«Almaty Arena» мұз сарайында ұйымдастырылған «Домбыра үні» атты шара бірнеше айлық дайындықтың нәтижесі болды. Жоба аясында 200-ден астам мектеп пен қосымша білім беру ұйымдарында біріккен домбыра ансамбльдері құрылып, шамамен 1000 педагог оқушыларды ортақ қойылымға дайындады. Флешмобқа 7-10 сынып оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында тек бір күй ғана емес, арнайы әзірленген музыкалық попурри орындалды. Бағдарламаға Төлеген Мұхамеджанов пен Алтынбек Қоразбаевтың шығармалары, Нұрғиса Тілендиевтің күйлері, сондай-ақ Құрманғазының «Балбырауын» күйі заманауи өңдеуде енгізілді. Қойылым мазмұны заманауи технологиялармен толықтырылып, жасанды интеллект негізінде арнайы бейнемазмұн әзірленді.

Қазақстан рекордтар кітабының сарапшылары флешмоб нәтижесін ресми түрде тіркеп, қатысушылар саны, орындау үйлесімі мен ұзақтығын тексерді. Нәтижесінде бұл көрсеткіш «Жаппай жетістіктер» санаты бойынша жаңа ұлттық рекорд ретінде танылды.

Бұл бастама ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, жас буынның мәдени құндылықтарға деген қызығушылығын арттырған тағылымды жобаға айналды.