– Аңсаған Скендерұлы, сұхбатымызды құқықтық тәртіп әскерінің тарихына шолу жасаудан бастасақ...
– Тәуелсіз еліміздің құқықтық тәртіп әскерінің қалыптасуы 1992 жылдың 10 қаңтарындағы Президенттің Ішкі әскерлерді құру туралы Жарлығынан бастау алады. Сол жылы 23 маусымда «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері туралы» заң қабылданды. Бұл аяғын тәй басқан әскери құрылым үшін қиын кезең еді. Өйткені жас мемлекетте халықтың, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, әскерді жан-жақты жабдықтау мен кадрды сақтауда күрделі мәселелер туындады. Алайда соған қарамастан, Ішкі әскерлер өзіне жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндетті ойдағыдай орындап шықты.
Құрылу мен даму жылдарында аға буын өкілдері қол жеткізген жетістіктер көп. 1997 жылы Петропавлда Ішкі әскерлер жоғары әскери училищесінің ашылуы – маңызды оқиғаның бірі. Бұл кадрлық тапшылықты шешудегі алғашқы қадам болды және соның арқасында төл әскерімізді офицерлік кадрмен өзіміз қамтамасыз ете бастадық. Сондай-ақ 1993-1999 жылдары Ішкі әскерлер құрама ротасының тәжік-ауған шекарасында үкіметтік тапсырманы орындауын да айтуға болады.
«Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерін құру мен оларды Ішкі әскерлер бригадаларының құрамына енгізу, сондай-ақ жоғары әскери училищенің мәртебесін Әскери институт ретінде қайта құру шешімдері де – әскер тарихындағы назар аударарлық кезеңдер. 2010 жылы Ұлттық қорғаныс университетінде Ішкі әскерлер факультеті құрылды. Ал 2013 жылы әскерді басқарудың бригадалық жүйесі өңірлік басқару жүйесіне ауыстырылып, сәйкесінше «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары құрылды.
2014 жылы Ішкі әскерлердің атауы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы» болып өзгеріп, 2015 жылғы 10 қаңтарда «Ұлттық ұлан туралы» заң қабылданды. Осы сәттен әскерді дамытудың жаңа кезеңі басталды: Шымкент, Қызылорда, Жаңаөзен, Астана, Өскемен қалаларында қосымша әскери бөлімдер құрылды. Мұндай оң өзгеріс еліміздің барлық өңірінде төтенше жағдайда тосыннан туындайтын міндеттерді орындауға Ұлттық ұланның дер кезінде көмекке келуіне мүмкіндік берді.
– Құқықтық тәртіп әскері техникамен және қару-жарақпен толықтай қамтамасыз етілген бе?
– Ұлттық ұланды заманауи қару-жарақпен, техникамен және материалдық-техникалық құралдармен жарақтандыру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2013-2024 жылдар аралығында авиациялық парк толық жаңартылып, жаңа Ми-171 тікұшақтарымен, Ан-74 және Y-8 ұшақтарының соңғы үлгілерімен толықты. Әскер құрылған күннен бастап авиацияның ұшу құрамы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 70 мыңнан аса ұшуды жүзеге асырды. Сондай-ақ Тәжікстанға, Сирияға, Түркияға, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету міндеттерін орындады. Бұған қоса «КамАЗ», «Урал», «Тигр» сынды жол талғамайтын көліктермен, артиллериялық-зениттік бөлімшелер минометтермен, артиллериялық-зениттік зеңбіректермен және басқа да қару-жарақпен жарақтандырылды.
Тағы бір айтып өтер жайт – байланыс құралдары аналогтік жүйеден цифрлық форматқа толықтай көшірілді. Командалық-штабтық машиналар мен кешенді аппараттық байланыстар жаңартылды. Ақпарат алмасудың заманауи жүйелері әлі де енгізіліп жатыр.
– «Кадр бәрін шешеді» дейтін сөз бар. Ұлттық ұлан сапында өз ісіне берілген білікті де сауатты маман жеткілікті ме? Жалпы, жастарымыздың әскерде қызмет етуге құлшынысы қалай?
