Фестивальдің ашылуына дейін қонақтар сәндік-қолданбалы өнер көрмесімен және украин жастар қанаты Жастар жылына арнап ұйымдастырған «ХХІ ғасыр жастары – объективте» фотокөрмесімен танысты.
«Еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктердің ортақ құрылымы болған, азаматтық қоғамның ерекше институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттар мен ұлыстардың алтын діңгегіне айналғанын» атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев қатысушыларды фестивальдің ашылуымен шын жүректен құттықтады.
«Бүгінде Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы ел болып танылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық бірлік пен жалпыұлттық бірліктің моделі әлемге танымал болды.
Тарихи тағдыры ортақ түрлі ұлт өкілдері тәуелсіз Қазақстанның іргесін бірге қаласуда. Олардың арасында басқа этностардың барлығымен терезесі тең украиндықтар да бар. Сол үшін де сіздерге алғыс айтамын!» дей келе, Жансейіт Түймебаев өз сөзін мыңжылдық тарихы бар қазақ-украин достығының басталуы, украиндықтардың «Ұлы дала елінде» пайда болу тарихынан бастады.
Қазақстандық украиндардың қазақ жеріне қоныстану тарихы хронологиялық тұрғыдан ұзақ уақыт аралығын қамтиды. Тарихи деректер бойынша, 1768 жылы басып жанышталған гайдамак қозғалысы мүшелерінің Сібірге, ішінара қазақ халқы мекен еткен аумақтарға жер аударылған екен. Бірақ украин көшінің негізгі лектерінің бірі ХІХ ғасырдың 80-90 жылдары және Столыпиннің реформасы аясында жүзеге асырылды. Нәтижесінде, ХХ ғасырдың басында украиндар саны жағынан қазақтар мен орыстардан кейінгі орынға көтерілген еді.
Қызықты мәліметтерге толы баяндама барысында Жансейіт Түймебаев «қазақстандық украиндар еліміздегі ең көп санды ұлт өкілдерінің қатарында» екенін атап өте отырып, Қазақстан мен Украинадағы тамыры қазақстандық украиндар туралы да айта кетті: «бокстан әлем чемпионы В.Кличко – Қазақстанның тумасы болса, қазақстандық ауыр атлетші А.Храпатый – украиндық. Қазақстандық боксер В.Левит пен белгілі қазақстандық журналист Я.Красиенконың ұлты украин».
Шамамен 300 адам қатысқан фестиваль Қазақстанның 11 облысынан жиналған украин шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертімен, сондай-ақ фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен жалғасын тапты.
Аталған шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Рада украинцев Казахстана» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Юрий Тимощенко, Украинаның Қазақстандағы елшісі Иван Кулеба, мемлекеттік органдар мен шетелдік дипломатиялық миссия өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА мүшелері және т.б. қатысты.