Соңғы дерекке жүгінсек, «ақ алтынның» әр килосына 150 теңгеден төленіп жатыр. «150 теңге» деп ауыз толтырып айтқанмен, бұл баға шын мәнінде шаруалардың шығынын өтей ме? Есептеп көрейік. Мысалы, бір гектар жерге кемі 200-250 мың теңге шығын кетеді. Орта есеппен әр гектары 30 центнерден өнім берсе, оның бағасы 450-500 мың теңгені төңіректейді екен. Енді осы ақшаны шит себіліп, мақта терілгенге дейінгі шығынға шағыңыз. Жер жырту, сор шаю, қопсыту, егу, культивация жүргізу, суару, жегене жасау, тағы басқа да жұмыстардың әрқайсысына кемі гектарға шаққанда 25-30 мың теңге кетеді. Ол аз десеңіз, енді дайын өнімді жинау кезіндегі мың-сан машақатты қосыңыз. Бүгінде бір кило мақта 25 теңгеден теріліп жатыр. Екінші терім 40-50 теңгеге бір-ақ шығады. Есесіне, екінші терімнің сорты төмен болғандықтан бағасы да біршама арзан болады. Демек 50 теңге ақша төлеп тергізген «ақ алтыныңызды» ары кетсе 100 теңгеге сатасыз. Сізге қалатыны 50 теңге, одан күнделікті жалдайтын тракторыңыздың шығынын алып тастаңыз. Пайда таппақ түгілі, өз шығынын да ақтамайды. Сол себепті диқандар екінші терімге әуре болғысы келмейді. Нәтижесінде, ала жаздай аптап ыстықта жүріп еткен еңбегіңіз егістік алқаптардың «сәнін» келтіріп, шашылып жатады.
Рас, қатарынан бірнеше жыл бойы мақта бағасының мазасы болмаған соң, диқандар қара жерге қашанғы шығындалсын, қауын-қарбыз егуді қолға алды. Осыдан екi-үш жыл бұрын мақта шаруашылығына деген көзқарас едәуiр төмендеп, оның көлемiн мейлiнше қысқарту керек деген ұсыс жасалды. Есесіне бақша өнімдеріне басымдық берілді. Жер ауыспалы егісті қалайды. Суармалы жерлердің басым бөлігіне қауын-қарбыз егілген соң, оның да өзіне тән проблемалары пайда болды. Қарбызды қарға шұқып, қауынды құртқа жегіздік. Шаруалар шығынға батты. Келесі жылы қауыны құрсын деп, бұрынғыдай мақта егіп көріп еді, оны да көсекқұрт тесіп тастады. Ауыспалы егістікті ретке келтірмегендіктің кесірі осы жағдайға жеткізді. Оның үстіне ағын су да осы аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі. Көршілес мемлекеттердің шекарасын кесіп өтіп, бізге келетін суға да сенім жоқ. Егер дер кезінде су жеткізе алмасаң еткен еңбек еш кетеді.
Қауын егіп аузы күйген диқандар биыл өздерінің бұрыннан білетін мақта шаруашылығына басымдық берді. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сенсек, биыл аймақта 131 мың гектарға мақта егілген. Бірақ дер кезінде суара алмағандықтан, көптеген алқаптар гүл ашқан күйі шанақ тастады. Демек егістіктің көлемі көп болғанымен, беретін өнімі аз. Сол себепті бүгінде мақта қабылдау пункттері өздеріне керекті мақтаны жинап алу үшін жанталасып жатыр. Алғашқыда 120 теңгеден басталған баға ә дегеннен 150 теңгеге көтерілді. Егер бұл бағаға да қанағаттанбасаңыз, сақтап қоюға болады. Яғни, бүгін өткізген өніміңіздің ақшасын өсімімен алуға да мүмкіндік бар. Бұл бағаның нақты бір тоқтамға келмегенін білдірсе керек.
Оңтүстiк брендiнiң келешегi кемел болсын десек, мақта өсiру мәдениетiн қалыптастырып, оны тиiмдi бағамен сату секiлдi мәселелерге баса назар аудармасақ болмайтын секілді. Өсірген өнім өзімізде әрі қарай өңделмей, шетелге шикізат күйінде сатыла берсе, онда «ақ алтыныңыздың» құны өзгеге тәуелді болып қала береді. Бұл мәселе мақта мамандарын көптен бері мазалап келеді.