– Қатарымыз үнемі толығу үстінде. Әскери салада қызмет еткісі келетін жастарымыз аз емес. Ұлттық ұлан академиясында бүгінгі таңда «бакалавриаттың» сегіз мамандығы және магистратураның бір мамандығы бойынша білім беріліп келеді. Құрылған сәттен бастап 4 мыңнан аса офицер дайындалды. Бұл оқу орнында өз азаматтарымызбен қоса, халықаралық шарттарға сәйкес Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасынан келген жастар да білім алады. Сонымен қатар Ұлттық қорғаныс университетінде «академиялық білімі» бар 328 офицер даярланды.
– 2024 жылы еліміз бұрын-соңды болмаған алапат су тасқынын бастан кешірді. Оның салдарын жойып, адамдарды құтқаруға ұландық сарбаздар да атсалысқанын білеміз...
– Шынында, ел басына күн туғанда халқымыздың бірлігі мен татулығының арқасында апаттың салдарын еңсергенімізді ерекше айтқан жөн. Құтқарушылар мен әскерилердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында бұл қиындықты да ел болып еңсере білдік. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ұлттық ұлан авиабазасының ашылуында жеке құрамға арнаған сөзінде айтқан еді.
Біздің ұшқыштарымыз су басқан аудандардан адамдарды эвакуациялап, шалғайдағы жұртқа гуманитарлық көмектер жеткізді. 3 мыңнан аса әскери қызметші, 160-тан аса автокөлік пен арнайы техника, 7 әуе көлігі су тасқыны салдарын жоюға жұмылдырылды. Ұландықтардың көмегімен 4 мыңнан аса адам, 600 тонна жүк және 130 тонна гуманитарлық көмек тасымалданды. Мемлекет басшысының Жарлығымен адамдарды құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бірқатар полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан әскерилері мемлекеттік наградамен марапатталды. Оның ішінде Оралдағы бөгет бұзылған кезде суға кеткен қарт адамды құтқарғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған ефрейтор Нұрбол Асқап та бар.
– Бүгінде қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін орнатуға басымдық беріліп келеді. Бұл тұрғыда Ұлттық ұланға қандай жауапкершілік жүктеліп отыр?
– Иә, өзіңіз айтқандай, заң мен тәртіпті орнатуда біз – алдыңғы шепте жүргендердің біріміз. Нақты мысалдарға жүгінсем, былтыр полиция қызметкерлерімен бірлесіп 3 800 қызметтік-жауынгерлік міндет орындалды, нәтижесінде 19 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіліп, 800-ден аса қылмыскер ұсталды. 230-ден аса қару-жарақ, 6,5 мың оқ-дәрі, 10 жарылғыш құрылғы, 9 тоннадан аса есірткі заттары тәркіленді.
Қазіргі таңда есірткі қылмыстары мен заңсыз айналымы қоғамды алаңдатып тұрғанын білеміз. Бұл жайында Президентіміз де жиі айтып келеді. Ұландық сарбаздар «Қарасора» іс-шараларын өткізу шеңберінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлермен бірлесіп, заңсыз өсірілген 19 қарасора егістігін анықтаған еді. Ол жерде құрамында 15 мыңнан аса өсімдік тектес есірткі бар бұталар тәркіленді.
Патрульдік-бекеттік қызмет барысында 15 мыңнан аса құқық бұзушы ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілгенін де тілге тиек етейін. Айдауылдау бөлімшелері 9 теміржол және 23 автожол бағыты бойынша қарауылдық қызмет атқарды. Сондай-ақ 29 сот отырысында қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
– Цифрландыру үрдісі өмірге аяқ басқан сайын қоғамның барлық саласын заманға сай дамыту, соның ішінде әскери саланы жаңа технологиялармен қамтамасыз ету өзектілігі артып келеді. Осы орайда кейінгі жылдары орын алып жатқан соғыс іс-қимылдары ұшқышсыз авиациялық жүйелердің тиімділігін көрсетіп отыр. Ұлттық ұланда бұл бағытты игеруде қандай өзгеріс бар?
