Қоғам • 28 Қазан, 2019

Достықты дәріптеген халықаралық фестиваль

323 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстандағы Украина елшілігінің қолдауымен, елордадағы М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында украин халқы шығармашылығының «Ми разом, ми одна сім’я!» IV халықаралық фестивалі өтті.

Достықты дәріптеген халықаралық фестиваль

Фестивальдің ашылуына дейін қонақтар сәндік-қол­дан­балы өнер көрмесімен және украин жастар қанаты Жастар жылына арнап ұйымдастырған «ХХІ ғасыр жастары – объективте» фотокөрмесімен танысты.

«Еліміздегі барлық этно­мә­дени бірлестіктердің ортақ құры­лымы болған, азаматтық қоғам­ның ерекше институты – Қазақ­стан халқы Ассамблеясы ұлттар мен ұлыстардың алтын дің­гегіне айналғанын» атап өт­кен  Қазақстан халқы Ассам­блеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңге­рушісі Жансейіт Түймебаев қаты­су­шыларды фестивальдің ашы­луымен шын жүректен құт­тықтады.

«Бүгінде Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы ел болып танылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық бірлік пен жалпыұлттық бірліктің мо­делі әлемге танымал болды.

Тарихи тағдыры ортақ түрлі ұлт өкілдері тәуелсіз Қазақ­станның іргесін бірге қала­суда. Олардың арасында басқа этнос­тардың барлығымен терезесі тең украиндықтар да бар. Сол үшін де сіздерге алғыс айтамын!» дей келе, Жансейіт Түймебаев өз сөзін мыңжылдық тарихы бар қазақ-украин достығының бас­талуы, украиндықтардың «Ұлы дала елінде» пайда болу тарихынан бастады.

Қазақстандық украиндардың қазақ жеріне қоныстану тарихы хронологиялық тұрғыдан ұзақ уақыт аралығын қамтиды. Тарихи деректер бойынша, 1768 жылы басып жанышталған гайдамак қозғалысы мүшелерінің Сібірге, ішінара қазақ халқы мекен еткен аумақтарға жер аударылған екен. Бірақ украин көшінің негізгі лектерінің бірі ХІХ ғасырдың 80-90 жылдары және Столыпиннің реформасы аясында жүзеге асырылды. Нәтижесінде, ХХ ғасырдың басында украиндар саны жағынан қазақтар мен орыстардан кейінгі орынға көтерілген еді.

Қызықты мәліметтерге толы баяндама барысында Жансейіт Түймебаев «қазақстандық украиндар еліміздегі ең көп санды ұлт өкілдерінің қатарында» екенін атап өте отырып, Қазақ­стан мен Украинадағы тамыры қазақстандық украиндар туралы да айта кетті: «бокстан әлем чемпионы В.Кличко – Қазақстанның тумасы болса, қазақстандық ауыр атлетші А.Храпатый – украиндық. Қазақстандық боксер В.Левит пен белгілі қазақстандық журналист Я.Красиенконың ұлты украин».

Шамамен 300 адам қатысқан фестиваль Қазақстанның 11 об­лы­сынан жиналған украин шы­ғармашылық ұжымдарының мерекелік концертімен, сондай-ақ фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен жалғасын тапты.

Аталған шараға Парламент Мә­жілісінің депутаттары, «Рада украинцев Казахстана» респуб­ликалық заңды тұлғалар бірлес­тігінің төрағасы Юрий Тимо­щенко, Украинаның Қазақстан­дағы елшісі Иван Кулеба, мем­лекеттік органдар мен шетелдік дипломатиялық миссия өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА мүшелері және т.б. қатысты.