«Қазақ мақта ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің директоры Ибадулла Үмбетаев – бұл тақырыпты көптен бері зерттеп жүрген санаулы мамандардың бірі. Оның айтуынша, мақта шаруашылығы біздің елде ежелден бар. Тіпті 1917 жылдары Кеңес Одағы АҚШ-ты мақта өндірісінен басып озамыз деген мақсатпен Жамбыл облысында да мақта егілген. Әйгілі Мақтаарал ауданы да осы мақсатпен құрылған. Ал енді мақтаның адам өміріндегі маңызы бәріне белгілі. Одан 35-40 түрлі бұйым жасалады. Бірақ өкінішке қарай, шикізат күйінде шетел асатын «ақ алтынның» бейнетін – біз, қызығын солар көреді.
Сондай-ақ мақта шаруашылығындағы машақаты көп істің бірі – дайын өнімді дер кезінде жинап алу. Жасыратыны жоқ, бұл аудандарда халық саны тығыз орналасқанымен, науқан кезінде қол күші жетіспейді. Ал дайын өнімді шашпай-төкпей жинап алуға бізде техникамыз да сай емес.
Мақта шаруашылығы шатқаяқтап қалмауы үшін мемлекет тарапынан да көптеген жеңілдіктер жасалып жатыр. Өсірген өнімнің көлеміне қарай субсидия беріледі. Яғни, әр кило мақтаңыз үшін Үкімет тарапынан 12 теңге төленеді. Диқандардың айтуынша, мемлекеттен берілетін субсидия шығынды бар болғаны 10-15 пайыз ғана жабады. Қалған шығын диқанның қалтасына түседі. Сол үшін шіліңгір шілдеде шабық шауып, ала жаздай аптап ыстықтың астында жүрген диқан бар үмітін бағадан күтеді. Ал баға, жоғарыда айтқанымыздай, бөтеннің құзырындағы мәселе. Одан қалса мақта «мафиясының» «махинациясы» да шаруаға аз зардабын тигізбей қоймайды.
Әлемдік нарықта мақта монополистері жайлы да жиі айтылады. Осы орайда көршілес мемлекеттер бұл мәселемен қалай күресіп жүр деген ой келеді. Мақта шаруашылығы жақсы дамыған Өзбекстанда бұл салада проблемалар көп. Соның бірі – біздің бүгінгі сөз етіп отырған «ақ алтын» алпауыттары. Заң бойынша, өзбек фермерлері өз мақтасын үкімет белгілеген бағамен «Узхлопкопром» компаниясына өткізулері керек. Елдегі мақта тазалайтын барлық пункттер осы компанияға қарайды. Фермерлерге ресми түрде ұсынылатын баға мөлшері мақтаның әлемдік нарықтағы бағасынан үш есе кем. Демек қалған бөлігінің қызығын басқа біреулер көріп отыр. Ол аз десеңіз, көптеген фермерге тапсырған өнімдері үшін тиетіні бұдан да аз – олар әлемдік бағаның оннан бір бөлігіне шамалас қана ақша алады. Өйткені олардың жоғары сұрыпты өніміне «Узхлопкопром» компаниясы сапасы төмен мақтаның құнын төлейді.
Бұл саладағы монополист болып отырған «Узхлопкопром» компаниясы акцияларының 51 пайызы Өзбекстан үкіметіне тиесілі. Ал қалған 49 пайызының кімнің иелігінде екендігі туралы ақпарат ешқашан жарияланған емес. Ал мақтаның біздегі құны Ливерпуль биржасына қарап белгіленеді.
Біз шикізат күйінде сыртқа экспортталатын тауар төңірегінде ғана сөз қозғадық. Егер мақтаны тереңірек өңдеуді, одан түрлі бұйым шығаруды өзіміз қолға алсақ, «ақ алтынға» деген сұраныс та арта түсер еді. Ал ішкі сұраныс артса, мақта құны көтеріліп, шаруаның тұрмысы түзелер еді...
Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
журналист
Түркістан облысы,
Мақтаарал ауданы