– Ұзақ қашықтыққа ұшуы мен нақты уақыт режімінде тапсырманы орындау тұрғысынан дрондар қазіргі заманғы жауынгерлік қызметті жүргізудің маңызды да тиімді құралына айналып отырғаны рас. Осыған орай Ұлттық ұланда ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған күнтізбелік жоспары бекітілді. Оны іске асыру үшін биыл бейінді оқу орнында ұшқышсыз ұшу аппараттары циклі енгізілді. Елордалық құрама мен оқу бригадаларында дрон аппараттарын қолдануды үйрету бойынша тиісті лауазымдар пайда болды. Ұлттық ұлан академиясында ұшқышсыз жүйелерді дамыту шеңберінде жаңа оқу жылында дрондарды пайдалануды ұйымдастыруға қатысты пәндерді зерделеуге кірістік. Келешекте әскери бөлімдерде дрон бөлімшелері құрылмақ.
Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық аясында арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшілері Қытайда, Ресейде, Түркияда және Мысырда біліктілікті арттырудың 9 түрлі курсынан, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлау курстарынан өтті.
Басқару мен ақпарат алмасу пункттерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әскердің байланыс арналарын отандық өндірістің арнайы жабдықтарымен шифрлау жұмыстары аяқталды. Жеке орналасқан бөлімшелердің байланыс арналарын жабу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Кейінгі кездері әскердегі әлімжеттік мәселесі жиі көтеріліп жүр. Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде заңдылық пен тәртіп барысы қалай сақталынады?
– Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да өзінің халыққа Жолдауында айта келе: «Әскердегі заңдылық пен тәртіпті сақтау – басты міндет», деді. Ата-аналар бізге ұлдарын сеніп тапсырады және біз олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауаптымыз. Біздің міндетіміз – оларға әскери қызметін алаңсыз өтуі үшін барлық жағдайды жасап, аман-есен үйіне қайтару. Сондықтан мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың денсаулығы, тамақтану жағдайы мен қауіпсіз қызмет өткеру мәселелері – менің жеке бақылауымда. Әрбір командир қолбасшыға дейін қол астындағы сарбаздардың қауіпсіздігі, өмірі мен денсаулығы, бөлімдегі тәртіп, сондай-ақ кез келген жағымсыз оқиғалар үшін тікелей жауапты.
Ұлттық ұлан әрдайым қоғам үшін ашық. Сарбаздар әскерге келген күннен бастап командирлер олардың ата-аналарына қызмет өткеру жағдайлары туралы тәптіштеп түсіндіреді, ашық есік күндері ұйымдастырылады. Олардың құқықтары бұзылған жағдайда ата-аналары әрқашан әлеуметтік желілер, сенім телефондары, Ұлттық ұланның ресми сайты арқылы хабарласып, бірден жауап алуға мүмкіндіктері бар.
Әскерилердің тамақтану мәселесіне айрықша назар аударылады. Кейінгі жылдары «Саламатты тамақтану – әскерлердің жауынгерлік қабілеттілігінің негізі» ұранымен сарбаз асханаларында ұлттық тағамдарды дайындауға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға жасалып жатқан жағдайдың бәрін бір сұхбаттың ішінде тізіп шығу мүмкін емес. Айтайын дегеніміз, әскерге бару – қорқатын нәрсе емес. Мұнда да тәртіп пен заң жұмыс істейді. Бұған қоса кейінгі жылдары мемлекет тарапынан әскери қызметтің беделін арттыру үшін сарбаздарға жасалып жатқан түрлі жеңілдіктерді де айтпай кете алмаймыз. Мәселен, мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде сарбаздың несиелік төлемдерін кейінге қалдыру, үлгілі қызмет өткергендерге жоғары оқу орындарында тегін білім алу гранттарын беру, т.б. Аталған жобалар іске қосылғалы бері Ұлттық ұланның 2,5 мыңнан аса сарбазына оқу гранты сертификаттары табысталды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»