Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ал сонау Рим өлкесінде туып, біздің дәуірімізден 4 мың жыл бұрын дүниеге келген Сенека мұрасы адамзат өркениетіне үлес қосты. Шым-шытырық тағдыр кешкен даналық иесі әуелі сенатор болып, кейіннен қуғын көріп, зұлымдығымен аты шыққан Неронның тәрбиешісі, ел билеушісі, соңында сатқындықтың құрбаны болып өз-өзіне қол жұмсайды. Солайша философ қым-қуыт дәуірінің барлық іргелі оқиғаларының басы-қасында болады. Өмірінің соңында бүкіл лауазымнан бас тартып, жапондық Сайге мен Басе, парсылық Хафиз бен Руми секілді дүние қызығын құрбан етіп, өзін өнерге арнайды. Қызметті қол көрмей, Нерон патша сыйлаған иеліктерін қайтарып, оңашалық аралына кетуді қалайды. Қайда жүрсе де аз сәттен мол сезім кешіп, кішкене төбеден үлкен ой мұнарасын соғады.
Сенеканың «Игілікті тұрмыс туралы», «Бос уақыт туралы», «Жан тыныштығы туралы», «Луцилийге жазылған адамгершілік хаттары», сонымен қатар «Медея», «Эдип патша», «Фиест» секілді драматургиялық әйгілі трагедиялары бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ. Әсіресе «Луцилийге жазылған адамгершілік хаттары» айрықша дәлдігімен, тапқырлығымен ерекшеленеді. Хатта адамгершілік, ар-ұят, мақтан мен сөгіс, адамның жан әлемі сөз болады. «Ақылды қашан да байсалды. Өйткені ол басқа нәрсеге тәуелді емес және фортунадан да, адамдардан да мейірім күтпейді. Жан рахатына жеткісі келгендер құрмет пен игілікке тек адалдық арқылы жетсін». Немесе «Біздер көпшіліктің мақтағанынан рахат ала кетпеу үшін жанымызды таза ұстайық. Бізді көп адам мақұлдағаны сенің көп адамға түсінікті болғаныңнан шығар, оған несіне риза боласың? Біздің қадір-қасиеттеріміз біздің ішкі дүниемізге қызмет етсін» дейді хатында. Сенека кітап тәрбиесімен бірге өмір тәжірбиесін мол көрген, толғақ кешкендей түрлі жағдаятқа толғана білген жан. Бәріне қосылған, бәрінен ажыраған, бәрін шақырған, бәрінен қайтқан, соңында баянсыздық батпағына түсіп жараланған жанынан даналық бұлағын ағызған бірегей дана. «Барлығынан бұрын неден қашу керектігін білесің бе? Тобырдан! Тобыр ішіне кірсем сол күйімде шыққан кезім болған емес. Одан бір нәрсе жұқтырып, кірленіп шығасың. Одан шыққанда сараң, менмен, сән-салтанатқа құмар, ашушаң және қатыгез болып шығасың. Мен өз пікірімді өзгерте алмаймын: тобырдан қаш, азғана топтан да қаш, бір адамнан да қаш!» дейді философ.
Сенека күллі зауалдың басы құмарлыққа берілуден туындайтынын айтты. Философтың дәлелдеуінше құмарлықтың көзі – ашу, сондай-ақ құмарлық адамның жан-дүниесіндегі сана күшін күйретіп, жанды көрсоқыр ететін қуат. Кейбір бұ дүние мен о дүние туралы пікірлері Тәураттағы жазбалармен үндеседі. Замандасына жазған хатында өлімді жанның емес, тәннің ғана соңғы сағаты екенін баян етеді. Әрі соңғы күніміз деп жүргеніміз мәңгі өміріміздің бастауы екенін ұқтырады. Сондай-ақ ғылым-білімге бастап, онсыз адамдық тауына жетудің мүмкін емесін сөз етеді. «Ғылымға құмарлық – өзгенің есебінен ақыл алу. Оқысам, біріншіден – өзіме-өзім риза бола түсуден арыламын, екіншіден, біреудің білгенін біліп болған соң, оны жетілдіруді ойлаймын. Оқу ақылға азық береді. Тек жазумен немесе тек оқумен ғана айналысуға болмайды, оларды кезектестіріп отыру керек. Сонда біз оқығанымызды елеулі бір нәрсеге айналдырамыз. Осылай біз гүлге қонып бал шырынын жинап, оны алып келіп бір қауызға құйып балға айналдыратын бал арасына ұқсаймыз» дейді даналық сұлтаны. Өмірінің соңында хакім Абаймен үндес, адамның өзін тәрбиелеу жолында қажыр-қайрат танытуының маңыздылығын меңзейді. «Өзіңді бағындыр, Луцилий! Енжар бола бастасаң – оят, бейбастақтық бар болса – тыйым сал, өзіңнің де, өзгенің де сараңдығын қадағалап, түзет. Жеріңнің шекарасын, байлықтың көлемін өсіремін деп қашанғы тырысуға болады? Бүкіл ел сыйып кететін жердің бір ғана қожайынға керегі не? Араларын бөліп тұрған өзенді, тіптен теңізді де бөліп алуға тырысудың қажеті қанша?»
Сенека – алуан ой қалдырған хакім, айрықша даналық мөрінің иесі. Ол қалдырған толағай мұра адамзат ақыл-ой қазынасының ең дәмді де мәнді «тағамы». Әр ұлт одан қалағанынша шөміштеп алып пайдаланып жүр.