Сараптама • Бүгін, 09:40

Тариф түзілімінің жаңа қағидасы

14 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биылдан бастап елімізде электр энергиясы, су, газ сынды маңызды ресурс­тарға тарифті есептеудің тұты­ну көлемі төлем құнына ті­ке­­лей әсер ететін жаңа ере­же­лері күшіне енеді. Ком­му­нал­­дық саладағы ауқымды ре­­фор­­­ма­лардың бір бөлігі инф­ра­­құ­ры­­лым­ды жаңғырту қажет­тілігімен қа­тар, табиғи ресурстарды үнемдеу мен тиім­ді пайдалану факторларына негізделген.

Тариф түзілімінің жаңа қағидасы

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Тіршіліктің игілігін ешқашан таусылмастай көріп, жауапсыз пайдалану – болашақ ұрпақтың несібесіне қия­­нат жасаумен бірдей. Алайда электр энергиясының, жылудың, ыс­тық судың салыстырмалы түрде қол­же­тім­ділігіне бойы үйренген көп жұрт­т­ың түсінігі «бар нәрсені неге барын­ша тұтынбасқа» дегеннен әрі аса алмай келеді.

Тарихи тұрғыдан қалыптасқан арзан ресурс, қолжетімді тариф жүйесі тұрғындарды үнемшілдікке ынталан­дырмағаны анық. Ақылға қонымды көзқарастың, үнемдеу мәдениетінің болмауы, шексіз, жосықсыз тұтыну қорлардың сарқылуына, тапшылығына әкелетіні белгілі болса да, көпшілік әлі күнге дейін үйреншікті әдетін өзгертуге асықпайтын сияқты.

Экологиялық ұйымдар мен қоғам белсенділері суды, энергияны, жылуды ұтымды пайдалану мәселелерін талай мәрте көтергенімен, жалпы экологиялық сананың қозғалысы әлі бастама күйінде. Ал өмірлік қажеттілікті алаңсыз тұрмыстың аясына тоғытып, ұрпақ қамын уақыттың еншісіне қалдыруға әсте болмайды. Қала берді, адамның бейжай қарым-қатынасын тозған инфрақұрылым да, ластанған орта да көтере алмауы мүмкін.

Елдің экологиялық жағдайы мен ұлт­тың әлеуметтік әл-ауқаты суды сарабдал тұтынуға тікелей байланысты. Бүгінде әлемнің зерттелген 90 елінің ішінде біздің ел сумен жабдықтау жағынан ең арзан үштіктің қатарына кіреді. Салыстырар болсақ, Швеция, Дания секілді дамыған мемлекеттерде судың құны елімізге қарағанда 22-25 есе жоғары, бұл ретте бізде жан басына шаққандағы тұтыну 5-8 есе артық. Осы мысалдың өзі төмен тарифтің суды тиімсіз пайдалануға әкелгенін айқын көрсетеді.

Numbeo сарапшыларының жаңа деректері бойынша, кейінгі жылдары елімізде ауданы 85 шаршы метр пәтер үшін электрмен жабдықтау, жылыту, ауаны баптау, сумен жабдықтау, қоқыс шығару құнын қамтитын коммуналдық қызметтердің орташа айлық құны 57 доллардан (немесе 27 мың теңгеге жуық) сәл асады. Салыстыра алғанда, мұндай тұрғын үй үшін коммуналдық қызметтердің айлық құны Ресейде 90,5 долларға, Арменияда – 130,4 долларға, Молдовада – 218,5 долларға жетіп үлгергенін мысалға келтіруге болады. Яғни коммуналдық игілік бізде ТМД-дағы көптеген көршіге, тіпті Еуропаның жетекші елдеріне (Ұлыбританияда – 328,4 доллар, Германияда – 336,9 доллар, Аустрияда – 390,5 доллар) қарағанда әлі де бірнеше есе арзан.

