Руханият • 07 Қаңтар, 2025

Рождество мерекесі және дәстүрлі ислам түсініктері

221 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Зайырлылық – еліміздің моральдік және әлеуметтік құрылымының маңызды қағидаттарының бірі. Бұл ұстаным қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтар мен дінаралық келісімді нығайтып, әртүрлі сенім өкілдерінің бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруіне жол ашады. Ізгілік пен ілтипаттың, мейірім мен махаббаттың сан ғасырлық дәстүрін дәріптейтін діни мерекелерді атап өту де адамдар арасындағы ғизат-құрметтің артуына ықпал етеді. Сондықтан христиан міллетінің Рождество мерекесі кезінде аталған діннің негізгі доктриналарын таныстырып, оның қазақ дүниетанымына ежелден орныққан дәстүрлі ислам түсініктерімен ұқсас тұстарын салыстыра сараптауды жөн көрдік.

Рождество мерекесі және дәстүрлі ислам түсініктері

Фото: ашық дереккөз

Христиандық ілім Палестинаның солтүстігіндегі Назарет деген шағын шаһарда Иисустің (біздіңше Ғайсаның) дүниеге келуінен бастау алады. Ол қауымына бүкіл адам бір-біріне бауыр екендігін жеткізіп, күллі тіршілік иесіне махаббатпен қарауды уағыздады. Тәннің құрсауынан шығып, жан әлемінің тереңіне бойлауды үйретті. Құдайдың патшалығы тек сол кезде орнайтынын түсіндірді. Фарисейлер мен оларға билік құрған рим әміршілерінен басқа қарапайым халықтың барлығы дерлік Ғайсаның пайғамбарлығына иман келтірді.

Құдай Адам мен Хауаны ата-анасыз жаратқаны секілді Ғайсаны да дүниеге ғайыптан келтірді. Өзінің нұрын әлі тұрмыс құрып үлгермеген Мәриямның құтты құрсағына салды. Христиан үмбетінің осы сенімінің растығына мұсылман жұртшылығы шәк келтірмейді. Құранда «Біз оған (Имранқызы Мәриямға) рухымыздан үрледік. Ол  Раббысының барлық кітаптарын мақұлдады. Ол жан-тәнімен, бар ықыласымен мойынсұнғандардың бірі болды» делінсе (66:12), енді бір аятында «Мәриямұлы Ғайсаға ап-айқын мұғжизалар бердік һәм оны Қасиетті рухпен желеп-жебедік» (2:87) дейді.

Ғайсаның ғажайып түрде дүниеге келуін шығыс шайырлары тіпті терең қабылдаған. Мұны адамның құдайлық деңгейге көтерілуі деп түсіндіріп, оның рухани мағынасын кеңейте түскен. Айталық Мәулана Румидің ақын, шығыстанушы Ләйлі Құндақбайдың тәржімесіндегі өлеңге назар аударып көрелік.

«Тәнің – бибі Мәриям,

Әрбіріңнің Ғайсаң бар!

Бірақ әбден жан қиналмай тумас Ол,

Естимісің, Жайсаңдар?»

Алланың күллі елшілері, оның ішінде Ғайса мен Мұхаммед пайғамбарлар айтып кеткендей, құдай адамның өз ішінде. Нақтырақ айтсақ, адамның ішінде құдайдан үрленген рух бар. Бірақ оны нәпсі перделері бүркеп тұр. Адам иман қылышымен осы нәпсінің перделерін дар-дар айырғанда ғана, құдайлық рухтың сәулесі көрінеді. Тән тақылеттес бибі Мәриямның құрсағын Тәңір тақылеттес Ғайсаның жарып шығуы осы мағынаны ашықтап тұр.

Рас, христиан қауымы Ғайсаны адам суретінде көрінген құдайдың нақ өзі дейді. Бұл дүниетанымды біржақты түсінуге болмайды. Исламда құдайды көрмесе де, көріп тұрғандай өмір сүретін рухани мақам (саты) – ихсан деп аталады. Бұл мақамда Алламен болмыс бірлігінде тұтасу мақсат етіледі. Бірақ ол бірден орындалатын іс емес. Ең әуелі бұл жолға бел байлаған мұсылман тұрақты ізденіс пен талабы арқылы ұстазының рухани дәрежесіне жетуі керек. Мұны «фәнә фиш шәйх» деп атайды. Одан өткесін оның алдынан Мұхаммед пайғамбардың рухани дәрежесі күтіп тұрады. Оған қадам басқан кезде, бұл саты «фәнә фир Расул» деп аталады. Әрі қарай адам «Фәнә филлаһ» деңгейіне жетуді көздейді. Бұл құдайдың ұлы руханиятына қосылу.

