Манарбек аға сонау 1939 жылы сол кездегі Ақмола облысының Балкашин ауданына қарасты шоқ жұлдыздай шағын ғана Тасбұлақ ауылында дүниеге келген. Еңістегі елге асыға аққан Тасбұлақ шаттана күліп ағады. Манарбек ағаның бала кезіндегі қолына ұстаған қара домбырасы да құтты Тасбұлақтың дала күйін шерткен әсерлі, әдемі үніндей балауса күйді шертер еді ғой. Ұлы өнер табиғаттан дарыған, ілкіден жалғасқан қасиет. Әкесі Қасым ақсақал да тұла бойына талант тұнған ұлын ет-жүрегі елжірей жақсы көрер еді. Қос ішектен киелі күй өрген зерек ұлды неге жақсы көрмеске? Ұясында ұлағат ұққан, тәлімді тәрбие көрген ұлын балапандай баптап, қырандай қанаттандырып, Алаштың аялы аспанына ұшырған да әкесі Қасым екен.
1964 жылы Семейдегі музыка училищесінің домбыра және баян сыныбын бітіріп, Көкшетау балалар музыка мектебінің мұғалімі болып жүргенде боламын деген талай баланың бағын жаққан. Манарбек ағаның алдынан дәріс тыңдаған өнерпаз балалар да бағы жанып, бабы келісіп, ұлы өнер жорығына аттанған. Бойындағы бес қаруы – құдіретті күй, шешен домбыра. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын сырттай оқып бітіріп келген соң Көкшетау музыка мектебінің директоры болып қызмет істеді. Манарбек Қасымұлы шын мәнінде облыстағы мәдениетті дамытуға үлкен үлес қосты. Қазақ тілінің кірпігі ғана қимылдайтын өңірде тұңғыш рет қазақ ұлт-аспаптар оркестрін және фольклорлық-этнографиялық «Оқжетпес» ансамблін құрды. Манарбек Бексейітов қазақ композиторларымен қоса, өзінің төл шығармаларын оркестр мен ансамбльдің репертуарына ұсынды. «Аққу» әні мен «Көкшетау вальсі» әндері, «Көкшетау маршы» күйі композитордың қарымын айғақтай түскендей. Заманында оркестр мен ансамбль ұжымы бірнеше дүркін Құрмет грамоталарымен, әртүрлі деңгейдегі дипломдармен марапатталды. 1986 жылы қазақ ұлттық оркестрлерінің Алматыдағы екінші республикалық конкурсында лауреат атанды. Манарбек Бексейітов басқарған ұжымдар ұлттық өнеріміздің өрісін алыс-жақын шетелдерге де көрсетті. Сол кезге куә болған адамдардың айтуына қарағанда, шанақтан төгілген күй құдіреті талайды тік тұрғызған. Әсіресе Польша мен Мажарстандағы гастрольдік сапарлары сәтімен сабақталыпты. 33 жыл ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған Манарбек Қасымұлы бір шоғыр талапты жасты тәрбиелеп шығарды. Өзіндік мектеп қалыптастырды. Осының барлығы бойындағы ұлы өнерге деген ұмтылыстан еді.
Өрісі кеңге жайылған өнер ұжымы В.Моцарт, И.Брамс, Ж.Бизе, Ш.Гуно, Дж Верди, Дж Россини сынды батыс Еуропа сазгерлерінің М.Глинка, П.Чайковский, Г.Свиридов, Н.Будашкин тәрізді орыс композиторларының шығармаларын меңгерсе, ұлттық өнердің теңдессіз майталмандары Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, Махамбет күйлерін нақышына келтіре орындап, шеберлік шыңына көтеріле берді.
– Орындаушылық үрдістегі өнерпазға қажетті қасиеттің бәрін Манарбек бауырымның бойынан табар едіңіз, – дейді жан досы, өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысов, – облыстық мәдениет басқармасын басқарып жүрген кезімде бірлесе жұмыс істедік. Соның нәтижесінде талай жобаларымыз жүзеге асты. Көкше төңірегінде ұлттық өнердің мәңгі сөнбес шамшырағын жаққан айтулы тұлға еді. 1994 жылдың 3 мамырында облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында облыстық филармонияның қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің тұсаукесер рәсімі өтті.
Мұрат қажының айтуынша, өнер мен мәдениетті қадірлей білетін халықтың санында есеп болмаған, тіпті сыймай қалған адамдар да көп. Мұның барлығы өнерге деген ыстық ықылас еді. Сахна ашылып, қазақтың ұлттық киімдерін киген оркестр мүшелері орнынан тік тұрып, дирижер Манарбек Бексейітов ортаға шыққанда, халықтың атойлаған алғысы сәуірдің ақ нөсеріндей төгілген. Манарбек ағамыз оркестрге басшылық еткенде аруақтанып, айбарланып кетеді екен. Дирижердің сиқырлы таяқшасының ұшына ілескен мың сан әуен бір арнада тоғысып, таудың асау өзеніндей арнасына сыймай, бар кеңістікті билеп алатын көрінеді.
– Манарбек аға ұлтын сүйген азамат еді, – деп еске алады мәдениет саласында ұзақ жыл қызмет еткен Базарбай Кәкенов, – «өмір өткен күндер емес, есте қалған күндер» демекші, арада қанша жыл өтсе де көкірегімді қоламтаның шоғындай қыздырып жатқан сол бір шақ жадымнан өшер емес. Сонау Югославияның Черногориясына барып, Дубровник, Бекчичи, Сплит тәрізді қалаларын аралағанда, Мажарстан, Польшаның өнерсүйер қауымымен қауышқанда ағамыздың ойында қазақ деген халықтың ұлы өнерін көрсету мақсаты тұратын. Шетелге шыққанда жинақы жүріп-тұруға, тәртіпті де жауапты болуға айрықша мән беретін. Біз концертті көбінесе кешке қоятынбыз, әр концертке халық та көп жиналатын. Қалаларды аралағанда өнер сапары Абайдың «Қаламқасымен» басталатын. Бәріміз қосылып, әуелетіп әкететінбіз. Сондай әдемі сәттерді назарынан тыс қалдырмайтын намысшыл Манарбек Қасымұлы: «Жігіттер, көрдіңдер ме, «Қаламқасты» айтқанда күллі дүние тебіреніп кетті», деуші еді. Сплит қаласының алып теңіз портында орыс моряктары біздің ән-күйімізді ыстық ықыласпен тыңдап, «Жасасын, Қазақстан!» деп айғайлағаны да есте. Сондай салтанатты сәттерде Манарбек ағаның жүзі жадырап, әр нөмірді хабарлап тұратын Қалима екеуміздің арқамыздан қағып-қағып жіберіп, «Әй жарайсыңдар, бекер келмеппіз!» деп қуанышын жасыра алмай, арқа-жарқа болып тұрушы еді.
Сөз соңында музыка әлемін құрмет тұтатын көпшіліктің бірауыз тілегін де айта кетсек, артықтығы болмас. Әр жыл сайын Манарбек Бексейітов атындағы өнер сайысы, дәулескер домбырашылардың додасы өткізіліп тұрса, бір ғанибет емес пе?
Көкшетау