. Орта есеппен әр гектары 30 центнерден өнім бер­се, оның бағасы 450-500 мың теңгені төңіректейді екен. Енді осы ақшаны шит себіліп, мақта терілгенге дейінгі шығынға ша­ғыңыз. Жер жырту, сор шаю, қопсыту, егу, культивация жүр­­гізу, суару, жегене жасау, тағы басқа да жұмыстардың әр­қайсысына кемі гектарға шақ­­қанда 25-30 мың теңге ке­теді. Ол аз десеңіз, енді дайын өнім­ді жинау кезіндегі мың-сан машақатты қосыңыз. Бүгінде бір кило мақта 25 теңгеден теріліп жатыр. Екінші терім 40-50 теңгеге бір-ақ шығады. Есе­сіне, екінші терімнің сорты төмен болғандықтан бағасы да біршама арзан болады. Демек 50 теңге ақша төлеп тергізген «ақ алтыныңызды» ары кетсе 100 теңгеге сатасыз. Сізге қалатыны 50 теңге, одан күнделікті жалдайтын тракторыңыздың шығы­нын алып тастаңыз. Пайда тап­пақ түгілі, өз шығынын да ақ­тамайды. Сол себепті диқандар екінші терімге әуре болғысы келмейді. Нәтижесінде, ала жаздай аптап ыстықта жүріп еткен еңбегіңіз егістік алқаптардың «сәнін» келтіріп, шашылып жа­тады.

Рас, қатарынан бірнеше жыл бойы мақта бағасының мазасы болмаған соң, диқандар қара жер­ге қашанғы шығындалсын, қа­уын-қарбыз егуді қолға алды. Осыдан екi-үш жыл бұрын мақ­­та шаруашылығына деген көз­қарас едәуiр төмендеп, оның көлемiн мейлiнше қысқарту керек деген ұсыс жасалды. Есесіне бақша өнімдеріне басымдық бе­рілді. Жер ауыспалы егісті қа­лайды. Суармалы жерлердің басым бөлігіне қауын-қарбыз егілген соң, оның да өзіне тән проблемалары пайда болды. Қарбызды қарға шұқып, қауын­ды құртқа жегіздік. Шаруалар шығынға батты. Келесі жы­лы қауыны құрсын деп, бұрын­ғыдай мақта егіп көріп еді, оны да көсекқұрт тесіп тастады. Ауыспалы егістікті ретке кел­тір­мегендіктің кесірі осы жағ­дайға жеткізді. Оның үс­тіне ағын су да осы аудандағы ең өзекті мә­селелердің бірі. Көр­шілес мем­лекеттердің шекарасын кесіп өтіп, бізге келетін суға да сенім жоқ. Егер дер кезінде су жеткізе алмасаң еткен еңбек еш кетеді.

Қауын егіп аузы күйген ди­қандар биыл өздерінің бұрын­нан білетін мақта шаруа­шы­лығына басымдық берді. Түр­кістан облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасы берген мәліметке сенсек, биыл ай­мақ­та 131 мың гектарға мақта егіл­ген. Бірақ дер кезінде суа­ра алмағандықтан, көптеген алқаптар гүл ашқан күйі шанақ тастады. Демек егістіктің кө­лемі көп болғанымен, беретін өнімі аз. Сол себепті бүгінде мақ­та қабылдау пункттері өз­деріне керекті мақтаны жинап алу үшін жанталасып жатыр. Алғашқыда 120 теңгеден бас­талған баға ә дегеннен 150 тең­ге­ге көтерілді. Егер бұл бағаға да қанағаттанбасаңыз, сақтап қоюға болады. Яғни, бүгін өт­кіз­ген өніміңіздің ақшасын өсі­­мімен алуға да мүмкіндік бар. Бұл бағаның нақты бір тоқ­тамға келмегенін білдірсе керек. 

Оңтүстiк брендiнiң келешегi кемел болсын десек, мақта өсiру мәдениетiн қалыптастырып, оны тиiмдi бағамен сату секiл­дi мәселелерге баса назар аудар­масақ болмайтын секілді. Өсір­ген өнім өзімізде әрі қарай өң­делмей, шетелге шикізат күйінде сатыла берсе, онда «ақ ал­тыныңыздың» құны өзгеге тәуелді болып қала береді. Бұл мәселе мақта мамандарын көп­тен бері мазалап келеді.