Сонда адам құдай бола ала ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін мына мысалға ой жүгіртіп көрелік. Жерге құлаған жаңбырдың тамшысы өзі секілді тамшылармен тұтасуды қалайды. Сөйтіп ол көлшікке айналады. Көлшік өзенге жетуді армандайды. Артынша өзенге қосылып, теңізге құйғысы келеді. Ең ақырында теңізден мұхитқа жетіп тынады. Ойланып  қарасаңыз, барлығы бір тамшыдан бастау алған. Осы арқылы біз жоғарыдағы мәселеміздің мәнін түсінеміз. Тамшының мұхит бола алмайтынындай, адамның да құдай бола алмайтыны анық. Бірақ тамшы мұхитқа қосылса, енді ол мұхиттың суы болып есептеледі. Сол секілді адам да құдайлық рухқа қосыла алған болса, оның айтқан сөзі құдайдың сөзімен пара-пар болады.

Ал енді құдай мен адам ортасында перзент бола алады деген түсінік иудейлерге оларға билік жүргізген римдіктер арқылы жетуі мүмкін. Рим және грек мифологиясындағы шешесі адам, әкесі құдай батырлардың культі күшті болғаны тарихқа аян. Ғайса пайғамбарды да осы «әдіспен» дүниеге келтіру кейінгі жұрттың шығармашылық «жемісі» болу керек.

Ғайса пайғамбардың уағыз-насихатының ұлық ұстыны – қарымтасыз мейірім мен шартсыз махаббат. Оның айтуынша, көрініп тұрған бауырыңды сүймей жатып, көрінбейтін құдайды сүйемін деу – өтірік.

«Сонда оған діндарлардың біреуі сұрақ қойды.

–  Ұстаз, құдайдың ең маңызды өсиеті қандай? – Ғайса былай деп жауап берді:

– Жаратушыңды жан-діліңмен жақсы көр, санаңмен сүй. Бұл – бірінші һәм ең ұлы низам. Екіншісі – соған мазмұндас: жақыныңды жаныңдай жақсы көр. Күллі пайғамбар сенімі осы екі өсиетке негізделген» (Матфей, 22: 35-40)

Бұған қоса, адам ешкімнен ештеңе талап етпей ізгілік жасауға ұмтылу керек. Жұпарлы жұмақты, ондағы кәусар бұлақ пен мәуелі ағаштарды дәме ете отырып, кісіге жақсылық жасамау керек. Бұл әрекет сенің жүрек қалауыңнан шығу керек деп түсіндіріледі.

Сондай-ақ Ғайса «қанға – қан, жанға – жан» деген ұстанымнан алшақ болуға шақырады.  «Біреу сенің жейдеңді сұраса, оған шапаныңды да шешіп бер» дейді Інжілді ілкі аятында (Матфей, 5:40 ). Тіпті сынықтық танытып «оң бетіңді ұрса, сол бетіңді де тос» деп насихат етеді (Матфей, 5:38).  Бұл адамның нәпсісін, яғни ішкі «менін» күйретіп, жоғарыда айтқан құдаймен болмыс бірлігіне тұтасуға жол ашатын рухани қарекеттер.

Хакім Абайдың «Адамзаттың барлығын бауырым деп сүю» концепиясы да Ғайса пайғамбардан жалғасып, Мұхаммед пайғамбармен толықтырылған рухани ұстаным екенін байқауға болады. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» еңбегінде де осы нәрсе баяндалады. «Уа, достар, адам өзін-өзі анық таныса, жаратқан Алласын да біледі, Алланың өміріне де мойынсұнады. Сол себептен Пайғамбарымыз саллалаһу ғалейһис-сәләм айтқан: «ман арафа нафсаһу фа кад арафа раббаһу». Мағынасы: бенде өзін анық білсе, Алла тағаланы да анық білер деген. Және Ғайса ғалейһис-сәләм айтқан: біреудің көзіндегі шөпті алмақ болсақ, әуелі өз көзіңдегі ағашты алып таста деп. Мұның мағынасы: өз міндеріңді тазартсақ, кісінің мінін айтып ұқтыруға, кісіні түзетуге сонда жарарсың деген».

Хош, ойымызды қорыта келе неміс ақыны Готхольд Лессингтің мына бір сөзін ойымызға тиянақ еткіміз келеді. Ол айтады: «Дін – әулиелер насихаттағаны үшін ақиқат емес. Керісінше, әулиелер дінді ақиқат болғаны үшін насихаттады».

Асылында бір ғана күннің әртүрлі терезеден жарық шашатыны секілді құдайдан түскен әрбір дін адамзатты татулыққа шақырып, мейірім-мен махаббатты уағыз етеді. «Адамдардан айырмашылық іздеме, ұқсастық ізде» деген хакімдердің өсиетіне сүйеніп, христиан мен мұсылман міллетінің рухани байланысы туралы қозғаған ойымыз осы-дүр.