Суретте: гривна (мойын алқасы). Сурет К.Ақышевтің «Есік Қорғаны» кітабынан алынған
«Есік қорғанынан табылған мойын алқа әшекейлердің ең көне түріне жатады. Басқа алқалардан айырмашылығы қосымша ілмектермен немесе тізбектермен күрделеніп, қарапайым түтіктер арқылы байланыстырылған. Мойын алқаның негізгі бөлігі түтіктерінің ернеуіне, алынбалы бөлігі түтіктерінің ұштарына енгізілген, ілмектер немесе басқа да қосымша бекітпелер жоқ. Алтын адам мойын алқасының диаметрі – 13 см. Алқаның ұшындағы барыстың бас мүсіндері дәнекерленген. Сақ кезеңінде жыртқыш аңдардың бейнесін қолдану жиі көрініс тапқан. Барыс бейнесінен қаталдық пен аса сақтықтың көрінісі байқалады. Барыстың бас мүсінінің бейнелері өте мұқият әрі шынайы жасалған, бұл «сақ аң стилінің» алғашқы кезеңдеріне тән бейне», дейді «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері Анар Қосжанова.
Сібір, Орта Азия және Қара теңіз аймағынан табылған осыған ұқсас гривналардың қатарында Есіктен шыққан мойын алқаның орны ерекше. Ерте кездегі бұл әшекейлер жануарлар бейнелерінің көркемдік-стилистикалық ерекшеліктерін талдау негізінде, сондай-ақ кешенде табылған ұқсастығына қарай б.з.д. V-IV ғғ. жатқызылған.
Есік қорғанынан табылған жәдігер (мойын алқасы) ежелгі гривналардың барлық белгілеріне ие, әсемдігімен ерекшеленеді. Бұйым қоғамдағы адамның мәртебесін көрсетіп қана қоймай, бойтұмар ретінде де қызмет еткен. Деректер бойынша бай және текті адамдар таққан, қарапайым адамдардың қол жеткізуі қиын болған.
Дайындаған –
Ұлбосын ИСАБЕК,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы