Мирас • Бүгін, 08:10

Қыран бүркіт түрлері

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ құсбегілері қыран бүркіттің сыртқы бөгенайы мен түр-түсіне, үлкен-кішілігі мен табиғат сыйлаған жаратылыс пошымына қарап, оның қандай жердің құсы екенін дәп басып айтып бере алады.

Қыран бүркіт түрлері

Ұшып жүрген бүркіттің түр-түсіне қарап-ақ оның ұя салып, өсіп-өнген мекенін ажыратқан. Мысалы, биік құзға ұя салған бүркіттің балапаны қаракер, көксұр да, бетбақты өңірге ұя салған бүркіттің балапаны қызыл жирен, т.б. дегендей.

Қарапайым бұқараның орни­тологиялық танымында қыран құстарды түрге бөлу мен түстеудің алуан түрлі жол­дары бар. Атап айтқанда, қыран құс­тарды табиғи жаратылысы мен бітіміне қарай үлкен қыран және кіші қыран деп екі түрге бөліп қараса, аң қағу сипатына қарай: аңды жерде бүріп ұстайтындар және аспанда теуіп, түйіп ұстайтындар деп тағы да екі түрге бөліпті.

Аңды жерде бүріп ұстайтындар қата­рына олжасын қара жердің бетін­де бүріп ұстайтын бүркіт және бүркіт тектестерді жатқызады. Қазақ құсбегілері ондай құстарды аушы құстар деп атап, онымен аң қағуды аушылық деп бағалаған. Олжасын ауада теуіп немесе ұрып-түйіп ұстайтын екінші топты – сұңқар, қаршыға, лашын, ителгі сияқты шағын қырандар құрайды. Осы бір дене-тұрқы шағын қыран құстарды көрнекті ғалым Ә.Марғұлан мен танымал этнограф Ж.Бабалықұлы «шәулі қырандар» деп атапты.

Біз де жоғарыдағы зерттеушілер тұ­жырымын негізге алып, бұдан былай бүркіттен басқа ұсақ қырандарды «шәулі қырандар» деп жазуды жөн көрдік. Сондай-ақ еліміздің шығыс өңірінде бүркіттің аталығын (еркегін) сарша немесе бұқатана деп атайтын дәстүр бар. Ал Тарбағатай – Жетісу өңірінің құсбегілері денесі кіші қырандардың бәрін түгелдей «шәулі» деп атайтын дәстүр қалыптасқан. Бұны да ескерген жөн. Бір қызығы, «шәулі» атауы ел арасында болсын немесе құс­бегі­лік өне­рі туралы зерттеп жүр­ген эт­ног­рафтар тарапынан да әлі бірізділікке түсе қойған жоқ.

Осы орайда, «шәулі» атауы туралы байөл­келік құсбегі Тотай Сауыржанұлы 1990 жылы жарық көрген «Құсбегі» атты монографиясында былай деп тарқатады: «Бүркіттің еркегін шәулі немесе сарша деп, ұрғашысын ұябасар дейді. Шәулі сарша бүркіттің сипаты – бақабастау, бітімі төртбақ, дене-тұрқы ұябасардан кіші, саусақтары бытығыр, қанат-құйрығы келте болады. Шәуліден өткір қыран шыққанымен ұябасарға жетпейді. Бүркіттің аталығы ішінде саршадан сәл үлкендеу түрі де кездеседі. Оны құсбегілер «бұқатана» деп айтады. Ол күйі келгенде бір-екі түлкі алуға жарайды» десе, Шыңжаң – Алтай өлкесіне танымал мініскер құсбегі әрі зерттеуші Шайқасын Жәңгірұлы: «Сарша де­геніміз – бүр­кіттің еркегі. Оның денесі қораш, топаны ша­­ғын, қуа­­ты аз, қор­­­қақ, нәсіл­сіз ке­ле­ді. Сар­ша­ның түлкіге әлі жет­­­пейді, ұсақ қоян, тышқан сияқты жән­­діктерді ұстап жеп күнелтеді. Қазақ құс­­бе­гілері бұқатана мен саршаның тегін шәу­ліге телиді» деп жазыпты.

Алтай – Қобда беті құсбегілерінің танымында «алымыр құс» деген ұғым бар. Осындағы «алымыр» сөзі жүректі қыран құстарға қарата айтылады. Бұл топқа: етқоректі жыртқыш құстар бүркіт, сұңқар, қаршыға, ителгі, лашын, т.б. жатқызады. Шыңжаң – Алтай өлкесіне танымал зерттеуші Қали Бөлешұлы құрастырып, 2009 жылы Іледе жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі құсбегілік өнері» атты кітапта: «Алымыр құс деп – өзінен үлкен затты көтеретін құмырсқа сияқты, өз денесінен салмағы ауыр аң-құсты аулай ала­тын үлкен-кіші қырандарды айтады», деп жазған екен. Осы тұжырымға қараған­да қазақтар аушы құстар ішін­де тек қырандарын ғана алымыр деп атаған сияқты.

Қазақ құсбегілері бүркіттің өсіп-өнген мекен-тұрағы мен өңірдің фаунистикалық ерекшеліктеріне қарай қыр құсы, тау құсы, ой құсы деп бөледі.

Қыр құсының сипаты – сыртқы жүндері қара барқын тартып, қанат-құйрығындағы ақ теңбілдері ашық көрініп тұрады, дене бітімі кішілеу келеді. Бұл бүркіттің ақиық, көксеңгір, ақсеңгір, қырағы, т.б. түрлері бар.

Тау құсының сипаты – денесі ірі, кеудесі кең, иықты, екі аяғының арасы алшақ, жауырыны сыртқа теуіп шығып тұрады, мойын жүні мен балақ жүні салалы болады.

Ой құсының сипаты – ықшам, шебер ұста шапқан ердей жинақы бітімді, иықты, аңғарлы, ауқымды, кесек тұлғалы көрінеді. Бұл топқа мұзбалақ, төртперен, төртсары, т.б. бүркіттер жатады.

Соңғы жаңалықтар