Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Замана желі басқалай соға бастағанда байырғы заңның қам-сау болар түрі байқалмасын Мемлекет басшысы да Жолдауда анықтап айтып еді. Президент сөзінше, жаңа заңда экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер қамтылуы керек. Рас, қазір банк пен клиент қарым-қатынасы мүлде басқаша өріліп жатыр. IT технологияларды пайдалану үдерісі жаңаша тәртіп пен ережені қажетсінеді. Таяуда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын жариялады. Онда болашақ заңда көрініс табуы мүмкін бағыттар мен шешімдер ұсынылған. Соның бірқатарына тоқталып өтейік.
Алдағы уақытта банктерді лицензиялау тәртібі өзгеруі ықтимал. Агенттіктің мәлімдеуінше, осы күні банктерге қойылатын реттеушілік талаптар олардың бизнес-моделін, қызмет ауқымын, операциялардың күрделілігін және соған байланысты тәуекелдерді есепке алмай, бірізді нысанда белгіленген. Әр банк әртүрлі – бірі ауқымды, бірі шағын, соған сәйкес капиталы да, актив көлемі де, нарықтағы әлеуеті де, атқарар мүмкіндігі де әр алуан. Демек, оларды маңызына орай санаттарға бөле отырып, саралаған жөн болмақ. Сөйтіп, агенттік лицензия түрін әмбебап және базалық деп бөлгісі келетінін хабарлайды.
«Банктер лицензиясының түрлерін әмбебап және базалық лицензияларға саралау пруденциялық нормативтер мен ең төменгі капиталға қойылатын талаптарды айқындау кезінде тепе-тең реттеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде, банк секторында бәсекелестікті арттыруға және экономика субъектілеріне кредит берудің өсуіне ықпал етеді», делінеді құжатта.
Осы бастаманы іске асыру шеңберінде түрлі реттеуді енгізу ұсынылады. Біріншіден, базалық лицензиясы бар банк үшін капитал мөлшеріне қойылатын төмендетілген талаптар белгіленбек. Екіншіден, базалық лицензиясы бар банктердің кейбір жоғары тәуекелді банк операцияларын жүзеге асыруына шектеулер енгізу қарастырылған (бейрезиденттермен кейбір операциялар мен мәмілелер жүргізуге тыйым салу, шетелде еншілес ұйымдар ашу, қаржы құралдарымен күрделі мәмілелер жасау және тағы басқа). Үшіншіден, пруденциялық нормативтердің қысқартылған тізбесін және базалық лицензиясы бар банктер үшін қаржы өнімдері бойынша тәуекелді бағалаудың күрделі емес тәртібін қолдану көзделіп отыр. Ал әмбебап лицензиясы бар банктер үшін реттеушілік талаптардың көлемі және рұқсат етілген банк операцияларының тізбесі өзгеріссіз қалдырылмақ.
«Базалық лицензиялар шағын және өңірлік банктерге бағдарланған. Әмбебап лицензиялар, керісінше, кең ауқымды операцияларды ұсынатын ірі банктерге арналған», деп көрсетілген құжатта.
Құжатта қарастырылған тағы бір бастама – әмбебап банктерге «исламдық терезелерді» ашуға рұқсат беру. Соның аясында банктер өзінің қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалана отырып, арнайы заңды тұлға құрып жатпай-ақ, исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келетін қызметтерді ұсына алады. Реттеушінің мәлімдеуінше, бұл мүмкіндік дәстүрлі банктегі қызметтердің жаңа бағытын іске қосуға байланысты шығындарды айтарлықтай азайтады.
«Банктер исламдық қаржы өнімдерін өзінің дәстүрлі ұсыныстарына біріктіре алады, бұл клиенттер үшін таңдауды кеңейтеді. «Исламдық терезе» құру лицензия мен келісімдерді алу үшін аз уақыт пен ресурстық шығындарды талап етеді, бұл қызметтерді тезірек бастауға мүмкіндік береді. Ислам банкіне толығымен ауысуға дайын емес, бірақ исламдық қаржы өнімдерін пайдалануға мүдделі клиенттерді тартуға жағдай жасайды. Банктің қолданыстағы қызметкерлері исламдық қаржыландыру бойынша оқудан өте алады, бұл қағидаттар мен тәжірибелерді жақсы түсінуге ықпал етеді», деп мәлімдейді агенттік.