Еліміздегі коммуналдық қызмет құны­ның әлемдік стандарттармен салыс­тыр­ғанда айтарлықтай төмен болуы көп жағдайда мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағыттылығымен түсіндіріледі. Алайда коммуналдық шаруашылықтың жылумен, сумен жабдықтау, сондай-ақ электр энергетикасы сияқты маңызды салалары энергияны өндіру мен таратуға арналған шығындардың өсуімен бетпе-бет келіп отыр. Бұл шығындар энергия тасығыштарға бағаның өсуі, сондай-ақ сапаны жақсарту жөніндегі талаптар мен экологиялық стандарттар аясында едәуір ұлғайып жатса да тарифтер бұрынғысынша есеп айырысудан едәуір төмен күйде қалды. Инфрақұрылымды қолдау мен дамы­туға арналған шығыстардың аздығы оның моральдық, физикалық тозуына әкеледі. Технологиялардың ескіруі, автоматтандырылған басқару жү­йе­лерінің болмауы себепті коммунал­дық кәсіпорындарға инфрақұрылымның жай-күйін бақылау екі есе қиын. Коммуналдық шаруашылық нысандарының техникалық жай-күйі, сумен, су бұрумен, жылумен жабдықтау, газбен қамту желілері, инфрақұрылымның басқа да элементтері шұғыл жөндеуді, кей жерде толық ауыс­тыруды қажет етеді. Бірқатар қалада, әсіресе ескі тұрғын үй орамдарында ТКШ жүйесі көне жабдықтармен, нашар жаңғыртылған желілермен жұмыс істейді. Тіпті заманауи тұрғын үй кешендерін тиімділік пен қауіпсіздікке тиісінше кепілдік бере алмайтын ескі қазандықтармен жылытатын өңірлер де бар. Бұл жағдай көрсетілетін коммунал­дық қызмет сапасының нашарлауына, жергілікті бюджет шығындарының ұлғаюына ұласады. Осыған байланыс­ты қазірде халықты сапалы сумен, жылумен, энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында желілерді жаңғырту, жабдықтарды жаңарту, жаңа нысандар салуға қатысты ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Инфрақұрылымды жақсарту мен қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында мемлекет тарапынан жасалып жатқан қалыпты іс-қимылға қарамастан, көп азамат суды, электр энергиясын, газды үнемдеудің, тиімді пайдаланудың маңыздылығын түсінбейді. Тиісті бақылаусыз, тұтынуға сауатты көз­қарассыз ресурстар экономиканың тұрақты жұмыс істеуіне қажетті көлемді де өтей алмауы мүмкін.

Коммуналдық саладағы қат-қабат шаруаның, сан қилы сын-қатердің жан-жағында ресурстарды мүмкіндігі шектеулі жағдайда өмір сүретіндерге қарағанда едәуір үлкен көлемде тұтынатын ауқатты азаматтар немесе ірі кәсіпорындар халықтың қалың жігіне араласып кетіп жатыр. Әділінде, шығыс тұтынудың нақты көлеміне байланысты болуы керек. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастырудың өзектілігіне, «көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидасы коммуналдық сектордағы ауқымды реформалардың бір бөлігіне айналуы тиістігіне Мемлекет басшысы былтырғы халыққа Жолдауында баса назар аударды. Үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мемлекет, бизнес, қоғам тарапынан кешенді күш-жігерді талап етеді. Неғұрлым тиімді, орнықты инфрақұрылымдар салу, энергия үнемдейтін технологияларды енгізу, үнемшілдікке баулитын ағарту бастамаларын дамыту, тариф саясатын өзгерту – ресурстарды орнықты пайдалануға бағытталған стратегияның бір бөлігі болуға тиіс. Сонда ғана еліміз экономикалық тұрақтылықты ғана емес, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, коммуналдық ресурстарды үнемдеуде жаңа деңгейге шыға алады.

