Білім • Кеше

Байыптау мен айыптаудың арасы

47 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

«Болашақ» бағдарламасымен қаншама мыңдаған жас шетелде білім алды. Бұл өз кезегінде еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға айтарлықтай ықпал еткені анық. 30 жылдан аса тарихы бар стипендияның шарттары, талаптары жыл өткен сайын заман ағымына қарай жетілдіріліп, өзгертіліп отырды. Соған қарамастан осы бағдарламаны үйлестіруші ұйымға, жұмысына, жалпы бағдарламаға қатысты оң көзқарастармен қатар, сыни пікірлер де толас­та­май келеді. Жақында тағы да шу шықты, біз бұны да байыптап көрдік.

Байыптау мен айыптаудың арасы

Тіл түйткілдің түйіні ме?

«Болашақ» бағдарламасымен оқуға тапсырған үміткер Жасұлан Темірбаевтың әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы қызу талқыға түсті. Ол өткен қара­ша айындағы әңгімелесу кезінде оған орыс тілінде акцентпен сөйлегені үшін Қазақстанды ұятқа қалдыратыны туралы айтқанын жазған.

Мәселеге орай біраз «Болашақ» түлегімен тілдестік. Соның бірі – Мәншүк Шымырбай 2023 жылы ақпанда қабылданып, Америкада білім алып келді. Стипендия иегері бізге оқуға тапсыру да, сұхбаттасу да толығымен онлайн болғанын, сұхбат басталғанға дейін аты-жөнін жазбау керегін, тек қана әріп не сан жаза алатыны өте қатаң ескертілгенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл – сол адами факторды араластырмаудың амалы.

«Жалпы, сұхбат кезінде үш тілде сұрақ қойы­­лады, қай тілде сұраса, сол тілде жауап беруді айтқан. Менімен 5 адам әңгі­ме­­лесті. Соның төртеуі қазақ тілін­де, ал біреуі ағылшын тілінде сұрақ қойды. Орыс тілінің қажеті болған жоқ. Сұрақ­тар таңда­ған мамандығымның аясында болды, ең негізгі екпін қойылғаны «Болашақпен оқып келуіңізге мұрсат бердік делік. Сосын келгенде елге қандай пайда­ңыз тиеді?..» деген сұрақ болды. Шыным­ды айтсам, бұл сұрақ Америкада оқып жүр­генім­де бір сәтке де көкейімнен кеткен жоқ. «Алмақтың да салмағы бар» деген. Әлі де иығымда тұр. Негізі тілге қатысты дауды орыстілділердің өзі туды­рады-ау дей­мін. Себебі мен тани­тын бірнеше орыс­тілді әріптес «Бола­­шақ­қа» тапсыруға «Қазтест­» сынағынан өте алмау­­дан қорқатыны кедергі еке­нін айтатын. Жеке басым тілге қатысты еш түйт­­кіл, қақ­пай­лау көрмедім», дейді М.Шы­­мыр­­бай.

 

Тіл дегеннен туады

Ал аты-жөнін жазбауды өтінген «Болашақты» бітіруші отандасымыз тілге қатысты тағы бір түйткілдің шетін шығарды. Ол Америкаға білім қуып барғандар онда ағылшынша емес, орысша оқып жүргенін айтты.

«Мен оқуға тапсырғанда маған бір сарапшы орыс тілінде сұрақ қойды. Мен Америкада білім алуды таңдап отырғандықтан, ағылшынша жауап беруді дұрыс көріп, тоқтамай ойым­ды айтып шықтым. Сарапшы ма­ған қарамай, теріс бұрылып отырды да қойды. «Болашақтың» қызметкері емтихан алып отырған сарапшылардың ағылшынша түсінбейтінін, сол себепті қазақша айту керегін жеткізді. Сөйтіп, алдында айтқанымды қайтадан қазақ тілінде баяндап бердім. Менімен қатар барған жерлестерімнен байқағаным, ағылшынша керемет білмесе де, түсіп, әйтеуір оқып, онда да АҚШ-та орысша білім алып жүрді. «New York Film Academy»-де орысша оқытатынын аңдағам. Сонда орталық түсушілерден несіне ағылшын тілін білуді талап етеді деймін де. Тағы бір айта кетерлігі, «Болашақ» орталығы түлек ретінде маған айына бір рет орысша хат жазады, қазақшасын сұратамын, кейде жібереді, кейде жібермейді. Оның үстіне Американың елшілігінде «Қазақстаннан қанша адам оқып кетіп жатқанын, бірақ солардың туған жеріне барып қандай нәтиже беріп жатқаны туралы ешқандай ақпарат жоқ. Бітпейтін есеп», деген мағынада сынды да естігенмін. Негізі бір түйгенім, алпауыт ел бізді орыстілді деп қабылдайды, бізбен ағылшынша емес, қазақша да емес, орысша сөйлесе кететіні сондықтан. Бұған ағылшынтілді елге барса да, ағылшынтілді елмен байланыс орнатса да сөйлеуге, сөйлесуге, оқуға орыс тілін таңдауды қолай көретіндер «үлес қосып келеді». Бұл – менің ойым», деді аталған стипендия иегері.

