АҚШ-тың Филадельфия қаласында өткен кездесудің тағдырын жалғыз гол шешті. Ойынның 70-минутында Килиан Мбаппе пенальтиді сәтті орындап, командасына жеңіс сыйлады.
11 метрлік айып добы бейнеқайталауды қараудан кейін белгіленді. Кездесудің бас төрешісі, өзбекстандық Ильгиз Танташев бастапқыда ереже бұзушылықты тіркемеген. Алайда VAR жүйесіндегі қайталауды көргеннен кейін шешімін өзгертіп, Парагвай қорғаушысы Густаво Гоместің Дезире Дуэге қарсы жасаған тәртіп бұзушылығын белгіледі.
Бұл Мбаппенің турнирдегі жетінші голы болды. Осылайша ол сұрмергендер жарысында көш бастап тұрған Лионель Мессимен теңесті.
Жалпы мансабында Мбаппе әлем чемпионаттарында 19 гол соғып, тарихтағы екінші үздік көрсеткішке жетті. Бұл көрсеткіш бойынша рекорд Лионель Мессиге тиесілі. Оның еншісінде 20 гол бар.
Франция ширек финалда Марокко құрамасымен кездеседі. Ол кездесу 9 шілде күні АҚШ-тың Бостон қаласында өтеді.