Пікір • Кеше

Экономикаға серпін береді

25 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда жасанды интеллект өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Мысалы, Америкада осы сала қарқынды дамып келеді. Оның нәтижелері өндіріс саласына енгізіліп жатыр. Барлық ел жасанды интеллектіні өнеркәсіптің әртүрлі саласында қолдануға бет бұрды. Мәселен, Жапония медицина саласында құралдарына ЖИ енгізіп, оларды автоматтандыруға көшкен.

Экономикаға серпін береді

Сурет: aqiqat.kazgazeta.kz

Жасанды интеллектінің мүмкін­діктері шексіз деуге болады. Бола­шақта ол күрделі есептерді шешу, ірі өндірістік үдерістерді оңтай­ландыру, пайдалы қазбаларды игеру, ғарышты зерттеу сияқты маңызды салаларда адамның көмекшісіне айнал­мақ. Қазірдің өзінде жасанды ин­теллект адамның жылдап жүргі­зетін есептерін суперкомпьютерлер арқылы бірнеше сағатта есептеп бере­ді. Осылайша, ол ғылым мен тех­ни­каның дамуына үлес қосып отыр.

Медицинада бұл жүйе айтар­лық­тай жетістікке жетті. МРТ, УЗИ секілді диагностикалық құрылғылар ЖИ арқылы әртүрлі патологиялық жағ­дайларды анықтап, алдын алуға көмек­тесіп жатыр. Осы жетістіктерді ескеріп, Президент жасанды интел­лектіні дамыту қажеттігін айтты. Ол 2023 жылғы Жолдауында бұл мәсе­леге ерекше тоқталды. Содан бері осы саланың дамуын қадағалап келеді.

Қазіргі уақытта елімізде жасанды интеллектіні дамыту үшін үлкен тілдік модель жасалып жатыр. Бұл «KazLLM» деп аталады. Осы жобада екі консор­циум жұмыс істейді. Біріншісі – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқаратын консорциум. Олар электрондық үкімет жүйесіне ЖИ-ді енгізумен айналысады. Бұл жүйе арқылы мемлекеттік қызметтерді автоматтандырып, шешім қабылдау үрдерістерін жеңілдету жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Екіншісі –  Ғылым және жоғары білім министрлігі басқаратын консорциум. Оған он екіден астам ұйым біріктірілген. Бұл консорциум да тілдік модельді жетілдіруге атсалысып, жасанды интеллекттің ядросын қалыптастыруға жұмыс істейді.

Жасанды интеллектінің негізі – үлкен тілдік модельдер. «ChatGPT» секілді жүйелер осы тілдік модельдердің арқасында жұмыс істейді. Егер біз қазақ, ағылшын және орыс тілдерін қамтитын мультимодальді тілдік жүйе құра алсақ, еліміз жасанды интеллект технологиясын дамытуда жетіс­тікке жетеді. Бұл тілдік модельге сурет, дыбыс және өндірістік деректер сияқты қосымша мәліметтерді біріктіру арқылы генеративтік модельдерді жасауға болады. Мысалы, бейнелерді өңдеу, дыбысты сараптау, медициналық деректерді талдау сынды салаларда тиімділікті арттыруға жол ашылады. Мұндай көпфункциялы жүйелер жасанды интеллектінің ядросын жетілдіруге көмектеседі. Бағдарламашылар «front-and», «back-and» деп атайтын интерфейстер арқылы пайдаланушылар жасанды интеллектіні қолдана отырып, шешім қабылдай алады.

Басқа елдерде құрылымдалған деректер базасы бұрыннан бар, ал бізде электрондық мәліметтер аз. Сон­дық­тан мемлекет қазақ, орыс, ағыл­шын тілдеріндегі деректерді жинап, оларды жасанды интеллект жүйесіне енгізіп жатыр.

Тілдік модельдер кезең-кезеңі­мен жетілдірілу үстінде. Алғашқы нұсқалары жасалып, іске қосылды. Енді бұл модельдерді мультимодельді жүйелер деңгейіне дейін дамыту жұмыстары қолға алынып жатыр. Мұн­дай модельдер арқылы жасанды интел­лектіге әртүрлі сұрақ қойып, нақты шешімдер алу мүмкін болады. Мысалы, екі қабатты үйдің жобасы мен сметасын автоматты түрде есептеп шығаруға болады. Жасанды интеллект үш өлшемді принтерлер арқылы дайын жобаларды басып шығарып, үйдің сыртқы көрінісін ерекше дизайнмен безендіруге де көмектесе алады.

Президент «Ana tili» газетіне берген сұхбатында жасанды интеллектіні шектеудің қажеті жоқ екенін, керісінше, оны кеңінен пайдалану арқылы көптеген салада тиімділікті арттыру керектігін айтты. Егер біз бұл бағытта қазірден бас­тап белсенді жұмыс істемесек, әлемдік даму үрдісінен артта қалуымыз мүмкін екенін ескертті. Осындай ұмтылыс арқылы біз ұлттық жасанды интеллект жүйесін құрып, экономикалық және ғылыми дамуымызды жаңа деңгейге көтеруге қол жеткізе аламыз.

 

Өркен Мамырбаев,

«Ақпараттық және есептеу технологиялары институты» РМК

бас директорының орынбасары, PhD

Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да қар көшкіні жүреді

Табиғат • Бүгін, 11:28

Тылсымға толы Шал тауы

Талбесік • Кеше

Театр тұйғыны

Театр • Кеше

Киелі күй иесі

Тұлға • Кеше

Сапаға мән береді

Еңбек • Кеше