Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
– Түсіндірейін. Өмір сүрудің қиын болатыны, өмір – бағдарлама. Балалық шақта өмір – бағдарлама дегенге мән бермейсің, кем-кетікті толтыратын ата-ана, тәрбиеші, мектептерде ұстаздар бар. Есейе келе өмір – бағдарлама екенін өзің сезінуің қажет.
Өмір – бағдарлама, яғни ол өмір сүру мүмкіндігі. Ес жидың, енді жауапкершілік өзіңде. Ержеткен бозбаланы, бойжеткен қыз баланы өмір – бағдарламасының жауапты кезеңі күтіп тұр, ол – өмірлік жол таңдау.
* * *
Қазіргі жағдай. Қиыншылық әркімнің басында. Мемлекет басшысына қандай қиын десеңші. Әйтеуір, сенгеніміз – Президент, ол – дипломат.
Қиыншылықтың шешімдерін көре білетін, әрине дипломат басшы. Мемлекет басшысына ұзақ ғұмыр тілейік.
Қиын дегенде, жеке басыма қатысты айтсам, нендей қиыншылықты көрмедік.
Су құдықта, әжетхана далада, күн қыста суықтың суығы, ал өмір сүріп көр. Киім жұтаң, тамақ тапшы, әйтеуір қалай екенін айту қиын, көңіл көтеріңкі сияқты. Жақсылықты аңсау бар, арман-үміт бар. Сөйтіп, ержеттік. Ержете келе түсіне бастадық, басқа әлем, өзге елдер бар, олардың тұрмысы, бізден көш ілгері. Неге, біз мешеуміз. Ойға салсақ, қиындықтың көкесі социализмде екен. Нобель сыйлығының лауреаты, «Құлдыққа жол» кітабының авторы Фридрих Хайек дұрыс айтқан, «социализм – құлдық қоғам».
Социализм кезінде тәуір тұрмыста болғандар менімен келіспейді. Рас. Олар жақсы ғұмыр кешті, біздерге қарағанда. Бірақ бәрібір олар да қиыншылықтың құлдары еді.
Қиын не амал бар. Саясат өртеніп тұр. Қымбатшылық елді буып барады. Келешегіміз жастар жан-жаққа жалтақтай бастады. Амал болса, шетелдерге асып кетпек. Ол қиыншылықтан шығу емес, оның батпағына бату. Оны, әзірше, жастар сана-сезімдеріне салар емес. Бізге үлкендерге олар үрке, сенімсіздікпен қарайды. Кінәлі алдыңғы ұрпақ. Рас. Бірақ бізде қандай мүмкіндік болды, нендей мүмкіншілікті өткеріп алдық. Жә-рар, өткен өтті, болары болды, бояуы сіңді. Санаға таңба болып қалды. Ал бүгінше, біз қандай мүмкіншілікті ескермей отырмыз.
Күні ертең қазіргі жастар біз секілді егделенгенде, кейін жас буын не айтпақ? Олардың алдында не деп ақталмақпыз? Мәселе – адамшылықта. Шәкәрім 1912 жылы осы мәселеге арнайы тоқталып, жұртшылыққа сауал қойып еді: Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма? Кесімді жауап беру қиын. Шәкәрім қажы сауалды жұртшылыққа 1912 жылы «Айқап» журналы арқылы қойғаннан бері қаншама заман өтті.
Шәкәрім заманында қазақтың өз билігі қолдан кеткен. Біз патшалық Ресейдің боданы едік. Бодан елдің азаматтарында адамшылық толық болмайды. Пысықтарға жол ашық.
Қазір Тәуелсіз елміз. Мұндай жағдайда Президент адамшылықтың кең өрісі адал адам деген идея ұсынды. Дөп айтылған сөз. Адал азаматтар қазіргі саяси билік тұсында болмағанда қашан болмақ? Сондықтан, Шәкәрім сауалына жауап – адамшылық молайып барады, деуіміз керек. Алайда менімен келіспейтін ағайындар да жеткілікті болуы мүмкін. Адамшылық туралы әр текті пікірлер болуы табиғи жағдай. Біз адамшылық дегенді «адамгершілік» дегенмен айырбастап жүргеніміз де бар.
Адамшылық кең өріс алуы үшін әрбір азамат өзін тәуелсіз сезінуі керек. Тәуелсіздікке жеткен адам ғана еліне, халқына адал болмақ.
Міне, нағыз адамшылық осы.
Шәкәрім сауалды қазақтардың жақсы мен жаманды ажырата алмаған кезінде күн тәртібіне ұсынған. Бүгінде қазақтар жақсы мен жаманды ажырата алатын деңгейге жетті.
Мемлекетке адал қызмет – мұсылмандық. Адал азамат – иманды қазақ. Осылай болса, өзге этнос өкілдері де адал азамат болуға ынталы болмақ. Мемлекет – азаматтың қорғаны.
Адал азамат – мемлекеттің тірегі. Адалдық негізі адамшылық деп түсінген абзал. Сондықтан әділеттілік мемлекеттің діні дейміз. Әділеттілік – адамшылықтың саяси формуласы. Әділеттілік адамшылық, кісілік, парасаттылық, азаматтық дегендердің жиынтығы, әділеттілік тармақтары.
Хакім Абай әділеттілікті Хақ жолы деген. Әділеттілік – тура жол, мәселенің қиындығы осы сананың сіңуінде.
Мемлекет басшылары әділеттілік дегенді тереңнен ойлап, ұқса, қазіргі қырғын-соғыс, бітпейтін бітеу жара бола ма?
* * *
Неге осылай? Тағы да қайтара айтамын, мәселе социализмде, авторитаризмде, әлемдік саяси ел басқару жүйелерінің әлі де сақталып отырған архаикалық болмысында. Айталық, мемлекетті 30 жыл тапжылмай басқару деген не? Бұл қиынды қиындату. Әлемге өзгеріс керек. Авторитаризмді аластату өзгерістің басы болмақ.
Демократия, либерализм дегендер әншейін ойлап табылған жайлар емес.
* * *
Тарихи тақырыптарға арналған киноларды, шығармаларды көреміз, оқимыз. Сонда көңілге түйген жай патшалық, хандық, сұлтандық т.б. жеке басқа арналған монархтық басқарудың бәрі-бәрі қате екендігі. Социалистік бағыттағы елдер авторитарлық басқару жүйесінен арылар емес. Бұл жүйеге біз де тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында малтығып шықтық.
Шықтық деймін, анығында сол жүйеден мүлдем арылдық па – қиын сауал. Бұған жауапты қазіргі сауатты, білімді, парасатты жастар айтсын.
Біз, қиыншылықты көп көрген қорғаншақтау келеміз. Қиын істің қыры көп.
Біздің ұрпақ – қан шықпаса, жара емес деп, бітеу жараны жара емес деп өскен қоғамның азаматтарымыз. Сондықтан, бізге жастар алдында шешіліп сөз сөйлеудің өзі қиын.
Ғарифолла ЕСІМ,
академик