Қазірде елімізде енгізіліп жатқан қоғам­дық нормалар тұрғындарға ком­мунал­дық қызметтерді пайдалану көле­міне қарай төлеуге мүмкіндік береді. Яғни ереже коммуналдық қызмет құны тұтынылатын ресурстар көлеміне барабар, пропорционалды өсетінін болжайды. Мысалы, электр энергиясының алғашқы бірнеше киловатына нақты баға белгіленсе, келесі айналған әрбір киловатқа тиісті төлем жасау керек. Негізгі мақсат – энергетикалық желіге түсетін жүктемені барынша азайтып, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру. Сондай-ақ мұндай тәсіл жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қолдап, тарифтің өсуі баламалы көздерді (күн панельдерін, жел генераторларын, басқаларын) неғұрлым кеңінен қолдануға ықпал ететін болады. Тым көп тұтынғандарға тарифті ұлғайту ысырапшылдық әсерін жоюға көмектесіп, энергияны пайдаланудың неғұрлым үнемді тәсілдеріне көшуді ынталандырады. Су мен газға тарифтер де тұтыну көлеміне қарай сараланады. Мысалы, су немесе газ тұтыну нормасы жоғары пәтерлер үшін әрбір келесі текше метрге мөлшерлеме өсуі мүмкін.

Жылыту жүйесі де өзгерістерден тыс қалмайды. Жылыту тарифтері тұрғын үй алаңына ғана емес, жылуды нақты тұтынуға да байланысты есептеледі. Қазір қалаларда белсенді енгізіліп жатқан жылуды тұтынуды жеке есепке алу жүйелерi әрбiр тұтынушы үшін құнды нақты белгiлеуге мүмкiндiк бередi. Тұрғындарға өз үйлеріндегі температураны бақылауға, нақты тұтынылған жылуды ғана төлеуге көмектесетін термореттеу жүйелерін енгізуге ерекше назар аударылады. Сөйтіп, биылдан бастап жылыту құнын неғұрлым әділ бөлу мақсатында жаңа технология­лар мен тың тәжірибе кезең-кезеңімен енгізіледі. Сол тұрғыда қалтасынан қосымша шығын шығарын сезінген азаматтардың үнемдеуге көбірек көңіл бөлуіне, соның ішінде энергиялық тиімді құралдарды пайдалануына, есептегіштер орнатып, өз қажеттіліктерін бақылауына тура келе­ді. Сонымен қатар халыққа жүктемені барынша азайту мақсатында Үкiмет тарифтердiң өсуiнен зардап шегуi мүмкiн халықтың тұрмысы төмен топтарына арналған түрлi әлеуметтiк бағдарламалар мен субсидиялар енгiзудi жоспарлап отыр. Бұл ретте тарифтердiң өзгеруiн, олардың азаматтардың түрлi топтарына әсерiн қадағалайтын мониторинг жүйесiн құрып, қажет болған жағдайда қосымша әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылады.

Сумен жабдықтау саласында тұтыну ли­митіне байланысты төрт деңгейлі тарифті қолдану көзделген, мұнда эконо­микалық шығындар былайша бөлінген:

  • айына 3 текше метрге дейін тұтынатын бірінші топ, халыққа арналған тариф деңгейінде;
  • айына 3-тен 5 текше метрге дейін тұтынатын екінші топ, халыққа арналған тариф деңгейіне 20 пайыз қосылады;
  • айына 5-тен 10 текше метрге дейін тұтынатын үшінші топ, халыққа арналған тариф деңгейіне 50 пайыз қосылады;
  • айына 10 текше метрден көп тұтынатын, есептеу құралдары жоқ төртін­ші топ, халыққа арналған тариф деңгейіне 100 пайыз қосылады.

Жылумен жабдықтау саласында тариф­терді саралау тұрғын үй алаңының бір абонентке шаққандағы шамасы бойынша жүзеге асырылады:

  • 100 шаршы метрге дейін – бекітілген тариф қолданылады;
  • 100-ден 200 шаршы метрге дейін – тариф бекітілген тарифтен 10 пайызға көп;
  • 200 шаршы метрден көп – орташа жіберу тарифі қолданылады.

Табиғи монополия субъектілері алған қосымша кіріс ТКШ саласындағы басым міндеттерді шешуге, оның ішінде реттеліп көрсетілетін қызметке қатысты жабдықтар мен желілерді жаңартуға, қайта құрылымдауға, сондай-ақ негізгі құрал-жабдықтарды сатып алуға, түптеп келгенде ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға жұмсалатын болады. Бұл қадам ұзақ мерзімде коммуналдық қызметтің неғұрлым тиiмдi, экологиялық таза жүйесiн құру үшін маңызды.