Біз жоғарыда аты аталған Мәншүк Шымырбайды спикер ретінде бекер таң­дамадық. Себебі ол атын ашық көрсе­ту­ді қаламаған бітірушінің сынындағы «New York Film Academy» -де білім алып келді.

«Әлемнің бірнеше елі мен АҚШ-тың өзінде «New York Film Academy»-дің Нью-Йорк, Маями және Лос-Анжелесте филиа­лы бар. Осылардың ішінде Нью-Йоркте журна­листика мамандығы бойын­ша орыс тілінде білім алу мүмкіндігі қарас­тырыл­ған. Мен Лос-Анжелесте оқы­дым, мұнда орыс тілінде оқытпайды. Сон­дық­тан то­лық ағылшын тілінде білім алдым. Ал орыс тілінде оқыған және оқып жат­қан әріп­тестердің көбін танимын. Бір айта кетер­­лігі, орыс тілі бөліміне түскеніне қара­­мастан, олар Нью-Йоркте камераларын арқалап, барлық материа­лын ағыл­­шын тілінде түсіріп, жазып жүр. Аме­­ри­­када практикаға басымдық бере­ті­ні­нің нәти­жесінде оқып та, сюжет жасап та үлгеру – жетістік», деп жауап берді М.Шы­мыр­бай.

 

Мәселенің мәнісі немесе призма

Әркім, әлбетте, белгілі бір мәселеге өз призмасынан қарайды. Дегенмен кейде көпке ортақ немесе біраз адамға таныс тақырыпқа әр қырынан қарап көр­ген­де мәселенің мәнісін аша түсетіндей көрі­неді. Даудың басы үміткердің жазбасы болғанымен, әрі қарай талқылаулардың ауқымы кеңейіп кетті. Соның бірі – елге белгілі тұлғаның «Болашақ» стипендиясын тағайындауда тамыр-таныстықтың ба­сым болып кететіні туралы сын. Мұ­ның да себебін сұрап біраз спикерді сөй­лет­тік. Соның ішінде ойға қонған уәж – «Бола­шақ­пен» Англияда магистратурада оқып келген Еркежан Айтқазының пікірі секілді.

«Кейде бір үміткердің «IELTS» балы екінші бір үміткердікінен жоғары болса да, түсе алмай қалуы мүмкін. Бұған түрлі фактор әсер етеді. Мысалы, ағылшын тілінің дең­гейі төмен бола тұра түсіп кеткен адам­ның оқуға тапсырған университетінің рейтингі немесе шақыртуы, болмаса әңгімелесу кезіндегі салмақты жауабы мен елде сұранысқа ие мамандығы, таңдаған тақырыбына қарай бағы жанған болуы мүмкін. Жағдай әртүрлі. Айталық, менің бір жақын танысым сұраныстағы атом қауіпсіздігі саласын таңдап тұрса да, түсе алмады. Өйткені тура сол бағытқа талас көп еді. Негізі оқуға тапсыру кезінде, меніңше, таныстыққа тарту қиын. Өйткені мен тапсырғанда емтихан алушының аты-жөнін білген жоқпын, тіпті маскімен отырғандары да болды, сол себепті түрін де танымайсың, ол да менің аты-жөнімді білмеді, үміткерлер тек нөмірмен белгіленді. Барлық әңгімелесудің видеосы қорда сақталып тұр, алдап кету мүмкін емес, күдіктенсе, сол видеосын алып көруіне де болады. Бәлкім бұрын танысыңды салып өтуге болған болар, бірақ қазір бәрі цифрланған ғой, бүкіл құжат, үміткердің мәліметі Ашық үкімет порталына жүктеледі», дейді Е.Айтқазы.