Реттеуші бұл бастаманың оң және теріс тұстарын да саралаған. Маңызды тәуекелдер қатарында – беделді жоғалту және исламдық қаржы өнімдеріне сұраныстың болмауы бар. Шектеулі сұраныс жағдайында «исламдық терезе» тиімсіз болып, банк үшін қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін.
Жаңа заңда төлемге қабілетсіз банктерді реттеу де ойластырылған. Олар – проблемалық банктерді анықтау бойынша қолданыстағы триггерлерді қайта қарау және оларды толықтыру; төлемге қабілетсіз банктерді қалпына келтіру және реттеу жоспарларына қойылатын талаптарды белгілеу; уәкілетті органның банктің өміршеңдігін бағалауды жүргізуі; екінші деңгейлі банктердің кредиттік портфельінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның ғана проблемалық активтерді нарықтық құн бойынша сатып алуы; бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктердің еншілес ұйымдарына жеңілдікті шарттар беруге қойылатын талаптарды алып тастау; «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының» рөлін арттыру және тағы басқа.
«Halyk Finance» сарапшыларының айтуынша, құжатта нақтылық аз. Ұсақ-түйек мәселелерге көп мән беріп кеткен.
«Біздіңше, заң заңға тәуелді актілерді көрсетілуі тиіс процедуралық сұрақтарға толы. Мәселен, онда жаңа банкті ашу үшін қандай құжаттар керек, қарау мерзімі қанша деген сияқты мәселелер сипатталады. Мұндайда жаңа банкті ашуға байланысты талап пен басты ұстанымдар көлеңкеде қалып кетеді. Біз заңның ең маңызды тарауларының бірі – «банктердің қызметін реттеу» бойынша артық және ескірген нормалар өте көп деп санаймыз. Заң банктерді «реттеу» және «қадағалау» деген екі ұғымның аражігін ажыратпайды. «Реттеу» термині ережелерді бекіту дегенді білдіреді. Қаржы мекемелері соны негізге алып жұмыс істейді. «Қадағалау» термині заң мен ереженің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында реттелетін қаржы мекемелеріне мониторинг пен тексеріс жүргізуді аңғартады. Банктер туралы жаңа заңда басы артық процедуралық және егжей-тегжейлі көрсетілген ережелер алынып тасталуы тиіс деп ойлаймыз. Ол жерде тек банктердің қызметін реттеу мен қадағалаудың жалпы ережелері мен қағидаттарын, жауапкершілікті бөлуді сипаттайтын жоғары деңгейдегі ережелер ғана болуы керек», деп мәлімдейді «Halyk Finance».
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, кез келген жаңа заң 30 жыл бұрынғы заңнан міндетті түрде жақсы болады.
«Жаңа заңда лицензия беру тәртібін өзгертпекші екен. Бізде көптеген микроқаржы ұйымы банкке айналғысы келеді. Бір жағынан, ол үшін оларда ақша жетпейді. Екінші жағынан, микроқаржы нарығын реттеу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен МҚҰ-лар арасында түсініспеушілік бар. Меніңше, лицензияның базалық және әмбебап деп бөлінуі саладағы реттеуді жақсартады. Базалық лицензия алатын ұйымдарды үшінші деңгейлі банктер деп атауға да болатын шығар. Жүйе осындай күрделі әрі нақты болған сайын жұмыс та нәтижелі болады, азаматтардың сенімі де жоғарылайды», дейді.
Экономист Андрей Чеботаревтің сөзінше, заңды дайындауда асығыстық байқалады.
«Жаңа заң жобасы өте жылдам дайындалып жатыр. Көктемде агенттік оны Мәжіліске енгізгісі келеді. Меніңше, тағы бір жылға созып, асықпай қабылдасақ болар еді. Жеделдетеміз деп, кей мәселелер заңнан тысқары қалып кетсе, бұл біздің ұтылысымыз болмақ», дейді сарапшы.
Соңғы 10 жылда банктер саны 38-ден 21 банкке дейін қысқарды. Оның 8-і – шетелдік банктердің еншілес банкі. Бизнеске кредит беруді бірнеше ірі банк қана жүзеге асырады. Консультативтік құжатты талқылау 14 қаңтарға дейін жалғасады.