Алғашқы алты топта («A»-дан «F»-қа дейін) төрт, ал қалған алтауында («G»-дан «L»-ға дейін) бес команда бақ сынайды. Әр топта көш бастаған ұлттық құрамалар дүниежүзілік доп додасына қатысу мүмкіндігіне бірден ие болса, екінші орын алған 12, УЕФА Ұлттар лигасында озып шыққан 4 команда қалған төрт жолдамаға таласады. Еуропаға бөлінген жолдамалардың жалпы саны – 16.
Еліміздің құрамасы J тобына түсті. Қарсыластарымыз – Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония, Лихтенштейн. Бұл топтың басты фавориті бельгиялықтар екені сөзсіз. «Қызыл сойқандар» ХХ ғасырдың басында Париж Олимпиадасында қола, Антверпендегі ойындарда алтын медальды олжалап, өздерінің мықтылығын мойындатты. Одан кейінгі табыстарына келер болсақ, 1986 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатында төртінші орынға табан тіресе, 2018 жылы Ресейде жалауы желбіреген дүбірлі доп додада қолаға қол созды. Сондай-ақ 1972 жылғы Еуропа біріншілігінде қола алса, 1980 жылғы құрлықтың басты бәсекесінде күміспен күптелді. Бүгінгі таңда Бельгияның намысын қорғап жүрген Аксель Витсель, Кевин де Брюйне, Ромелу Лукаку, Йохан Бакайоко, Леандро Троссард, Самюэль Мбангюла, Юри Тельманс сынды футболшылар қарт құрлықтың ең белді клубтарында өнер көрсетеді. Сол себепті де көпшілік Доменико Тедеско баптаған команданы осы топтың басты фавориті деп есептейді.
Соңғы жылдары Уэльс құрамасы халықаралық аренада жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүргені белгілі. Алғаш рет олар 1958 жылы Швецияда ұйымдастырылған әлем чемпионаты мен 1976 жылы Югославияда шымылдығы түрілген құрлық біріншілігінде ширек финалға дейін жетіп, өз жанкүйерлерінің құрметі мен қошеметіне бөленді. Содан кейін Уэльс футболында тоқырау кезеңі басталды. Ол біразға дейін созылды. Сауатты жасалып, жоспарлы түрде жүзеге асырылған реформаның арқасында олар тығырықтан шығудың жолын тапты. Нәтижесінде, 2016 жылы Францияда өткен Еуропа чемпионатында Гарет Бейл бастаған сайыпқырандар қола медальды иеленді. Небәрі 3 миллионнан сәл ғана асатын халқы бар шағын ғана мемлекетке осының өзі орасан зор табыс.
Солтүстік Македонияны мықтылардың қатарына жатқыза алмасақ та, олардың тарихы біздің елге қарағанда әлдеқайда тәуір. Бұл ел де тәуелсіздігін 1991 жылы алды. 1994 жылдан бері ФИФА мен УЕФА-ның мүшесі. Балқан түбегінің түлектері «Еуро-2020» доп додасына қатысты. Іріктеу турнирінде «Қызыл сілеусіндер» үшінші орын алды. Польша мен Аустриядан қалып қойған олар Словения, Израиль, Латвияны артта қалдырды. Плей-офф сайыстарында Косово мен Грузияға сан соқтырды. 2022 жылы Солтүстік Македония футболшыларының Қатарға баруға тамаша мүмкіндігі болды. Іріктеу бәсекелерінде Германияны алға жібергенімен, Румыния, Исландия, Армения, Лихтенштейнге сан соқтырды. Плей-оффтың жартылай финалында атағы алысқа жайылған Италияның аяқдоп шеберлерінен айласын асырды. Бірақ шешуші тұста Португалияның осал тұсын таба алмады. Сөйтіп, «мундиальдан» шет қалды. Лихтейнштейн жайында көп әңгімелеудің қажеті жоқ. Небәрі 160 шаршы шақырым жері, 40 мыңдай халқы бар шағын ғана елдің өкілдері қандай жарысқа қатысса да, жеңілістен бас көтере алмай жүр.
Еліміздің ұлттық құрамасы бұған дейін әлем чемпионатының іріктеу турнирлерінің бесеуіне қатысты (2006, 2010, 2014, 2018, 2022). Өкінішке қарай, соның бірде-біреуінде жолымыз болмады. Шыны керек, отандық аяқдоп шеберлерінің өз жанкүйерлерін қуантқан кездері тым сирек.
Тағы бір айта кетерлік жайт, іріктеу турниріндегі қарсыластарымыздың дені әлемдік рейтингінде жерлестерімізден едәуір жоғары тұр. ФИФА-ның тізімінде Бельгия – 8, Уэльс – 29, Солтүстік Македония – 67-орында. Еліміз 110-орынды қанағат тұтса, Лихтейнштейн 204-сатыға табан тіреп тұр.
Өзге топтарда мына командалар өзара шеберлік байқасады: А тобы – Германия/Италия, Словакия, Солтүстік Ирландия, Люксембург. В тобы – Швейцария, Швеция, Словения, Косово. С тобы – Португалия/Дания, Грекия, Шотландия, Беларусь. D тобы – Франция/Хорватия, Украина, Исландия, Әзербайжан. Е тобы – Испания/Нидерланд, Түркия, Грузия, Болгария. F тобы – Португалия/Дания, Мажарстан, Ирландия, Армения. G тобы – Испания/Нидерланд, Польша, Финляндия, Литва, Мальта. H тобы – Аустрия, Румыния, Босния мен Герцеговина, Кипр, Сан-Марино. I тобы – Германия/Италия, Норвегия, Израиль, Эстония, Молдова. К тобы – Англия, Сербия, Албания, Латвия, Андорра. L тобы – Франция/Хорватия, Чехия, Черногория, Фарер аралдары және Гибралтар.
Жоғарыдағы тізімде кейбір топтағы командалар қосарланып жазылып тұр. Себебі олардың нақты қай топта өнер көрсететіні әлі белгісіз. Оның жауабы келесі жылдың көктемінде УЕФА Ұлттар лигасы бәсекесі аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Әлем чемпионатының іріктеу турнирі 2025 жылдың көктемінде басталып, қоңыр күзде аяқталады. Плей-офф бәсекелері 2026 жылдың наурызында өтеді. Сол жылдың 11 маусымы мен 19 шілдесі аралығында дүниежүзілік доп додасының жалауы желбірейді. Бұл бәсекелерді АҚШ-тың 11, Мексиканың 3, Канаданың 2 қаласы қабылдайды. Олар – Мехико, Гвадалахара, Монтеррей (Мексика), Торонто, Ванкувер (Канада), Нью-Йорк, Филадельфия, Бостон, Аталанта, Майами, Хьюстон, Даллас, Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Канзас-Сити, Сиэтл (АҚШ).