Оның айтуына қарағанда, «Болашақ» талабы бойынша кейбір үміткерлер басқа қарсыласына қарағанда төмен балмен түсуге құқылы. Мәселен, техникалық мамандықтарға тапсырған талапкерлер IELTS балы 6 я 6,5 емес, 5,5-пен түсе алады. Бірақ олар бірден магистратураның бағдарламасын бастап кетпейді, алдымен тіл курсына түседі, соны бітіріп барып магистратура оқиды. Мұны оқуға түсе алмай қалған гуманитарлық бағыттағы үміткер тамыр-таныстық деп ұғуы мүмкін.

 

«Болашақтың» бергені мен берері

Айналамызда «Болашақпен» бітіріп келгендер көп. Олардың қатарында ілім іздеп шетел асқан еңбегі еленгендері де, сөйтіп жақсы қызметке көтеріліп, жемісті жұмыс істеп отыратындары да бар, бәз баяғы қалпына түсіп, жалақысының жарым тиынға да өспегеніне қынжылатыны да кездеседі, докторантурада оқуын жал­ғас­тыратындардың «Маған сол стипендиясы керек қой, әйтпесе айлықпен күн көре алмайсың» деп ашық айтатындары да, бір табысқа күнелту мүмкін емесін мойын­дап, жеке кәсіпке кеткендері де, екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз жүргендері де жолығады. Сондайда «Біз осы бағдарламамен бітірген талай кадр­­­дың әлеуетін жеткілікті пайдалана алып отыр­мыз ба?» деген сұрақ мазалайды. «Бола­шақ­тың» бергені қандай, берері қайсы? Түлек­тер шетелден алған білімін елде қол­да­на алып жүр ме? Сұрақтан сұрақ туады.

Стипендиат М.Шымырбай бұл сауал­дар­ға: «Болашақпен» білім алғанда үйрен­генім көп. «Жеңіл барып, ауыр қайттым» десем де болады. Менің таңдауым кино және телевизия продюсері мамандығына түсті. Ондағы оқу бағдарламасының нақ­ты практикаға құрылатыны ұнады. «Про­дюсер әмбебап болуы керек» деген­ ұста­ныммен камера, жарық, дыбыспен жұмыс істеуден бастап, монтаж, сценарий жазуға дейін үйрендік. 20 жылдан аса теле­видениеде істесем де, режиссер ретінде бірінші рет командамен жұмыс істеп көрдім. Алған білімімді елде қолдануға келсем, елімізге жаңа идеялармен, жаңа біліммен, академия ұстаздары миымыз бен жүрегімізді толтырып берген жігермен, қазіргі тілмен айтқанда, мотивациямен келгенім анық. Енді идеяларды нақты контентке, өнімге айналдыру керек. Бұл үшін әрине инвестиция тарту қажет. Холливуд бұл мәселені заңмен реттеп қойған. Ал біздің елімізде, өкінішке қарай, продюсер жобаға қаржыны жоқтан бар құрай жүріп тартады, қатты айтсақ, тіленшінің күйін кешеді. Осы ретте жаңа жобаларыма инвестор қажет екенін құлаққағыс қыла кетейін. Практикаға келсек, қаншама жыл жаңалықтарда істеп келдім. Жуырда өзім қызмет ететін арнаның контент қабылдау қызметіне ауыстым. Бұл жұмыс шетелде оқыған мамандығыммен тікелей байланысты. Бағдарламалар, деректі фильм, сериал­дарды көрерменге сапалы ұсынуды көздейміз. Аудиторияны мазмұнды, берері бар дүниемен қамту – басты мақсат», деп жауап берді.

