Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Мәселен, олимпиаданың 23 дүркін чемпионы Майкл Фелпс бірнеше рет психикалық дағдарысқа түскен. Тіпті күйзелістен құтылу үшін күмәнді күшейткіштерді де пайдаланған. Бұл туралы америкалық спортшы БАҚ өкілдеріне жақында ғана мәлімдеді. Томаға-тұйық Майкл өмірлік қиындықтары туралы айтуды мүлде ұнатпаған. Сол себепті 19 жасынан бастап депрессияға жыл сайын түсіп отырған. Дерті ерекше меңдеп кететін мезгіл – қазан мен қараша айлары, яғни жүзу маусымы аяқталған кез екен. Осы айларда Фелпсті 2004 жылы көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұстап алса, 2008 жылы марихуана шеккені үшін жазаға тартқан.
«Алтын допты» алғаннан кейін Рональдиньоның да жасамаған жұмысы жоқ: рэп оқыды, клипке түсті, «RS Coin» атты жеке криптовалютасын іске қосты, туған қаласы Бразилиада саясатпен айналысты, соңында балық шаруашылығын қолға алды. Ақыры оны үкімет заңсыз деп тауып, 178 еуроға айыппұл салды. Соның кесірінен футболшы маскүнемдік пен нашақорлыққа бой ұрған.
Спортшылардың өзін жоғалтып алуының тағы бір себебі – оқыста алған жарақаты. Алдағы бүкіл мансабына нүкте қойылғаннан кейін өмірден түк мағына көрмей кетеді.
Есіме мына бір әңгіменің түсіп отырғаны. Балық аулап отырған шалға біреу келіп «алтын балық ұстасаң, не сұрайсың?» деп қойып қалыпты.
– Ақша сұраймын.
– Оны қайтесің?
– Тойып тамақ ішемін.
– Одан кейін ше?
– Жақсылап киім киемін.
– Одан кейін ше?
– Зәулім сарай тұрғызамын.
– Одан кейін ше?
– Үйдің жанындағы өзеннен балық аулап жатамын.
Кей кезде алтынға ұмтылған спортшылардың, тек қана олардың емес, билікке, байлыққа таласқан барлық адамның өмірлік ұстанымы жоғарыдағы балықшының әңгімесіне қатты ұқсап кетеді.
Одан кейін не істейсің? Оны ешкім білмейді. Бәлкім, жауабы өкіндіретін сұрақты қоймай-ақ қоюды дұрыс санайтын шығар. Кім білсін?
Бірақ мынаны түсінетін уақыт жетті. Өмірде ешкім абсолютті жеңімпаз болмайды. Бақыт құсы баянсыз ағашқа ұя салмайды. Дәл қазіргі сәтті сезініңіз. Сіздің еншіңізде сол ғана бар.