Фото: e-history.kz
Сырғалардың екі түрі бар. Еркек лақтарға реттік нөмірі бар қарапайым сырға тағылса, ұрғашыларына электрондық, GPS арқылы бақылауға болатын сырға тағылады. Сырғаның ерекшелігі күн сәулесімен қуатталып, үш жылға дейін жұмыс істейді.
Ғалымдар салмағы 32 грамм болатын сырғаның құралайға зияны жоқ дейді. Заманауи құрылғы арқылы киіктердің жүрген жолын бақылап, орташа жасын анықтайды. Күніне 4 рет белгі беретін чип арқылы ақбөкен үйірін онлайн режімде көруге болады.
«Үш күн бұрын сырға салған құралай бүгінге дейін 7 шақырым жерге ұзап үлгергенін көрдік. Киік төлдері сағат санап өсіп, күн өткен сайын белсенді бола түседі. Қазір құстай ұшқан ересек киіктерге ілесе алады», дейді Батыс өңірлік «Табиғи орта» экологиялық ҮЕҰ бірлестігінің директоры Айбат Мұзбай.
Зоология институты мамандары Мұғалжар, Байғанин мен Шалқар аудандарының шекарасы тоғысқан тұсқа арнайы келді. Себебі бұл аудандар Үстірт киігінің кең тараған жері. Иен далада еркін көсілетін ақбөкендер төлдеуге осы маңға жиналады.
Атырау облысының үш тұрғыны Ақтөбеде киік ұшасымен ұсталды
«Жалпы Үстірт киігі Ақтөбе облысы және Маңғыстау облысының жерлерінде мекендейді. Кейбір уақыттарда Үстірт киігі көршілес елдерге, яғни Өзбекстан еліне өткен уақыты болған. Қазіргі таңда ондай жағдай байқалмайды. Себебі осы жерлер қазіргі таңда киіктерге қолайлы болып тұр. Жалпы қазіргі таңда осы Үстірт киігінің массасы осы жерде деуге болады. Шамамен есептеуіміз бойынша 60-70 пайызы төлдеп болды», деді «Охотзоопром» РМҚК мекемесінің аға инспекторы Шоқан Ақылбеков.
Мамандардың соңғы санағы Үстіртте 78 мыңнан астам киік бар екенін анықтады. Құралайы қосылған соң, сайын дала еркесінің үйірі біршама өседі. Одан бөлек Орал мен Батпақдала ақбөкендері де жылдың мамыражай мезгілінде Ақтөбе өңіріне бет бұрады.