Ал Е.Айтқазы бұл мәселеге келгенде түлектердің шетелде алған білімін елде пайдалану, кәдеге жаратуы көбіне оқыған мамандығына байланысты екенін жеткізді. «Мен, мысалы, «Медиа және халықаралық даму» бойынша оқыдым. Өзім оқыған Англияда медиа даму бағытындағы беделді ұйымдар көп және бұлар – бүгін ашылып, ертең жабылып қала салатын емес, кәдімгідей тарихы, мақсаты мен стратегиясы бар, қалыптасқан ұйымдар. Магистратурада дәл сондай ұйымдардың жұмысын, мұндай мекемелерді қалай құру, қалыптастыру керегін зерттедім. Біздің елде де медианы дамыту ұйымдары бар, бірақ бірнеше елдің осы бағыттағы жүйесін зерделеген білімімді қолдана алатын, соған мүмкіндік беретін жер шақыра қоймады. Болса, міндетті түрде барар едім, өйткені теория басқа, практика басқа. Сөзімнің басында мамандығына байланысты дегенім осы, бұл ретте ІТ, медицина, педагогика бойынша білім алып келгендерде шетелдегі түйгенін бірден іс жүзінде пайдалануға, тәжірибеде іске асырып көруге мүмкіндік мол», дейді ол.

 

Жауапты ұйымдардың жауабы

Біз осы бағдарламаны үйлестіруші ұйымға, яғни «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығына бірнеше сұрақпен шықтық. Бір жұма күттірген жауапқа сүйенсек, осы уақытқа дейін аталған бағдарламамен 12 727 маман дайындалды. Қазір 28 адам жұмыс іздеп жүр. Бұл бүгінде өз міндетін атқарушы­лар тізіміндегі 2 401 түлектің 1,17 пайызын құрайды. Сауал-хатымызда орталықтан «Түлектер елге келгеннен кейін қанша уақыт аралығында жұмыс іздейді?» деп сұрағанбыз, бұған жауапты ұйым түлектің оқу бітіріп елге келген күнінен бастап ­6 ай ішінде жұмыс табуға міндетті екенін, таппаған жағдайда орталыққа хабарласып, жұмысқа тұруға болатын мекемелердің тізімін ала алатынын жазды. «Елде міндетті жылын жұмыспен өтеп болған соң, қанша адам әрі қарай да елде қалды?» деген сұра­ғымызға «Бақылауымыз бен кері байланыс бойынша түлектердің басым бөлігі елімізде қалып, қоғам мен экономиканың дамуына үлес қосып отыр», деп жауап берді. Ал «Болашақпен» оқуға түскенде қай тілді жетік меңгергеніне басымдық берілетінін сұрағанымызға оқу тілін жетік білуі міндеттелетіні айтылған.

Айтпақшы, Жасұлан Темірбаевтың жазбасын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хайпқа теңеді. Министр үміткердің тест тапсыру кезіндегі видеосын өзі қарап, орыс тілін акцентпен сөйлегені үшін елді ұятқа қалдыраты­­ны туралы сөз айтылмағанын анықтаға­­­нын айтады. Осыған қоса С.Нұрбек журналистерге берген жауабында видеоның да алдағы уақытта ашық жарияланатынын, сарапшының құжат жүзінде рұқсатын алу мәселесі кезек күттіріп тұрғанын жеткізген. Кейін сол үміткер өзінің парақшасында «Болашақ» орталығының басшысымен кездескенін, көп сұраққа жауап алғанына алғыс білдіріп, өрескел қателік кетсе, жұрттың кешіруін сұрап жазба жариялады. Біз алғашқы шу болған жазбасына «Неліктен бұл туралы тапсырып шыққан сәтте, яғни қарашада айтпадыңыз?» деп сұрақ қалдырғанбыз, алайда көп адамға жауап берген үміткерде бірнеше күн ішінде біздің сауалға кері байланыс болмады. Шындығында, сыни ойлай алатын санада «Үміткер әңгімелесуден 2 ай бұрын өтті. Бірақ сол сәттегі оқиғаны нәтиже шыққаннан кейін ғана айтты. Сонда оқуға түсіп кетсе, бұл туралы жақ ашпай қоя ма?» деген сауал мазалары сөзсіз...

Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да қар көшкіні жүреді

Табиғат • Бүгін, 11:28

Тылсымға толы Шал тауы

Талбесік • Кеше

Театр тұйғыны

Театр • Кеше

Киелі күй иесі

Тұлға • Кеше

Сапаға мән береді

Еңбек • Кеше