«Қазақ мақта ғылыми-зерт­теу институты» ЖШС-нің директоры Ибадулла Үмбетаев – бұл тақырыпты көптен бері зерттеп жүрген санаулы маман­дардың бірі. Оның айтуынша, мақта шаруашылығы біздің елде ежелден бар. Тіпті 1917 жылдары Кеңес Одағы АҚШ-ты мақта өндірісінен басып озамыз деген мақсатпен Жамбыл облысында да мақта егілген. Әйгілі Мақтаарал ауданы да осы мақсатпен құрылған. Ал енді мақтаның адам өміріндегі маңызы бәріне белгілі. Одан 35-40 түрлі бұйым жасалады. Бірақ өкінішке қарай, шикізат күйінде шетел асатын «ақ алтынның» бейнетін – біз, қызығын солар көреді.

Сондай-ақ мақта шаруашы­лығындағы машақаты көп істің бірі – дайын өнімді дер кезінде жинап алу. Жасыратыны жоқ, бұл аудандарда халық саны ты­ғыз орналасқанымен, науқан кезінде қол күші жетіспейді. Ал дайын өнімді шашпай-төкпей жинап алуға бізде техникамыз да сай емес.

Мақта шаруашылығы шат­қаяқтап қалмауы үшін мемлекет тарапынан да көптеген жеңілдіктер жасалып жатыр. Өсір­ген өнімнің көлеміне қарай суб­сидия беріледі. Яғни, әр кило мақтаңыз үшін Үкімет тарапынан 12 теңге төленеді. Диқандардың айтуынша, мемлекеттен берілетін субсидия шы­ғынды бар болғаны 10-15 пайыз ғана жабады. Қалған шы­ғын диқанның қалтасына түседі. Сол үшін шіліңгір шілдеде ша­бық шауып, ала жаздай аптап ыстықтың астында жүрген ди­­қан бар үмітін бағадан кү­те­ді. Ал баға, жоғарыда айт­қа­­нымыздай, бөтеннің құзы­рындағы мәселе. Одан қалса мақта «мафиясының» «махинациясы» да шаруаға аз зардабын тигізбей қоймайды.

Әлемдік нарықта мақта мо­но­полистері жайлы да жиі ай­тылады. Осы орайда көршілес мемлекеттер бұл мәселемен қалай күресіп жүр деген ой келеді. Мақта шаруашылығы жақ­сы дамыған Өзбекстанда бұл салада проблемалар көп. Соның бірі – біздің бүгінгі сөз етіп отырған «ақ алтын» ал­пауыттары. Заң бойынша, өз­бек фермерлері өз мақтасын үкімет белгілеген бағамен «Узхлопкопром» компаниясы­на өткізулері керек. Елдегі мақ­та тазалайтын барлық пункт­тер осы компанияға қарайды. Фермерлерге ресми түрде ұсы­нылатын баға мөлшері мақ­таның әлемдік нарықтағы ба­ғасынан үш есе кем. Демек қал­­ған бөлігінің қызығын басқа біреу­лер көріп отыр. Ол аз де­сеңіз, көптеген фермерге тап­сырған өнімдері үшін тиетіні бұдан да аз – олар әлемдік баға­ның оннан бір бөлігіне шамалас қана ақша алады. Өйткені олардың жоғары сұрыпты өні­міне «Узхлопкопром» компаниясы сапасы төмен мақтаның құнын төлейді.

Бұл саладағы монополист болып отырған «Узхлопкопром» компаниясы акцияларының 51 пайызы Өзбекстан үкіметіне тиесілі. Ал қалған 49 пайызының кімнің иелігінде екендігі туралы ақпарат ешқашан жарияланған емес. Ал мақтаның біздегі құны Ливерпуль биржасына қарап белгіленеді.

Біз шикізат күйінде сырт­қа экспортталатын тауар төңіре­гінде ғана сөз қозғадық. Егер мақтаны тереңірек өңдеуді, одан түрлі бұйым шығаруды өзіміз қолға алсақ, «ақ алтынға» деген сұраныс та арта түсер еді. Ал ішкі сұраныс артса, мақта құны көтеріліп, шаруаның тұрмысы түзелер еді...

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,

журналист

Түркістан облысы,

Мақтаарал ауданы